Біз сұхбатқа барған күні Абай бейнесін театрда сахналаған Бақытбек Әбділлаұлына Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді деген сүйінші хабар жетті.
‒ Бүгін жұмыс күні емес. Бірақ қуанышты жаңалықты естіп, ұстазыма алғыс айтуға келдім, ‒ деді актер қабырғадағы суреттен көз алмай. Өнер иесінің дауысына діріл араласып, жанарына жас үйіріле ұстазын есіне алды да, әңгімені Абай әлемімен жалғап кетті…
«Абай ‒ Гималай». Шың тәрізді биік болған соң, ақын әлеміне екінің бірі терең бойлай алмайтыны рас. Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында да «Абай» қойылымын абыроймен орындап шығу үшін талай тер төгілген. Тіпті ақынның алып бейнесін сомдайтын Бақытбек Темірбеков режиссер жауапты рөлді бекіткенде жүрексінгенін айтады.
‒ Бұл ‒ Ерсайын Төлеубай ағамыздың пьесасы бойынша қойылған спектакль. Мұхтар Әуезовтың «Абай» трагедиясына қарағанда өзгешелеу, Абайды жаңа бір қырынан көрсететін тың қойылымның бірі. Спектаклде Абайдың қырықтан асқан шағы бейнеленіп, Оразбаймен Абай арасындағы тартыс, Оспан мен Мағауияның қаза табуы суреттеледі.
Абай рөліне дейін мен қырықтан астам кейіпкерді сахнаға шығардым. Театр режиссері Хұсейн Әмір-Темір аға осы ортадағы тәжірибеме қарап, рөлге бекіткен болу керек. Айта кетейін, бұл спектакльдің театрда сахналанғанына жеті-сегіз жылдың көлемі болды. Алғаш Абай рөліне бекіткен сәтте сұмдық қорықтым. Өйткені Абайды бейнелеу, ақынның ішкі жан-дүниесіне бойлау қиынның қиыны екенін сездім. Абайша ойлану, Абай тәрізді жүріп-тұру, сөз саптау екінің бірінің қолынан келмейді. Оның үстіне Абайды білмейтін қазақ жоқ. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» оқып, ақын жайлы фильмдерді қараған көрермен көп. Әр көрермен өз ойында Абай бейнесін қалыптастырып үлгерген. Мен сол үшін қиналдым. Өзіме артылған ауыр жауапкершіліктен қорықтым. Ойымда «ертеңгі күні көрерменнің көңілінен шықпаса қайтемін?» деген үлкен күдік тұрды. Бірақ әуелі Алланың, сосын режиссер мен шығармашылық ұжымның арқасында Абай бейнесін сахнаға шығардық, ‒ дейді актер.
«Абай» спектаклін дайындауға театр ұжымы екі айдан астам уақыт жұмсаған. Театр артистері жан-жақты, дамылсыз ізденіп, дана Абайдың жан дүниесіне үңілуге тырысқан. Осылайша көптің ақылы мен еңбегін қажет еткен қойылым үлкен тәуекелмен көрерменге ұсынылды.
‒ Абайды танып, оны сахнада бейнелей алу үшін алдымен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» түсініп оқу қажет. Бірінші оқығанда бірден ұғынып кету қиын, тек екі-үш қайтара көз жүгірткен соң туындыға бойлай бересіз. Дайындық барысында маған романды бірнеше мәрте оқып шығуға тура келді. Деректі фильмдерді де талай рет қарап шықтым. Былтыр ақынның туған жері Жидебайға гастрольдік сапармен барып, жаз жайлауын, қыс қыстауын көріп, ақын қабіріне зиярат етіп қайттым. Хакім Абайдың туған жеріне табан басу арқылы да көп дүниені көкейге түйіп, рухани азық алуға болады, ‒ дейді Б.Темірбеков.
2003 жыл. Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланған шақта театр режиссері Хұсейн Әмір-Темір актерға Махамбет рөлін сомдауды тапсырады. Содан болар Абай бейнесін сахналаймын дегенше Махамбеттің өр тұлғасы Бақытбек аға үшін бәрінен жақын көрінген екен. Ал қазір Махамбеттен алшақтап кетпесем де, Абайдың әлемі еріксіз ойлантып тұрады дейді актердің өзі. Бүгінде Абай бейнесін «төлқұжатына» айналдырып үлгерген Бақытбек ағамен әңгімелесіп отырып, белгілі сыншы Ә.Сығайдың «Актер әлемі» кітабында жазылған мына бір жай ойымызға оралды.
«…Асекеңнің (Асқар Тоқпанов) айтып суреттеуіне аңыз боларлық өнеге мол. Алғашқыда шығарма авторы Әуезов Абай рөлін ойнаушы сізге де, қойылым иесі Тоқпановқа да наразылық білдірсе керек. Кемеңгер қалам иесінің ондағы ренжігені, Абай – Қалибек Қуанышбаевтің Тәкежанға бұрылып айтатын «Сен не дейсің?» деген бір ауыз сөзді нақышына, мәнеріне келтіріп жеткізе алмауына байланысты екен. Үлкен жазушының ұғуынша «Сен не дейсің?» деген сөздегі таңдану, торығу, түңілу, күйіну, құбылу сезімдерін актер де, Асқар Тоқпанов та жайбарақат қарабайыр күйінде түйсініп келген. Соған шыдамаған заңғар драмашы: «Қалибектей артисі, Тоқпановтай режиссері бар, менің маңдайымның соры бес елі!», «Абай» симфония, ал симфонияны балалайкамен ойнауға болады ма? «Балалайшіксіңдер сендер» деп, Семейге суыт жүріп кеткен» дейді. Кейін жанды қинап жарыққа шыққан қойылымды көргенде «Мұхтар Әуезовтың өзі риза болып «Пәлі, жаман Қалибектен жап-жақсы Абай туыпты» деп сәбише қуанған екен». Осы әңгімені естіген соң актердан театр сыншыларының Абай ‒ Бақытбекті қалай қабылдағанын сұрадық.
