Экология – бұл тек ғылым емес, сонымен қатар жүрекпен сезінетін өмір салты. Мақаламыздың кейіпкері үшін бұл мамандық бала күнінен бастау алған саналы өмір жолының жалғасы.

Бүгін, 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Бұл – табиғатты қорғауға өмірін арнаған жандардың еңбегін бағалайтын күн. Олардың қатарында эколог, қоғам белсендісі және табиғат жанашыры Хамида Токумова да бар.

Хамида Токумованың табиғатқа деген махаббаты отбасыдан бастау алған. Бала кезінде ата-анасы оны жиі қала сыртындағы табиғат аясында демалуға, Қазақстанның әр түкпіріне саяхаттауға алып баратын. Бұл серуендер тек демалыс қана емес, нағыз экологиялық тәрбиеге айналған. Анасы әр өсімдікті таныстырып, оның емдік немесе ерекше қасиеттері жайлы әңгімелесе, әкесі табиғатқа құрметпен қарауға баулыды. Қай жерде жүрсе де қоқыс қалдырмай, табиғатты тап-таза күйде қалдыру – отбасылық қағида.

Осылайша, табиғатқа жанашырлық ерте жасынан бойына сіңген Хамида бесінші сыныптан бастап биологияны тереңірек зерттей бастаған. Ал жоғары сыныптарға келгенде, өз болашағын экологиямен байланыстыратынын анық түсінеді.

– Эколог – бұл дәрігер тек адамның емес, табиғаттың дәрігері. Бұл менің мамандығым ғана емес, бұл менің миссиям, – дейді ол.

Хамида Токумова үшін эколог болу – тек ғылыми қызметпен айналысу емес. Бұл – күнделікті өмірде де табиғатқа жанашырлықпен қарау. Оның үйі мен тұрмысы – экологиялық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Электр энергиясы мен суды үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау және тапсыру, экологиялық қауіпсіз өнімдерді тұтыну – мұның бәрі оның күнделікті әдетіне айналған. Ол үнемі өзімен бірге көп реттік су бөтелкесін, кофе стақанын және шоппер сөмкесін алып жүреді, бір реттік ыдыс қолданудан мүлде бас тартқан. Артық қаптамасы бар өнімдерді сатып алмауға тырысады, қажетсіз киім-кешектер мен тұрмыстық заттарды әлеуметтік қорларға табыстайды.

– Эколог болу – бұл жай білім емес, бұл – ойлау жүйесі. Егер мен бір нәрсенің табиғатқа зиян екенін білсем, оны қолданбаймын. Себебі әр әрекетіміз табиғатпен тікелей байланысты, – дейді Хамида.

Ол сондай-ақ балаларын да осы көзқараспен тәрбиелейді. Экодағдыларды ерте жастан қалыптастыруға тырысады. Ағаш отырғызу, қайта пайдалануға болатын заттарды қолдану, саналы тұтыну – отбасының ортақ өмір салтына айналған.

Бүгінде әлем алдында тұрған экологиялық мәселелер – климаттың өзгеруі, ормансыздану, су тапшылығы, пластикалық ластану мен биоалуантүрліліктің жойылуы – баршамызға ортақ. Қазақстанда да бұл түйткілдер өзекті. Арал теңізінің жағдайы, Семей ядролық полигонының салдары, қалалардағы ауаның ластануы, су ресурстарының тапшылығы және шөлейттену үрдісі. Осы проблемалардың барлығы Хамида Токумованы бей- жай қалдырмайды. Бірақ ол үмітін үзбейтінін айтады.

– Экологияда Коммонер заңы бар. Соның бірі – «Табиғат өзі жақсы біледі». Егер біз табиғаттың заңдылықтарын құрметтесек, тепе- теңдікті сақтасақ – болашақта тұрақты өмір салтына қол жеткізе аламыз, – дейді ол.

5 маусым – экологтардың мерекесі. Бұл күн – табиғатқа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандардың еңбегіне тағзым ету күні. Хамида Токумова – осындай маман. Оның әр ісі мен таңдауы – табиғатты сақтауға бағытталған. Оның осы табиғатты қолдау мақсатында бастау алған бірнеше жобасы бар. Атап айтқанда Қазақстандағы алғаш эко-арт көрмесі. Мақсаты – сурет арқылы табиғатты қорғаудың қаншалықты маңызды екенін көрсету. Жобада бірнеше экологиялық мәселелер көтерілген.

Экология – ол үшін тек ғылым емес. Ол – сенім. Табиғатпен үндес өмір сүру һәм болашаққа деген жауапкершілік. Хамида секілді жер анаға жанашыр азаматтар барда, табиғаттың ертеңіне деген сенім мол.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!