Фото: ашық дереккөзден

Сатираның сайыпқыраны атану – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Себебі бұл жанр – ой- шұқыры көп, қалтарыс-бүкпесі мол, тіпті дау-дамайлы дүние. Қиын болған соң да, Сыр елі түгілі Қазақстандағы сатириктер саны саусақпен санарлық. Тиіп-қашып күлді-көмеш шатпақ жазып жүргендердің бәрі бірдей сатирикке есептелмейді, санға кіргенімен сапада жоқ. Ал Сыр сатирасының сардары Асқар Тоқмағамбетовтен соң күлкі керуеніне тоқшылық сыйлаған кім бар? Осы сауалға жауап іздеп көрдік.

Ойлы оқырман мен көрерменнің бүгінгі сатира әлемінен Қалтайдың қағытпа қалжыңын, Уайдиннің уытты тілін, Оспанханның осып түсер сарказмын, Шонаның шақпа әзілін іздеп жүргені жасырын емес. Қазіргі сатира қоғам өмірінің ділгір мәселесін, адам табиғаты мен мінез-құлқының ұңғыл шұңғылын, көз шала бермейтін қия беткейін ашып, аршып, көрсетіп беруге қауқарлы ма? Сатираның бет-бейнесі, бағыт-бағдары қаншалықты өзгерді? Бұл сауалдарға сатира саласында сөзінің салмағы бар мамандар үн қатты.

– Әзіл-сықақ театрлары қысқа әзіл емес, басы бар, аяғы бар спектакль, комедия қойса деймін. «Шаншар», «Алдараспан», «Шымкент-шоу» жігіттері Шымкентте сатира театрларын ашып алған. Айлықтарын алады, спектакль қояды, концерттік қойылымдарына да шығып тұрады. Сол сияқты «Сыр әзілі» театрыда комедиялық спектакльдерде ойнаса, ел араласақ деген ойдамын.

Марқұм Якуда, Бақтиярдың орны бөлек. Бала кезімнен қасымда болып сахнада бірге ойнаған, артық сөз айтқызбай ыммен түсінісетін. Сахнада импровизацияны жақсы қолданып, әзілден ауытқымай ойнайтын жолдастарым еді, орны әрдайым үңірейіп тұрады. Қазір театрда Ақсамал, Данияр, Бауыржан, Еркін, Қуаныш секілді балаларым бар. Сыр әзілінің деңгейі төмендеді деп айта алмаймын, тек жазатын автор жоқ. Нұрлан Көбегенұлы жазып беріп жүр, көбінесе әкімдер жайлы жазады. «Театрда «Сыр әзілін» енді бастап жатқаннан кейін әкімдерге, депутаттарға тиіспей-ақ қойсақ, аяққа тұрып алғаннан кейін ойнасақ» деп Нұрекеңе айттым. Жанымдағы балалардың спектакльден қолдары босамай қалады. Әйтпесе тек «Сыр әзілімен» айналыссақ, неше түрлі дүниелер жасауға болатын. Орынбасар ағамыз жазатын еді… Бізде әзіл жазатын адам аз, жазса да қаржы сұрайды. Қаржы беретіндей концерт қойып жатқаным жоқ, қайдан тауып беремін, – дейді «Сыр әзілі» әзіл сықақ отауының көркемдік жетекшісі Серік Төлепов.

Оған қоса Серік аға қалың көрерменді 11 сәуір күні сағат 19:00-де өтетін «Сыр әзілі» әзіл-сықақ отауының жаңа концерттік бағдарламасын тамашалауға шақырды.

Осы тұста Толымбек Әлімбек ағамыздың бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол: «Қазақ сатирасында қазір памфлет, эпиграмма, фельетон жоқ. Бұрын астар- лап, осы жанрға салып, памфлет жазатын. Бүгінде астарлау дегеніңіз ұмыт қалған соң, ол жанр да жоғалды. Осы бағыттағы басқа жанрлар сол памфлеттердің міндетін атқарып жатыр. «Ара» деген журнал шығатын. Онда фельетондар жарияланатын, оны тексеретін облыстық партия комитеті, атқару комитеттері мен министрліктер жауап беретін. «Ара» да жабылды, бәрі ұмытылды. Қалтай Мұхамеджановтың «Ара» жабылғаны – қазақтың қара жамылғаны» деген қанатты сөзі бар еді. Сол сөз бүгінге дәл келіп тұр» деген болатын.

