Сұлулық – әйелге ғана тән ұғым емес. Қазіргі қоғамда ер адамдар да бұл салада өз орнын тауып, жаңаша бағытта көзге түсіп жүр. Шаш қию, бет әрлеу, сән әлеміндегі стиль қалыптастыру – мұның бәрінде ерлердің кәсібилігі мен шеберлігі күн өткен сайын жоғары бағаланып келеді. Десе де сұлулық индустриясының кейбір тармақтары әлі күнге дейін нәзік жандарға ғана тән кәсіп саналып, қалыптасқан көзқарастан аса алмай келеді. Осындай таптаурынға батыл қарсы шығып, өз таңдауынан тайынбаған азаматтардың бірі – Бекзат Ақбергенов. Тараздық жас лашмейкермен әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті.
– Қоғамда ер адам мен әйел адамның кәсіби жолы шеңберленіп, белгілі бір салаларға ғана телініп жүрген заманда, сіздің кірпік жабыстыру сынды нәзіктік пен дәлдікті талап ететін кәсіпті таңдауыңыз – батыл қадам екені сөзсіз. Осы шешімге не түрткі болды?
– Кірпік жабыстыру – тек сұлулыққа емес, адамның ішкі сенімділігіне де әсер ететін жауапты кәсіп. Бұл жолға түсуіме бала күнімнен бойымда қалыптасқан өнерге, әсемдікке деген қызығушылығым себеп болды. Кірпіктің бір ғана өзгерісі адамның жүзіне, болмысына, тіпті көңіл-күйіне ерекше әсер ететініне көзім жетті. Сол себепті бұл саланы табыс көзі ретінде емес, жүрек қалауы ретінде таңдадым. Алғашқы кезде «бұл – әйел адамның кәсібі» деген пікірлерді көп естідім. Алайда бұл – шығармашылығымды, дәлдігімді, сабырымды танытатын сала. Тұтынушылардың жүзіндегі ризашылық күлкісі мен үшін шабыт көзі. Бүгінде бұл істі кәсіп емес, өнер деп білемін.
– Кәсіби тұрғыдан жетістікке жету үшін тек техникалық шеберлік қана емес, сонымен бірге эстетикалық түйсік арқылы адамдармен жы лы байланыс ор ната білу қажет. Сіз тұтынушылар санын арттыру үшін қандай әдіс тәсілдер қолдан дыңыз?
– Алғашында мен үшін ең маңыздысы – сенім мен тәжірибе жинақтау болды. Қызметімді төмен бағамен ұсыну арқылы алғашқы тұтынушыларды тарттым. Арнайы жеңілдіктер мен акциялар ұйым дас тырып, тұтынушылардың қызы ғушылығын оята білдім. Әр адамның қалауына ерекше көңіл бөлу – менің басты ұстанымым. Олардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеріп, қыз метімді жетілдіруге тырыстым. Әлеуметтік желі арқылы жұмыс нәтижелерін, клиенттердің пікір лерін бөлісіп, ашықтық таныту да сенімді арттыра түсті. Осының бәрі маған тұрақты клиенттік база қалыптастыруға және кәсіби биіктікке жетуге сеп болды.
– Бұл сала бойынша шәкірт даярлаумен айналысасыз ба?
– Кірпік жабыстыру – менің кәсіби әлемімнің бір қыры ғана. Одан бөлек, мен қас бояу, коррекция, ламинация сынды қызметтерді де меңгеріп, сұлулықтың түрлі қырларын ашуға ұмтыламын. Сонымен қатар тері күтімімен де айналысып, косметология саласында білімімді жетілдірдім. Табиғи әдістермен теріні жасарту мен сауықтыру жолдарын меңгеріп келемін. Қазір өз тәжірибеммен бөлісу үшін оқыту курстарын өткізіп жүрмін. Болашақта жеке салонымды ашып, кәсіби мамандарды тәрбиелеп, сұлулық индустриясына үлес қосу – арманым әрі мақсатым.
– Бұл сала оңай емес екені көпке мәлім. Тек физикалық емес, моральды тұрғыда да шаршатуы мүмкін. Жеке тұлға ретінде қалыптасу барысында қандай қорқыныштар болды?
– Бұл жол оңай болған жоқ. Алғашқы жұмыс орнымда ұжыммен түсініспеушіліктер болды, құрал-жабдықтарым жоғалып, сеніміме селкеу түсті. Кейінгі салонымда клиент аз болып, табыс тұрақсыз болды. Дегенмен мұның бәрін кәсіби өсуім үшін мүмкіндік ретінде қабылдадым. Жеке жұмыс орнымды ашу – мен үшін үлкен тәуекел еді, бірақ сол шешім мені жаңа деңгейге шығарды. Қиындықтармен күресе отырып, өзіме деген сенімді нығайттым. Бүгінде кәсібіммен мақтанамын, болашаққа нық сеніммен қараймын.
– Сұранысқа ие, табысты шебер ретінде болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Сұлулықты серік етіп, осы индустрияда қызметіңізді жалғастырасыз ба, әлде өзге бағыттарда да бағыңызды сынап көргіңіз келе ме?
– Сұлулық саласы – менің жан дүниемнің айнасы. Алайда бұл менің шегім емес, оны әріқарай да дамытуға болады. Келесі мақсатым – ботокс бағыты бойынша білім алу. Клиенттерге кең ауқымды қызмет ұсыну – басты ниетім. Болашақта өз атыммен бірнеше сұлулық салонын ашып, оқыту орталықтарын дамыту – үлкен жоспарымның бір бөлігі. Мақсатым – жоғары сапалы қызмет көрсету ғана емес, кәсіби мамандардың жаңа буынын тәрбиелеу.
– Әңгімеңізге рақмет!
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!