Әмір Тәжібаев, 40 қазан палаушылар сайысының жеңімпазы:
Биыл қала күнін мерекелеу жылдағыдан ерте басталды.
30 күнге ұласатын думанның есте қалар ерекше сәті «Сыр Ана» монументінде орын алды. «Абай-Дәулет» компаниясының ұйымдастыруымен аспаздар палау пісіруден сайысқа түсіп, алматылық Әмір Тәжібаевтың пісірген палауы үздік деп танылды.
– Әмір, жеңіс құтты болсын! Аспазшылар сайысына бұрын-соңды қатыстыңыз ба? Жарыс несімен ерекше есте қалды?
– Рақмет! Палаушылар жарысына биыл алғаш қатыстым. Жалпы палаушылар сайысы Наурыз мерекесінде әр өңірде ұйымдастырылады. Бірақ Қызылорда қаласындағыдай ауқымды болған жоқ. Мұнда жарысты өткізуге 2 тонна ет, 1 тонна күріш, 1 тонна сәбіз, 500 литр пісте майы жұмсалды. Сондай-ақ жергілікті аспазшылар ғана атсалысқан жоқ. Ақтөбе, Түркістан, Алматы қалаларынан да үміткерлер болды. Деңгейі өте жоғары болды. Мың шақырымды артқа тастап, бақ сынағаннан кейін барымды салдым.
– Сайысқа қатысу оңай болмағаны анық. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 40 аспазшы 1300 үміткердің арасынан іріктеліп алыныпты…
– Республика көлемінде ең ауқымды аспазшылар сайысы болғандықтан барлығы қызығушылық танытатыны анық. 1300 үміткер соның айғағы. Бұл жерде бастысы, тәжірибеге сүйенеді. «Мықтыға тұсау жоқ» демекші, іріктелген 40 палаушы да өз ісінің мықтылары. Сауалнама арқылы сұрақтарға тосылмаған аспазшылар финалдық бәсекеде өнер көрсетті.
– Әр елдің салты басқа демекші, Сыр өңірінің палау пісірудегі қағидасы өзгеден ерекше. Сайыс сол қағиданы сақтап, ұйымдастырылды. Қиындық болған жоқ па?
– Ең таңқалдырғаны сол болды. Мұнда алдымен етті асып алып, сорпасына пісіреді екен. Бұл Шымкент, Түркістан, Алматы секілді қалалардың аспаздарына таңсық дүние болды. Бір жағынан уақытты көп жоғалтатын әдіс екен (күліп). Ұйымдастырушылардың айтқанымен келісуге тура келді. Түнгі сағат 2-де ет таратылып, қазанға қайнатып алдық. 11-ге дейін дайын болу үшін ерте қамдандық. Сыр өңірінің әдісімен алғаш рет істейтін болғандықтан аздап болса да қобалжыдық. Бірақ тәжірибеміз көп көмегін көрсетті. Алматы қаласында «Max» палауханасында қызмет көрсететіндіктен ауқымды қазанды жатырқай қоймадық. Бір жағынан палаухананың қожайыны Мақсат Мамрайымовтың көмегі көп болды. Бірлесіп, дәмді палауды дайындадық.
– Нәтижесінде халыққа қандай палау ұсындыңыз?
– Рецептте сәл өзгеріс болса да ойымыздағыдай палау болды. Әу баста Самарқанд палауын дайындауды мақсат еттік. Сол мақсатымызға жетіп, халыққа ұсындық. Қазылардың да, дәм татуға келген қала тұрғындарының да көңілінен шықты деп ойлаймыз. Палау – халықты бірлікке шақыратын тағам. Ал Самарқанд палауы – тойда, мерекеде әзірленеді. Қызылорданың туған күнінде мерекелік тарту болсын деп осы түрін жасадық.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!