Өнер – барлығына беріле бермейтін бақ, тіпті кейбіреуге қол жетпес арман. Десек те бұл жол талайдың бағын жандырып, бақытын еселей алатын «сиқырға» ие. Осы орайда музыка өнерінің жұлдызы Шынболат Ұзақбаевпен сұхбат құрып, ән әлемі жөнінде сыр шерткен едік.
– Сұхбатымызды өнер жолыңыздың қалай бастау алғанынан бастасақ… Музыкаға қызығушылық қалай пайда болды? Қандай жанрды жаныңызға жақын көресіз?
– Мен балалық шағындағы арманына жеткен жанның бірімін. Кішкентай кезімде көгілдір экраннан «Жігіттер», «МузАрт» тобын көп көрсетуші еді. Әсіресе «МузАрт» тобының әндері өте мағыналы, сазы мен сөзі жағымды болатын. Құдды менің әнші болуыма түрткі болғандай. Түйсігіме ой салған осы өнер өкілдері еді. Қазақтың киелі сахнасында ән шырқасам, теледидардан мені де көрсетсе екен дейтінмін.
Мен кез келген әнді шырқауға бейіммін. Жанр таңдамаймын. Негізі бұл жақсы қасиет. Әр жанрдың өзіндік ерекшелігі бар, оны тыңдаушы да әртүрлі болады. Жанрды зерттеудің өзі бір керемет сезім. Қандай да болмасын әнді нақышына келтіре шырқай аламын. Бұған не себеп десеңіз, бірнеше жыл дыбыс жазу студиясында жұмыс істедім. Өмірқұл Айниязов ағамыздың тәлімін алдым. Бірнеше туынды шығару барысында оның дыбысын тазалап, өңдеуге атсалысқан болатынмын. Әрине, дыбыс жазу студиясында жұмыс істеген соң маған ешқандай жанр жат емес. Себебі түрлі ән, түрлі стиль, жанрды кездестіресің. Сол арқылы жанрдың түр түріне қолайлы «иммунитет» қалыптастырдым.
– Бастапқы өнер жолыңызда «Сейхун» тобының құрамында әнші болғаныңыз мәлім. Қазір бұл топ қайда? Неліктен топтан шығуға бел байладыңыз?
– Иә, бұрын халыққа «Сейхун» тобының мүшесі болып танылдым. Топта екі әнші болды. Халыққа көптеген әнімізді арнап, өнер көрсеткен болатынбыз. Кейіннен жеке шығармашылыққа басымдық беруді дұрыс деп шештік. Себебі топтағы әріптесім екеуміздің дауыс ырғағымыз, жалпы ән айту машығымыз екі түрлі болды. Менің дауысыммен үйлесім тапқан ән оның дауысына, ырғағына ыңғайлана алмайтын кездер көп болды. Бұл тыңдарманға жақсы туынды сыйлауға кедергі еді.
– Көптеген хит әнді шырқап жүрсіз. Сізді танымал етіп, «бағыңызды ашқан» туындыңыз туралы айтып берсеңіз…
– Менің Шынболат есімімді көпшілікке танымал еткені «Жүрекке жасырынған жан» атты әнім деп ойлаймын. Сазының авторы – Жандос Қаржаубай, ал сөзін қызылордалық ақын Айдар Сайлауов жазды. Ол кісімен концертте кездескен едім… Шығу тарихы туралы айта кетсем. Сыр еліне ат басын бұрып, өнердегі әріптесім, өмірдегі досым Нұртуған Жаңабайдың концертіне келген болатынмын. Шығармашыл тұлғаның шабыты күтпеген сәтте келе қалады емес пе? Киелі сахна төрінен өнер өкілдерін көріп, біршама шабыттанып қалдым. Концерттен кейін сол жандар арасынан Айдар ақынға «өнерде жолымды қалыптастыратын тамаша өлеңіңді берші» деп қолқа салдым. Шүкір, оның сыйға тартқан өлеңінің арқасында халыққа жеке әнші ретінде танылдым деп айта аламын.
– Қазақта – той көп. Кез келген қазақ шоу-бизнесінің өкіліне бұл ұғым таңсық емес. Десек те кейбір әншілердің той үшін сұрайтын құны қымбат. Осы орайда өнер өкілі ретінде қандай пікір білдіре аласыз? Өзіңіз тойдан қанша табыс табасыз?
