Физикалық дайындықпен қатар мінезді қалыптастыратын, ерік-жігерді шыңдайтын үлкен мектеп – спорт. Әрбір спортшының жеңіс жолы өзінше ерекше, бірақ бәрін біріктіретін басты қағида – еңбек пен табандылық. Ал таеквандо осындай тәртіп пен шыдамдылықты талап ететін спорт түрі. Бұл өнер тек дене қозғалысын жетілдіріп қана қоймай, рухты шыңдап, өзін-өзі жеңуге үйретеді.
Спорт жөнінде бекерден-бекер айтпадық. Бүгінгі кейіпкеріміз Олжас Жұмаділ осы қағиданы өз өмірімен дәлелдеген жан. Бала кезінен бастап спортты серік еткен ол, бүгінде тек жеңістерге жетіп қоймай, өз шәкірттерін де тәртіп пен табандылыққа баулып келеді. Ол үшін таеквандо – жай ғана спорт емес, өмірлік жолдас. Жуырда сәті түсіп, Олжаспен спорттағы жолы мен ұстаздық тәжірибесі туралы әңгімелестік.
Олжас Роланұлы – Қызылорда облысының тумасы, 27 жаста. Ал таеквондомен 7 жасынан бастап айналысады.
– Спортқа деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Бұл шешіміме әкемнің ықпалы зор болды. Ол спортпен айналысқанымды қалады, қолдау көрсетіп, бағыт берді. Бір қызығы, алғашқы жарысым Өскеменде өтті, ал ең есте қалғаны – 2009 жылы Корея еліндегі қара белбеу иегері атанған сәтім. Қара белбеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін биік мәртебе, ал оны таеквандоның отанында иелену, әрине, үлкен мақтаныш. Сол уақыттан бері күнделікті жаттығу мен тәртіпті ұстану өмірлік дағдыма айналды, – дейді ол.
Өмірінің жиырма жылға жуығын спортқа арнаған кейіпкеріміз бүгінде жаттықтырушы ретінде жұмыс істейді.
– 2021 жылдан бастап бапкерлікке бет бұрдым. Қазір 80-ге жуық шәкіртім бар, олардың 25-і қыз, 55-і ұл бала. Әрқайсысының қабілетін ескере отырып, жеке-жеке жаттығу бағдарламасын жасаймын. Басты мақсатым – балаларды тек спорттық шеберлікке үйрету емес, сонымен қатар оларды тәртіпке, төзімділікке, жауапкершілікке баулу.
Ең жас шәкіртім – небәрі 5 жаста. Оларды спортқа бейімдеуде алдымен жеңіл жаттығулардан бастаймын. Жалпы баланы спортқа 7 жасынан бастап берген дұрыс деп есептеймін. Бұл жас дене мен ақыл-ойдың үйлесімді дамуы үшін ең қолайлы кезең. Балалардың жас ерекшелігіне қарай жаттығу уақыты да әртүрлі болады. Мысалы, 6-7 жастағы балалар үшін жаттығу ұзақтығы 1 сағат 15 минут, ал үлкендер үшін 2 сағатқа дейін созылады. Жаттығу барысында тек физикалық дайындыққа ғана емес, тәрбиеге де мән беремін. Үлкен топтағыларға қиын жаттығуларды үйретемін. Бізде тек біріңғай жаттығу емес, арасында балаларды қуантып та тұрамыз.
Біз облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда өзімізді сынап жүрміз. Жарыс – спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы. Олар нағыз спорт атмосферасын сезінеді, қарсыласын құрметтеуді, өз мүмкіндіктерін бағалауды үйренеді. Сонымен қатар оқушыларыма өзімнің жарыста қолданатын әдіс-тәсілдерімді үйретемін. Оқушыларымның спорттық жетістіктері – мен үшін үлкен мақтаныш, – деп әңгімесін жалғады Олжас.
Ал спорттағы жетістікке жетудің басты қағидасы қандай?
– Еңбек пен табандылық. Қандай салада болсын, жетістікке жету үшін ешқашан тоқтамау керек. Егер өз ісіңді шын жүрекпен жақсы көріп, оған бар ынтаңды салсаң, ерте ме, кеш пе, нәтиже міндетті түрде болады. Мен шәкірттеріме әрдайым «Чемпион болу оңай, бірақ сол дәрежеге жету үшін көп еңбек керек. Жеңіс пен жеңіліс – спорттың ажырамас бөлігі. Ең бастысы – қарсыласыңнан бұрын өзіңді жеңу. Қандай жағдай болмасын, жігерліңді жасытып, әлсіздіктеріңді білдіртпеңдер» деп жиі айтып отырамын, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, таэквондо өзін табуға көмектескен жол.
– Таэквондо маған өзімді табуға көмектесті. Осы жолда мені қолдаған отбасыма, ұстаздарым мен шәкірттеріме алғыс білдіремін. Спортты өмір мектебіне теңесем, қателеспеймін. Бұл жол маған тәртіпті, шыдамдылықты және өзін- өзі құрметтеуді үйретті. Сонымен қатар, спортшы ретінде ғана емес, тұлға ретінде қалыптасуыма ықпал етті. Физикалық дайындықтан бөлек, психологиялық тұрғыдан да мықты болуға үйрендім. Өйткені жарыста жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ең бастысы – әр жеңілістен сабақ алып, келесі жарысқа сеніммен қадам басу, – деді Олжас Жұмаділ.
Расымен, спорт – адамды шыңдайтын алаң. Ал біз бапкерге сәттілік тілеп, жағымды һәм жақсы жаңалықтар күтетінімізді айтып, сұхбатты тәмамдадық.
Динара ЖҰМАДІЛ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!