− Айбек, сіздің күнделікті спортпен айналысатыныңыздан хабардармыз. Спортшы болу бала күнгі арманыңыз ба әлде денсаулығыңыз үшін мән бересіз бе? Жалпы жаттығу жасап, саламатты өмір салтын ұстануды қашаннан бері дағдыға айналдырдыңыз?
− Спорт бала кезгі арманым десем жалған болар. Балалық шақта тек футбол ойнауға ден қойдым. Қазақтың “ Ден саудың − жаны сау» деген сөзін жақсы білесіздер. Менің де өмірлік ұстанымым осы. Сол үшін күнделікті жүгіремін. Белтемірде жаттығу жасаймын. Мұндай белсенділікті қазіргі қызметім де талап етеді. ҚР Қарулы күштерінде әскери қызметші болған соң спортпен айналысуды дұрыс деп санаймын.
− Спортқа тұрақты көңіл бөлу үшін уақытты қалай жоспарлайсыз?
− Күнделікті кешке уақытымды жаттығуға арнаймын. Ал демалыс күндері таза ауада таңғы салқынмен жүгіремін. Ұзақ қашықтыққа велосипед тебемін. Белгілі бір қашықтыққа жүгіруді меже етіп, сол мақсатқа жетуге талпынамын.
− Спорттың адам денсаулығына пайдасы көп. Бірақ кейде шамадан тыс дайындықтың немесе оған ара-тұра көңіл бөлудің кері салдары бар екені айтылады. Осы орайда арнайы мамандардан кеңес алдыңыз ба?
− Иә, кейде артық жүгіруден соң денеге шамадан тыс ауырлық түсетінін байқаймын. Бірақ алға қойған мақсатқа жетуге ештеңе кедергі емес деп ойлаймын. Арнайы мамандардан да кеңес алған емеспін. Себебі жеңіл атлетикаға маман көмегінің қажеті жоқ. Қазір ғаламтор арқылы іздегеніңізді табуға болады. Әмбебап спортшылардың түсірген бейнежазбасын қарап, сол кісілердің жасағанын қайталауға тырысамын. Мықтылардың межесіне, мақсатына жету арманым десем де болады.
− Спортпен айналысқалы қандай оң нәтижелер байқадыңыз?
− Спортпен жиі айналысатын адамда әрқашан жеңілдік сезімі болады. Денең қатаяды. Он екі мүшеңнің жақсарғанын сезінесің. Аурумен жақсы күресесің. Бұл бір мақсатқа жетудегі нәтиже деп түсінемін. Әрқашан көңіл күйің-көтеріңкі болады, өмірге деген көзқарасың да өзгереді. Үнемі спортпен айналысатын жан саламатты өмір салтын ұстанады деп ойлаймын.
− Қанша күннен бері халық әлемдік доданы бақылады. Ал сіз спорттың қай түріне жанкүйерсіз?
− Мен спорттың street workout түріне, бокс, және ережесіз жекпе-жек түріне жанкүйермін. Қазақстанның осы спорт түрлерінде жүрген спортшыларының жетістіктерін үзбей қараймын.
− Халықаралық спорт күнінің қарсаңында оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?
− Жастарға үнемі денсаулығын күтіп, саламатты өмір салтын ұстануға кеңес беремін. Қыс-жаз мезгіліне қарамастан, жұмысты қалай алып жүресіздер, спортты да солай өміріміздің бір бөлшегі санау керек деп ойлаймын. Өйткені қазір жастар ұялы телефонды, компьютерді көп қарайды. Бірақ оның пайдасына қарағанда зияны көп. Халықтың саны артып, дені сау ұрпақ көбейсін десек, кезіндегі ата-бабаларымыз секілді қымыз, шұбат ішіп, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысу қажет дегім келеді.
− Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!