Мұқтар НИЯЗОВ, айтыскер ақын:
Сыр еліне «Алтын домбыраны» әкелгеніме бақыттымын
Сыр елі сүлейлерінің сарқыты, айтыс өнерінің айтулы ақтаңгері Мұхтар Ниязовтың үшінші рет «Алтын домбыра» жүлдесін жеңіп алғаны жерлестері рухын бір көтерді. Облыс әкімінен бастап баршамыз әлеуметтік желі арқылы қуанышымызды білдірдік. Ең бастысы, «Алтын домбыра» қолымызда қалады. Нұр-Сұлтанда өткен “Алтын домбыра” аламан айтысында саңлақ бауырымыздың бәсі бәрінен жоғары тұрды. Оғланның оқ бойы озық екеніне әділқазының да, көрерменнің де көзі жетті. Сөйтіп, Мұхтар арқылы мерейіміз үстем болды, аймақтың аты алысқа шарлады. Біз жеңімпаз жерлесімізбен жедел желі арқылы байланысқа шығып, бірнеше сұраққа жауап алдық.
– Мұхтар аға, домбыра – қазақ үшін қасиетті музыкалық аспап, ол халықтың шері мен мұңын, қызығы мен қуанышын қос ішекке құбылысына сыйдырған. «»Алтын домбыра» тіпті құнды болып тұр. Бүгінгі заманда миллионер, миллиардер деген ұғым бар еді, енді алтынгер атануыңыз құтты болсын! Көңіл күйіңіз қалай?
– Рақмет, көңіл күйім тамаша! 2012 жылы ең алғаш «Алтын домбыраны» алып келген сәтте облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың қабылдауында болып, сол кезде сұхбат бергенмін. Сол сұхбатта «Алла қалап жеңістің басы басталды. Бұл қай уақытқа созылатыны беймәлім. Бірақ Алтын домбыраны түбі Сыр еліне алып келуді үлкен борыш санаймын» деп өзгеге де, өзіме де уәде бердім. Бүгінгі жеңісім соның өтеуі болғандай әсердемін. «Жалғыз ағаш орман болмайды» демекші, барша тілеулес ағайынға алғыс айтамын.
– Биылғы доданың ерекшелігі – көрерменсіз өтуі. Әлеуметтік желіде айтыс қалай өтті деген сауал көп. Жалпақ жұртқа беймәлім болған айтысқа аз-кем тоқталсаңыз…
– Әлемді әбігерге салған пандемия тек айтысқа емес, біраз шараның өтуіне кедергі болды. Тіпті 4 жылда бір рет келетін Олимпиада ойындарының келер жылға ығысуына ықпал етті. Тарихта мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Бірақ Мәдениет және спорт минстрі Ақтоты Райымқұлованың, Nur Otan партиясының бірінші төрағасы Бауыржан Байбектің ықпалымен, Жүрсін Ерман ағамыздың жанкештілігімен баба мұрасына айналған айтыс жоғары деңгейде өтті. қиын сәтте Алтын домбыраны екі кезеңге бөліп өткізді. Алдыңғысы қараша айында өтсе, екінші кезең желтоқсан айына жоспарланды. Айтыс Нұр-Сұлтан қаласындағы Nomad холда өтті. Бірінші кезең көрерменсіз өтсе, ақтық сайыста 60 адамның тікелей тамашалауына рұқсат етілді. «30 тістен шыққан сөз 30 руға тарайды» демекші, залда отырған қауым қалың жұртқа әлеуметтік желі арқылы айтыстың жаңалығын жеткізді деп ойлаймын.
– Аламанның шарты бойынша үш дүркін жеңімпаз «Алтын домбыраның» қожайыны атанады. Осы жеңіс сіздің өміріңізге қалай әсер етеді?
– Тарихтан екі дүркін Социалистік Еңбек Ері, бес дүркін Олимпиада жеңімпазы дегенді еститінбіз. Сол тарихтарды ұлы бір төңкеріспен, ұлы бір оқиғамен жасалатын шығар деп ойлайтынмын. Кейде өмірдегі үлкен тарихтар елеусіз қарапайым күндерде жасалады. Өмірдің қарапайымдылығы осынысымен құнды. Біздің де осындай тарихи сәтке ие болуымыздың себебі осында деп ойлаймын. Оғыз бен Сақ дәуірінен сыр шертіп, бүгінгі кезге дейін атына сын келтірмеген Сыр еліне Алтын домбыраны алып келгенім үшін өзімді бақытты санаймын. Бұл жеңіс өмірімді құлпыртып жіберуге үлес қоспаса да, рухани ләззаты жастарымыздың ұлт өнеріне қадам басуына ықпалы тиеді деп ойлаймын.
– Ақтық сында шығысқазақстандық Серік Қуанғанмен айтысып, қазылар алқасының қошеметіне бөленіпсіз. Қай жерде басым түстіңіз, қарсыласқа қай жерде есеңіз кетті?
– Ақтық сынға 20 ақын арасынан 8 ақынға жолдама бұйырды. Жеребе арқылы Серік Қуанғанмен айтыстым. Өзіме өзім баға бергеннен аулақпын. Серік – Абай атамыздың елінен келген өте талантты ақын. Биыл Абай атамыздың 175 жылдығына орай өткізілген 3 айтыстың бас жүлдесін қанжығаға байласам, соның екеуінің ақтық сәтінде Серік Қуанғанмен жолықтым. Тілі шұрайлы, Моңғолиядан қазақтың бай сөздік қорын алып келген ақын інім. Мына жерде басым түстім, мына жерде ақсап қалдым деп айта алмаймын. Айтыс – сөздің барымтасы, өнердің боксы. Жалпы екеуміздің өнеріміз көптің көңілінен шығып, берген бағасы жоғары болды.
– Жалпы жұртшылыққа қызық сұрақ деп ойлаймын. Жеңіп алған жүлдеңізді не істейсіз?
– Бұл – Алланың берген ризық несібесі. Жүлдені анда-мұнда жұмсаймын деп жоспарлаған емеспін. Көптің игілігіне, халықтың керегіне жараса болғаны.
– «Ақмешіт жастары» газетінің оқырмандары үшін Сізден бір қайырым болса…
– Сырдың елі өзі ғой бақ бесіктің,
Ақ ниеті кепілі нақ несіптің.
Жарқырасын, жайнасын, гүлдей берсін,
Жалындаған жастары Ақмешіттің!
– Рақмет, Мұқтар аға. Аламан айтыста абыройыңыз арта берсін!
Сұхбаттасқан
ЕрасылШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!