Қазір шетелде білім алып, өз тәжірибесін арттырып жүрген қазақ жастары жетерлік. Солардың бірі – АҚШ-тағы Нью-Йорк университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып, жергілікті «Atlanta News First» телеарнасында журналист әрі продюсер болып қызмет атқарып жүрген Талғат Алманов. Кейіпкеріміз Америкадағы өмір салты, журналистика саласының қызығы мен қиындығы турасында сұрақтарға жауап берді.

– Журналистикаға деген қызығушылығыңыз ерте жастан басталғаны белгілі. «Хабар» арнасында жаңалықтар қызметін тізгіндеуіңіз, АҚШ-тағы меншікті тілші атануыңыз – соның бір дәлелі. Әңгімемізді балалық шағыңыздан бастайықшы… Бала Талғат қандай болды?

– Балалық шақта тұйықтау болдым. Мектепте анау айтқандай көзге түскен оқушы болған жоқпын. Өзіммен өзім жүретінмін. Бастысы сабағымды жақсы оқыдым. Ата-анамның қамшылауы әсер еткен шығар, әйтеуір үлгерімім жақсы болып, мектепті бір жылға ерте аяқтадым.

– Бір сұхбатыңызда «Хабардың» эфирінен Зейін Әліпбек ағамызды көрген сайын сол кісі тәрізді диктор болуға талпындым» депсіз. Зейін Әліпбектің қай қырын өзіңізге үлгі еттіңіз және журналистік жолыңызда қаншалықты көмектесті?

– Зейін ағамыздың бойынан қазақ жігітіне тән қасиеттерді байқауға болады. Соның бірі байсалдылық шығар. Әр сөзі қорғасындай. Асықпай, байыппен сөйлейді. Бала кезімде ол кісіге қарап бой түзегенім рас. Эфирде отырып, жаңалық жүргізгім келді. Алланың қалауымен «Хабарға» келіп, жаңалықтар жүргіздім. Сол кезде Зейін ағаның қарапайымдылығына көз жеткіздім. Әрдайым ақылын айтып, қолынан келгенше көмегін аяған емес.

– Америкадағы өмір салты туралы айтсаңыз. Қазақстанмен салыстырғанда тұрмыс-тіршіліктен қандай айырмашылық пен ұқсастықтар байқадыңыз?

– АҚШ-тағы өмір мүлдем өзгеше. Бәсекелестік өте жоғары. Қымбатшылық. Әркімнің проблемасы – өзіне. Біздің елдегідей қамқорлық таныту, аяушылық көрсету жоқ дер едім. Сол себепті әрдайым жұмыс істеп, іздену қажет. Тәуелсіз өмір сүруді үйрену керек.

– Ал журналистиканың әлеуеті қандай? БАҚ өкілдері материал таратуда нені ескереді?

– АҚШ-тағы журналистер тәуелсіз әрі барынша медиа этикетті ұстанады. Сәйкесінше журналистік өнімдері жақсы шығады. Мемлекеттік БАҚ деген жоқтың қасы. Сөз бостандығы қорғалған.

– Қазақ журналисі үшін құрлық асып қызмет ету қаншалықты қиын? Жалпы сіздің бір күндік жұмысыңыз қалай өтеді?

– Менің жұмыс күнім жиналыстан басталады. Алдымен «Newroom»-дегі басшылық сол күнге ұсынылатын тақырыптарды саралайды. Сұрақтары болса, талқылаймыз. Тақырып таңдауда еркіндік бар. Не түсіремін, кімнен сұхбат аламын, қандай материал жасайтының өз еркің.

– Кезінде Сербияның экс президенті Томислав Николичпен, Нидерландының бұрынғы премьер- министрі Марк Рюттемен бірге эксклюзив сұхбат ұсындыңыз. Әлемдік саяси тұлғалардың арасында тағы кіммен сұхбат өрбіткіңіз келеді?

– Қазіргі гео-саяси жағдайдың ушыққан уақытында Таяу шығыстағы өкінішті жағдайға жауапты тұлғалардан сұхбат алар едім. «Жазықсыз мыңдаған адамның құрбан болуына қалайша жол бердіңіздер?» деген сауалым бар.

– Жоспарыңызбен бөліссеңіз… Қазақстанға қайту ойыңызда ма?

– Алдағы уақытта халықаралық тәжірибемді қазақ журналистикасының игілігіне қолданғым келеді.

– Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айғаным ҚОҢЫРБАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!