Салыстырмалы түрде қарағанда «Сыр әзілі» КТА мен «Жайдарманның » деңгейінен аса алмай, күлкіміздің өзі күлкіге қалып жатқандай.

– Біз қазір Сыр сатирасының ішкі мазмұнын емес, тек сыртқы «склетін» ғана көріп жүрміз. Екі жағымыздағы көрші Түркістан және Ақтөбе облыстарымен салыстыра қарасақ, Сыр сатирасының деңгейі төмен. Олар қоғамдағы келеңсіз оқиғаларды дер кезінде сатира тілімен, қойылым етіп халыққа ұсынып жатады. Ал бізде мұндай белсенділік жоқ. Тіпті, ынта да көрінбейді.

Күлкі күні Қызылордада адам қызығатындай керемет тойланып көрген емес. Халық мерекені сезінбейді. Түрлі байқаулар, шаралар оқтын-оқтын өтіп жатады. Ал сатираға келгенде қаржы мен қолдаудың жоқтығынан үнсіз ғана бұл күнді аттап өтеміз. Қалаға қарағанда аудандар белсенділік танытып, хал қадірінше атап өтіп жатады. Осы орайда «Сыр әзілі» әзіл-сықақ отауының жұмысын жандандыру керек. Юмор арқылы күлдіріп, сатира тілімен сынап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенге не жетсін?!

Бірақ бізде жеңіл-желпі қойылымдар қойылып келе жатқанын жасыра алмаймын. Халық саяси әзілдерді көріп, демалғысы келеді. Бірақ саяси интермедияға Сыр сахнасы бара алмай тұр. Шығармашылық ұжымдар саяси қалжыңдарды сахнаға алып шыға алмай жатыр. Әйтпесе қозғайтын тақырып та, кейіпкер де көп. Соңғы жылдары Қызылорда қаласында «Мереке думан» әзіл-сықақ отауы жаңаша қадамдарға барып, көрерменге ой салатын қойылымдар қойып жүр, – дейді сатирик Нұрлан Нұрмаханов.

Осы тұста қалалық мәдениет үйлері, клубтар және халықтық ұжымдар директоры Эльмира Қанатбаевадан «Мереке-Думан» халықтық әзіл-сықақ отауының шығармашылық жұмысы туралы да білдік.

– «Мереке-Думан» әзіл-сықақ отауы 35 жыл бұрын көркемөнерпаздардан құралған. Отыз жылдығы үлкен масштабта атап өтіліп, республикалық деңгейде байқау ұйымдастырылды. Жылына екі концерттік бағдарлама дайындап, халыққа ұсынады. Көркемөнерпаздардан құрылған бұл отау кәсіби театрлардан кем емес, – деді ол.

– Былтыр 22 сәуірде «Кореядағы қазақтар» жобасы таныстырылды. Бұған қоса, Шиеліде өткен дәстүрлі әзіл-сықақ байқауына қатыстық. Қазіргі таңда Тараз қаласында өтетін республикалық байқауға «Біз осы үйдің келіні боламыз» атты әзілімізді дайындап жатырмыз, – деді «Мереке-Думан» халықтық әзіл-сықақ отауының артисі Мейрамбек Нұртаза.

Ұққанымыз, сатира жазу кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс. Сахнадағы әзілкештер де өздерін сатирикпіз дей бастаған еді, олар жай ғана қылжақбастар екен. Ағылшынның «қара юмо- ры», француздың «сергек әзілі», орыстың «өткір әжуасын» әлем біледі. Қызылордаға қазақы қалжың, қазаққа ғана тән юмор қайтып келеді деп сенеміз.

Күлкі күні құтты болсын!

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!