Әлем сандық ақпа­рат­тар ағымымен болашаққа ілгері жылжып келеді, яғни IT саласының маманынсыз болашағымызды елестету мүмкін емес. Болжамдарға сүйенсек, 2030 жылға таман бірнеше жаңа мамандықтар қалыптасады әрі барлығы технологиямен тығыз байланыста болады. Себебі бүгіннің өзінде IT саласына қызығушылық танытатындар саны артуда. Солардың бірі – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Тамшыбай Ибраһим Сағатұлы. Ол «Smart glasses» құрылғысын ойлап тапқан.
Жоба қалай аталады, оның ерекшелігі неде? Тиімділігіне тоқталыңызшы…
– Жоба «Smart glasses» деп аталады. Басқа құрылғылардан басты айырмашылығы, бұл оның кедергіге арақашықтықты дыбыстық сигнал немесе вибрация арқылы емес, қазақ тілінде сипаттайды. Әрине, осыған ұқсас құрылғылар бар және олар қазіргі таңда сатылымда, бірақ «Smart glasses» экономикалық тұрғыдан тиімді. Мысалы, ультрадыбыстық фонарь Сонар-5УФ-В1 құрылғысының бағасы 124,27$, ал біздің құрылғының бағасы 15$-дан аспайды. Практикалық тұрғыдан «Smart glasses» кедергіге дейінгі арақашықтықты қазақ тілінде жеткізеді, бұл құрылғыны ыңғайлырақ және сенімдірек қылады, себебі көбі диктордың дауысына көбірек сенеді.
Жобаны жүзеге асыруға қанша уақыт кетті?
– Өзім қатарлы достарымның әр түрлі жобаны қолға алып жүргенін көремін. Оларға қарап қуанып, қызығушылық танытамын. Олардың сабақ үлгерімі де жақсы, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Әңгіме барысында жобалары жайлы, ІТ саласына қызығушылығы турасында әңгімелесеміз. Сол кезде байқағаным бір жобаны жасау үшін айтарлықтай уақыт кетеді. Алдымен идея туады, ол жүзеге асады. Әрі қарай дамытуға уақыт керек. Мәселен, менікіне 2 ай уақыт кетті. Десе де бұл құрылғымен жұмыс істеу ауыр болған жоқ.
Бүгінгі таңда көз ауруы екінің бірінде бар. Бұл әрине телефонға тәуелділіктен бастау алады. Сіздіңше көзді қалай қорғауға болады?
– Ең алдымен көз дәрігеріне жиі көрініп, дәрігер берген нұсқаулыққа сүйену керек. Оның үстіне көзді телефоннан, компьютерден қорғаған жөн. Қолымыздан смартфон түспейді. Зардабын өзіміз тартамыз. Ғаламтор арқылы жаттығуларды көріп, соны орындау қажет деп санаймын. Өзім де солай істеймін. Компьютермен жұмыс істеген кезде 2 сағат сайын үзіліс жасаймын. Бұл құрылғы көзі нашар көретіндерге арналғаны белгілі. Мен көз жанары мүлде көрмей қалғанда қайта қалыпқа келмейтінін білемін. Сондықтан немқұрайлық танытпауға шақырамын.
– Ақылды көзілдірік алдағы кедергіні хабарлама арқылы айтып отырады екен…
– Ультрадыбыстық датчик кедергіге дейінгі арақашықтықты анықтайды, егер де қашықтық 3 метр болса, МП3 модуль арқылы керекті хабарлама оқиды. Жүріп-тұру қиынға соқпайды. Себебі алдында кішкентай зат болса да хабарлайды. Ультрадыбысты тетік, өз алдында тұрған нысанға дейінгі қашықтықты өлшей алады. Ол, шағылысқан дыбыс тетікке қайта оралуы үшін қажетті уақытты өлшеп, дыбыстық толқындарды жібере отырып орындайды. Нысанға дейінгі қашықтықты дюйм немесе сантиметрмен өлшеуге болады.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!