Қазақы тәрбие бойына дарыған адамның туған жерге елеңдеп тұратыны рас. Елорадада білім алып, жыраулар бәйгесінің алдын бермеген жас жыршылар Хасенхан Кішкенеев пен Арайлым Өмірбекова бүгінде Арал ауданындағы Ақбасты ауылында тұрады.
Бұл – талай талантты түлеткен ауыл. Аралдағы ата қонысқа қайта оралса да өмір мен өнер табыстырған жұп үнемі рухани ізденіс үстінде жүреді. Республикалық байқауларда жеңімпаз атанып, ауыл балаларын дәстүрлі өнерге баулуда.
– Хасенхан, Арайлым, мыңжылдық мәдениет, ұлттық құндылықтың арқау жібін үзбей бүгінге жалғаған дарынды жұпсыздар. Домбыраның күмбірі, өзіндік үн, қазақы болмыстарыңызбен-ақ тыңдаған адамды елең еткізесіздер. Жыршылық – кез келгенге қона бермейтін өнер. Өздеріңіз тәлім-тәрбие алған орта, ауылдағы «өнеге мектебі» туралы айтып беріңіздерші. Бұл атадан балаға жалғасқан өнер ме?
Хасенхан: – Арал ауданындағы Ақбасты ауылында туып-өстім. Жыраулық өнер атадан балаға жалғасты десек те болады, бабаларымыз терме, толғау, өсиеттерімен ауыл-аймаққа белгілі адамдар болған. Ал жыршылық өнер дарыған атамның інісі Сәуелхан Сұмағұлов қазір арамызда, ауылда тұрады. Өзімнің атам Құлнияз Келімбердіұлы көпшілікке белгілі «Аллаға мадақ» толғауының авторы. Әулеттегі жыршылық өнер туралы өнер иесі, ғалым Берік Жүсіпов ағамыз көп зерттеген болатын. Туындыларды арнайы жинақ етіп те шығарды. Өзім ауылда Қайсар Сералиевтен тәлім алсам, кейін Аралға барып, белгілі жырау Айбек Тәңірбергеновтен үйренгенім көп болды. Кәсіби білім алу үшін алдымен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде, кейін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде
оқыдым.
Арайлым: – Арал ауданындағы Аманөткел деген ауылда туып-өстім. Ол – Сыр сүлейі Нұртуған шайырдың дүниеге келген жері. Нұртуған жырауға жиеншар болып келемін. 5-сыныпта ауылға Салтанат Қожахметова атты оқытушы келіп, мектепте алғаш рет домбыра үйірмесін ашты. Қолыма домбыра алып, көпшілік алдына шығуыма да сол Салтанат ұстазымыздың үлкен ықпалы болды. 9-сыныпты бітіргесін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжіне қабылданып, Елмұра Жаңабергеновадан Арал, Қазалының жыраулық мектебі бойынша дәріс алдым. Жыраулық өнер нағашы жұртымнан бойыма дарыды десем болатын шығар. Елмұра Манасқызы да нағашы әпкем болып келеді.
– Ал жоғары оқу орнында бір ұстаздан дәріс алған боларсыздар…
Хасенхан: – Қызылордада колледжде білім алған уақытта Еркебұлан Омаров дәріс берді. Кейін мен де, Арайлым да колледж бен университетте оқыған 8 жыл ішінде Елмұра Манасқызынан білім алдық. Елмұра Жаңабергенованы өнердегі анамыз десек те болады. Сол кісінің тәлім-тәрбиесін, батасын алып, оқуды тәмамдадық.
– Көпшілік оқырман білгісі келетін болар, жырды қандай мақаммен орындайсыздар?
Хасенхан: – Қызылорда облысында жырдың айтылуына қарай бұл өнер Қармақшы, Арал – Қазалы, Жиенбай мектебі болып үшке бөлінеді. Біз Арал – Қазалы мектебінің өкілі болып саналғанымызбен үшеуін де қамтып оқыдық. Қазір мақамдардың түрі өте көп.
