Қазір кәсіп бастаймын дегенге көрсетілер қолдау көп. Тек қаржының көзіне айналар хоббиің болса, жеткілікті. Бұл жағынан жастар алдыңғы буынға қарағанда алға озғанын мойындау керек. Соның бірі – заманауи тәсілмен кілемшелер тоқып, сұранысқа сай сапалы дүниелерді жасап жүрген жерлесіміз, жеке кәсіпкер Жандос Шораев.

Тафтинг тәсілі трендте


Кілем тоқу ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнер екені белгілі. Бұрын қабырғаға іліп, еденге төсеп, үйдің жылуын сақтау үшін пайдаланса, кейін сәндік бұйымға айналды. Ал кейіпкеріміз бүгінде тафтинг әдісімен кілем тоқумен айналысуда. XVII ғасырдан бері адамзат игілігіне жарап келе жатқан тафтинг технологиясын зерттеген кәсіпкер арнайы станок сатып алған. Технологияны тереңінен игеріп, алғашқы табысқа да қол жеткізіп отыр.
Кәсіпкер өткен жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағдарламасы аясында 2,5 миллион теңге қайтарымсыз грант иегері атанып, жаңа құрылғылар мен керекті материалдар сатып алған. Бүгінде ол жергілікті үш тұрғынды жұмыспен қамтып, санына сапасы сай тапсырысты қабылдап отыр.
Оның айтуынша, кілем тоқу цехы әзірге өз үйінде орналасқан. Цехта екі кілем тоқу станогы және өзге де қажет құрылғылар бар. Кілем сапалы шығу үшін арнайы Алматыдан әкелінген жібек жіптер пайдаланылады.

Тафтинг тәсілі трендте


– Ағылшын­ша «tuft» сөзі «түйін» деп аударылады. Бұл өндіріс технологиясының мәнін көрсетеді. Олар бір жіппен тоқымайды, түйінделген шоқтармен толтырылады. Осы технологияны меңгергеннен кейін алғашқы тапсырыстарды қабылдап, тұтынушылардың қалауына сай кілемшелер тоқи бастадым. Қазір айына бірнеше кілем жасаймын, – деді Жандос.
Тафтинг әдісіндегі кілемдер табиғи жіптермен бірге синтетикалық жасанды талшықтар, жүн тәріздес жіптер, химиялық қабыршық жіптер арқылы тоқылады. Машинамен тоқылатын кілемдердің түгі мынандай түрлерге бөлінеді: тігілген тафтинг, тоқылмалы, трикотаж, тоқыма – тігілмелі, шыбықшалы киіз, флокировты.

Тафтинг тәсілі трендте


Өңірде жоқ, тың тәсіл арқылы кілем тоқып жүрген кәсіпкер болашақта тәжірибе жинап, кәсіби біліктілікті кеңейту арқылы жобасын та­быс­ты биз­неске айнал­дыр­ғы­сы келеді. Сол үшін Ал­маты қала­сын­дағы кәсіп­керлік негіздеріне арналған курсқа да қатысыпты.
– Механикалық тоқу станогы арқылы шығарылатын тоқыма кілемдер бір немесе түрлі түсті болады. Құрылымы жағынан көпқабатты материалға ұқсас. Кілем тоқылып бітісімен атқарылатын жұмыстар легі мынадай: алдымен түгі қырқылады, тазаланады, ыстық буға ұсталады, шеті әдіптеледі немесе оған шашақ тігіледі, сөйтіп, қосымша өңдеуден өткізіледі. Содан кейін ғана тапсырысымыз дайын болмақ, – деп түсіндірді кәсіпкер.

Тафтинг тәсілі трендте


Тафтинг тәсілімен тоқылатын кілемдерге тапсырыстар жан-жақтан түседі екен. Көбісі жақындарын қуанту мақсатында сыйлық ретінде тапсырыс береді. Өнім төрт күнде тоқылып, дайын болады. Ал кейіпкеріміз осы уақытқа дейін 2 ай ішінде 20-дай кілем тоқыған.
«Соңғы жылдары қолөнер бұйымдарының қадір-қасиетін түсінетіндердің қатары көбеюде. Кілем туралы бір-бірінен естіп, қызыққан соң тапсырыс беретіндер қатары бар. Сол себепті сапаға аса мән береміз. Жібекке синтетиканы араластырып, кілемнің жылтырауын, суреттің дәл келуін қадағалаймыз. Жібек пен синтетиканы араластырмаса да болмайды. Екеуі үйлесім тапса, кілем жылтырып, көздің жауын алады.
Көбінесе балалары ата-аналарына тосынсый жасағысы келеді. Сонымен қатар, көбінесе халық қалаулылары, сыйлы азаматтарға, атақты ақын-жазушыларға арналып портреттік кілемдер тоқылады», – дейді кәсіпкер.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!