Қазақстан Республикасының Конституциясы – егемендіктің айнасы, мемлекеттің іргетасы. 1995 жылы қабылданған Ата заң еліміздің демократиялық даму бағытын айқындап, құқықтық мемлекеттің негізін қалады. Бұл – қазақ халқының болашағына жарық жол сілтеген тарихи құжат еді. Сол кезеңде ел өркендеуге бет бұрып, жаңа заңдылық пен тәртіп орнады.

Ол жылдары дүние есігін ашқан ұрпақ бүгінде Отанға адал қызмет етіп, заңды құрметтейтін жанға айналды. Бүгінгі кейіпкеріміз − Ата заңмен «құрдас» қоғам сақшыларының бірі, Қызылорда облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция батольонының полицейі – Венера Сахиева.

Венера Қалдыбекқызы – 1995 жылы теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Алты ағайындының бесіншісі болып, ата-анасының талапшыл тәрбиесін көрген ол, бүгінде тәртіп сақшыларының қатарында. Үйдегі қатаң тәртіп пен талап қыздардың барлығын әдетте ер азаматтар жиі таңдайтын салаларға бағыттады. Теміржолшы, дәрігер мен тәртіп сақшысы әпкелерінің арасында Венераның да өз орны бөлек. Офицерлік форма киіп, елдің тыныштығын күзетуді мақсат еткен ол, бүгінде осы арманның шындыққа айналғанына дән риза. Ата-анасы теміржол саласында қызмет етсе де, оның таңдауы ішкі істер органдарына түсті.

− Әкем бала күнінен осы салада қызмет етуді армандаған екен. Екеуіміздің де арманымыз бір нүктеде тоғысты десе болады. Себебі мен де офицерлік форма киюді қаладым, – дейді Венера Сахиева өткенге көз жүгіртіп.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде құқықтану мамандығының студенті атанып, 2013-2017 жылдары құқық саласының қыр-сырын меңгерді. Оқуын тәмамдаған соң уақытша қызығушылығы – кәсіппен айналысқан. Бірақ басты арманы мемлекеттік қызметке орналасу еді. Ал мемлекеттік жұмысқа тұру үшін екі жыл бойы дайындалып, түрлі сынақтардан өтті. 2019 жылы газеттегі хабарландырудан бос жұмыс орны туралы оқып, бірден құжаттарын тапсырған. Осылайша жас маман кәсіби еңбек жолын 5 жыл бұрын бастады.

Оның айтуынша, жаңа ортаға, процеске бейімделу қиындық тудырмаған. Білікті полицейлерден құралған тәлімгерлермен 3 ай бірге жұмыс істеп, тәжірибе жинаған. Оның еңбек жолындағы ілгерілеуі де айқын. Қатардағы қызметкерден кіші сержант, сержант, аға сержант шеніне дейін көтерілді. Бұл – оның жауапкершілікке, тәртіпке және қызметіне деген сүйіспеншілігінің жемісі.

− Мамандандырылған қызмет күзеті басқармасы полиция жасақтарының негізгі міндеті – мемлекеттік маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтап, мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау.

Полицияда қызмет ету мен үшін алдымен жұмысқа толығымен берілу, жүктелген талап пен міндетті толық орындау.

Қоғаммен әрдайым байланыста болу, бірге жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Соған қарамастан біз сыпайы, тез тілтабысқыш және адамдардың жағдайын түсініп әрі тыңдауға тырысамыз, − деді Венера бізбен әңгімесінде.

Венера Сахиева қызметке шынайы берілген, тәртіпке сүйенетін жан. Тұрмыс құрмаған ол жеке өмірі мен кәсібін қатар алып жүрудің қиындық тудырмайтынына сенімді.

− Әрине, отбасын құру ойда бар. Бірақ мен үшін бұл жұмыс пен жеке өмірді үйлестіруде кедергі болмайды деп ойлаймын. Себебі біздің батальонда бір салад қызмет атқарып жүрген көптеген жұп бар, – деген ойымен бөлісті.