– Той – халықтың қазынасы. Арасы алыстап кеткен ағайын-туыс, бауырдың басын қосатын керемет мереке. Бүгінде шоу-бизнесте жарық жұлдыздар көп. Олардың тойдан алатын «рақметінің» құны да сондай жоғары. Мәселен, кеше ғана танылып, күні бүгін жұлдызға айналған жастардың сүйіктісі Садраддиннің өзі тойда өнер көрсету үшін 6-7 млн теңге сұрайды. Алайда тойда өнер көрсеткісі келмейді екен. Табыс көзін әлеуметтік желі арқылы да тауып отыр. Тойдың әншілері бөлек. Біреулер тойда хит болу үшін ән жазады, ал біреулер әлемдік чарттардан көрінсем, платформалар арқылы танымал болсам дейді. Негізі тойға шыққысы келмейтін әншілердің сұрайтын құны жоғары болады. Десек те соған қарамастан тойына қонақ қылғысы келетіндер аз емес. Маған келетін болсақ, әзір жоғары бағада тойда өнер көрсетпеймін, ал болашақты уақыт көрсете жатар. «Қаражатым аз, бірақ тойымда өзіңді көргім келіп еді» деушілер көп, мұндайда сөздерін жерде қалдырған емеспін. Себебі бұл жердегі мәселе ақшада емес. Менің де мақсатым тойда емес, сахнада ән шырқау.
– Қазір талантты өнер иесі де, бағы жанған әнші де көп. Көптің бірі болып қалмас үшін не істеу керек? Қазіргі қазақ музыка өнері сіздің көңіліңізден шыға ма?
– Расымен, бағы жанғаны да, таланттысы да көп. Бірақ көп әншілерді бақылап отырсаң, жеткен жетістіктерінің бәрі таза еңбектің арқасында. Тәуліктегі уақытын өнер жолында өзіндік із қалдыру үшін пида етіп жүргендердің еңбегі еш кетіп жатқан жоқ. Оны көріп жүрміз. Қазір кім көп, сын айтып, мін тағатын «таланттылар» көп. Талантты тығып қойып, өнерде тырбанып жүргендердің тырнағының астынан кір іздейді. Бұдан не пайда, не қайыр? Рас, қазір сәл дауысы болса ән жазып, жарыққа шығарады. Бірақ оның да астарында қанша еңбек, қаншама қаражат жатады. Өкініштісі, мұны ешкім ескермейді.
Музыкада шектеу жоқ. Кез келген ән тыңдаушысын табады. Қазақтың әні шетелде де шырқалуда. ИК-ның, Kalifarniya-ның әндері мұхит асып үлгерді. Міне, осы жетістікке қуанып, қолдау білдіруіміз керек. Себебі қазақ музыкасын дамыту үшін бұл маңызды.
– Жуырда «Жүрекке жасырынған жанның» бейнеклипі жарық көрді. Байқасақ, бейнеклиптен өнердегі әріптесіңіз әрі қызылордалық Әлімжан Кеңесті көрдік. Тілекші достарыңыз бен әріптестеріңіз туралы айтып беріңізші…
– Бейнебаянды шығаруға өзімнің достарым мен жақындарым көмектесті. Солардың бірі – өнердегі досым Әлімжан Кеңес. Өзінің актерлық шеберлігін танытып, туындының сәнін келтірді. Оған рақметім шексіз. Сондай-ақ актриса ретінде қазір көгілдір экрандардан көп көрініп жүрген Сабина Мовлаева есімді қыз таңдалды. Бейнебаянның жақсы қаралым жинағаны осы Сабинаның арқасында деп ойлаймын. Ал жалпы бейнебаян туралы айтатын болсам, махаббат деген ұлы сезімге арналған бұл туынды нүктемен емес, үтірмен аяқталды…
– Алдағы уақытқа жоспарыңыз қандай? Тыңдармандарыңызды қашан қуантасыз?
– Алдағы уақытта тыңдармандарымды қуантатын «үлкен» жоспарым бар. Оны уақыты келгенде бөлісетін боламын. Ал әзірге сиясы кебе қоймаған туындыларым көрерменге жол тарту үшін өз кезегін күтуде. Жуырда шығатын әндерім төрт стильде болмақ. Өзгеше жанрда жарық көреді. Күтіңіздер!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!