‒ Өткен жылы Семей қаласында Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай үлкен фестиваль өтті. Сол ауқымды шарада Асанәлі Әшімов «менмін» деген мықты сыншылардың төрағасы болды. Фестивальде біз ғана «Абай» спектаклін қойдық. Қойылымнан соң Абай бейнесіне жақсы пікірлер айтылды. Бір кемшілігі, мен сомдаған Абайдың киімі сыншылардың көңілінен шықпады. Сонда Асанәлі ағамыз «Абай ақын болған, ол сайын далада шапанын желбегей жамылып, еркін жүрген. Ол күндіз-түні аттың үстінде мал бағып, дүние жинап жүрген адам емес. Ол ‒ ақын» дегені бар. Шынында мән беріп қарасам, аяғыма етік киіп, беліме білдік таққанмын. Театр суретшілерінің маған берген киімі ғой, мен Абай әлемін шынайы көрсетемін деп жүріп, киімге баса назар аудармағанмын, ‒ дейді актер.
Бір қызығы, Бақытбек аға театр сахнасына кездейсоқ келген. Негізгі мамандығы ән-күй пәнінің мұғалімі, бірақ осыдан жиырма жыл бұрын заманның қиын уақытында мектептен жұмыс табыла қоймапты. Бірде театр режиссерінің сол кездегі көмекшісі әрі университетте хореографиядан сабақ беретін Алмас Қаржаубаев деген кісі Бақытбек ағаны жұмысқа шақырады. Ол екеуі аға-іні ретінде араласып, кейде тіпті дос болып сырласатын. «Әй, театрың не, менің одан түк хабарым жоқ. Мен ‒ музыкантпын ғой» деп Бақытбек аға алғашқыда аяқ тартады.
Ақыр соңында Алмас Қаржаубаев жас музыкантты театрда өтіп жатқан кастингке қатысуға көндіреді.
Театрдың бас режиссері әрі директоры Ерғали Оразымбетовтың тәртібі қатты болып тұрған кез.
‒ Бұл бала не бітірген? ‒ дейді екеуін көрген бетте.
‒ Университеттің музыкалық факультеті.
‒ Осы уақытқа дейін қайда жүрген бұл бала? Директордың дөрекі әрі қатқыл дауысы музыкантқа ә дегеннен ұнамайды. Содан монолог оқу білмейтін, театр этюдтарынан хабары жоқ, дайындықсыз келген Бақытбек аға бұрышта тұрған роялмен Естайдың «Қорланын» шырқап қоя береді. Жүрек пен ойды қатар тербеген ән біткенде режиссер:
‒ Алмас, кеше мен «Қыз Жібек» спектаклін қойғанда мына бала қайда жүрді? Маған Бекежан керек болды ғой, ‒ деп күрсініпті. Бүгінге дейін Абаймен қатар Қобыланды батырды, Мұстафа Шоқайды, Чехов пьесасынан Лопахинды, Шекспирдің Макбеті сынды жетпістен аса рөлді сомдаған актер театрға алғаш осылай қабылданған екен. Сол кезде жас актерді Қазақ КСР-інің Халық артисі Серік Бәриұлы шәкірт етіп, беймәлім ортаның өз ережесіне тәрбиелейді. Бір айта кетерлігі, Бақытбек ағаның ұстазында да артист мамандығы болмаған. Сонау алпысыншы жылдары Талдықорғаннан көшіп келген Серік аға ең алғаш театрға көлік жүргізушісі ретінде қабылданған. Бірде театр ұжымы өзге қалаға гастролдік сапарға шығып, талай уақыт дайындаған спектаклін қоймақшы болады. Сонда рөлді сомдайтын актер аяқ асты ауырып қалып, шығармашылық ұжым әрі-сәрі күйге түседі. «Енді қайттік?» деп жанталасқан сәтте Серік Бәриұлы режиссердан басты рөлді сомдауға рұқсат сұрайды. Сөйтсе бұл кісі сахнаның сыртынан дайындықты бақылып жүріп, актердің барлық сөзін жаттап алған екен. Сахнадағы рөлін еш қиындықсыз, абыроймен алып шыққан Серік аға елге келген соң актерлық құрамға қабылданып, бүгінгі театр іргетасының қалануына бір кісідей үлес қосады. Көлік жүргізушісінен Халық артисі атағына дейін тынбай еңбектенген ұстаз Бақытбек Әбділлаұлына театрдың ішкі кухнясын, сахнадағы жүріс-тұрысты дамылсыз үйретеді. «Мені соңғы деміне дейін бақылап, тілеуімді тілеп өтті» деген актердің қабырғадағы ұстаз суретіне тағзым ете қарауының мәнісі осы.
Айта кетейік, осыған дейін М.Әуезов театрында Абай бейнесін Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Мәлік Сүртібаев, Ыдырыс Ноғайбаев сынды театр майталмандары ойнаса, қазір бұл жолды Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Азамат Сатыбалды жалғап келеді. Ал Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасына кемеңгер әрі күрделі тұлға бейнесін алып шығу Бақытбек Темірбековке бұйырыпты. Мұның өзі түсінген адамға, нағыз шеберлік пен өлшеусіз еңбек екені айтпаса да белгілі…
Г.Нұртайқызы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!