Жастарға айтар кеңесі де ерекше.

− Бүгінде жастар үшін барлық мүмкіндікке жол ашық. Қай жерде білім аламын десе де, үйренемін десе де, еш кедергі жоқ. Ең алдымен, мықты білімнің негізін қалап, алға ұмтылу керек. Жастық шақ пен мүмкіндіктерді бос ойындарға немесе зиянды әдеттерге ысырап етпесе екен деймін. Біздің салада көп уақыт жұмыста өтеді. Отбасы, достар, туыстар екінші орында қалады. Негізгі фокус – тек жұмыста. Сол үшін мемлекеттік салаға келуді қалайтын жастар осыған дайын болса екен, – деп жастардың болашағына алаңдайтынын жасырмады.

Полиция қызметінің қоғамдағы рөлі ерекше екені белгілі. Мемлекет тарапынан құқық қорғау қызметкерлеріне жоғары талаптар қойылады, олар әрдайым қиын сәттерде көмекке дайын болуы керек. Өмірде Венера өзін жұмсақ адам ретінде сипаттады. Алайда жұмыс барысында ол бұл қасиеттерін ысырып қойып, қажетті жағдайда батылдық танытып, кәсіби қызметін жоғары деңгейде атқаруға күш салатынын айтты.

− Қыз бала болғаныма қарамастан, қызметтің шыңына жетіп, өз ісімде биікке қол жеткізгім келеді. Алдағы 5 жылда өзімді білікті маман ретінде көремін, – деді ол сеніммен.

Венера Сахиева мен Айбек Әбдіразақ – бір салада қызмет ететін, мақсаттары мен ұстанымдары бір арнада тоғысқан қызметкерлер. Екеуінің де бала кезден қалыптасқан армандары мен отбасылық құндылықтары олардың кәсіби жолын анықтап бергендей. Қызметте өзіндік ерекшеліктері бар болғанымен, оларды қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен ел тыныштығын қорғау біріктіреді. Ендігі кезекте, Айбектің кәсіби жолына үңіліп көрейік.

Айбек Әбдіразақ – стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз қызметіне адал жан. Қызылорда облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция батальонында бір жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құқықтану факультетін бітіріп, заңгер мамандығын алған. Айбек қазір сот сараптама институтының нысаны мен халықты сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды «Бастоған» су жинау құрылымында күзетшілік қызмет атқарады.

− Біздің міндетіміз – елдің тыныштығын сақтау, стратегиялық орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нысандарға кіретін адамдарды тексеру, – дейді ол.

Әскери шенде болу – Айбектің бала күнгі арманы. Отбасындағы үлкен мақсаттардың бірі – осы саладан лайықты маман шығару еді. Бұл арманның орындалуына оның әкесі Әбдіраман Балтабай үлкен қолдау көрсетті.

− Әкемнің арманы мен менің мақсатым бір болды. Оның үмітін ақтау мен үшін үлкен міндет, – деді Айбек ағынан жарылып.

Күнделікті жұмысы қаруланудан бас-талып, 7:30-да қару алып, 8:00-де саптық тексеруден өтеді. Сол жерден оны тиісті нысанға жіберіп, обьектіні қабылдап алады. «Біздің негізгі міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қадағалау және құқықбұзушылықтың алдын алу» деп түсіндірді кейіпкер.

Айбек Балтабайұлы үшін бір ғана ғимараттың қауіпсіздігін күзетумен шектеліп қалу жеткіліксіз. Ол осы салада одан әрі жетіліп, қоғамның қауіпсіздігін сақтау жолында бар күшін салмақшы. «Елдің тыныштығын күзетуде барлық жігерімді сарп етемін» деп алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл сөздерден оның кәсібіне деген адалдығы мен алдағы мақсаттарының айқын екенін байқаймыз.

Еліміздің Ата Заңы – Конституция күніне орай, Венера мен Айбек қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайтатын бұл күннің маңызын атап өтті.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!