Терме бір мақаммен айтылуы керек деген заңдылық жоқ. Бірақ басқасына салуға келмейтін, сөзі мен мақамы үйлескен термелер болады. Айталық, «Қанекей, тілім сөйлеші» алғашқыда қалай айтылса, кейін сол мақаммен елге тарап кетті. Басқа мақамға салсаң, мағынасы ашылмайтындай, тыңдарманға жетпейтіндей көрінеді. Сол секілді «Өсиет» термесі де өз мақамын тапқан. Кейде бір термені түрлі мақаммен орындайтын кезіміз де болады. Термеде сөз бен мақам бір-бірімен жымдасып, тыңдаған адам демалып әрі рухани азық алатындай болуы керек. Сол үшін ескіден келе жатқан мақамдарды бұзбай қолданамыз. Бүгінде жыршылардың көбі өсиет, терме шығарғанымен, өзіндік мақамды дүниеге әкелетіндер көп емес.
– «Даланың дарыны, ананың тәлімі дарығанда» деп басталатын қыз ұзату әнін қазір күллі қазақ біледі. Келінді де осы әнмен қарсы алатындар көп. Арайлым, бұл әнді айту идеясы қалай туындады? Сөзін кім жазды?
Арайлым: – Бірде ауылдағы Назым есімді құрбым ұзатылатын болып, Астанадағы құрбыларым Айбала, Айданамен бірге «қандай сый дайындасақ болады?» деген ойда жүрдік. Әннің сөзін өзгертіп, тойға алып шығу идеясы осылай туындаған болатын. Арада бір жарым жыл өтіп, мен ұзатылатын кезде айтыскер ақын, университеттегі топ жетекшіміз Еркебұлан Қайназаровқа сөзін жазғызып, құрбыларым қыз ұзату әнін шырқады. Халық өте жылы қабылдап, бұл ән де сұранысқа ие болды. Мұнан кейін Айдана тұрмысқа шыққанда «Алғыс» әнін орындадық. Туындының сөзін өз өңіріне, отбасына ыңғайлы етіп айтыскер ақын Данияр Алдабергенов жазып берді. Ал «Қызымын елдің бақытын тапқан өнерден» атты әннің сөзін де Данияр ағамыз Айбала ұзатылғанда өзгертті.
Үшеуміз де карантин уақытында ұзатылдық. Үй маңы, палатканың ішінде өткен той болғасын халық еркіндікті, думанды сағынды деп ойлаймын. Соның да әсері болса керек, той кезіндегі бейнежазба да халыққа кең тарап кетті. Осы әнді орындауымды сұрап, қыз ұзату тойларына шақыратындар аз емес. Бұл әндерді негізінен Қарақат Әбілдина орындайды. Біз бұлай кең көлемде тарап кетеді деп ойламадық қой. Кейін телевизиялық бағдарламада Қарақат әпкенің алдынан өтіп, рұқсатын алып, әнді ол кісі де жылы қабылдаған болатын.
– Youtube желісінде сіздер орындаған термелер бар. Көбі телевизиялық бағдарлама, жиындарда түсірілген. Дегенмен арнайы жинақталған үлгісі бар ма?
Хасенхан: – Жинақтап, тыңдарманға ұсыну ойда бар. Бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі дүние.
– Сіздерді үлкен сахналардан көргіміз келетіні рас. Бірақ өткен жылы туған жерге, Ақбасты ауылына көшіп келдіңіздер… Ауылда шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бола ма?
Арайлым: – Хасенхан алты жылдай, мен он жылға жуық Астанада білім алып, сол жақта еңбек жолын бастадық. Кейін елге барып ата-анамыздың жанында болайық, кішкентай ұлымыз ата-әжесінің тәлім-тәрбиесін алсын деген ниетпен бір жыл бұрын Ақбасты ауылына қоныс аударған болатынбыз. Алдағы уақытта Елордаға оралып, мәдениет саласында еңбек етеміз деген ойымыз бар.
Әзірге ауылда да айналысатын жұмыс жоқ емес. Біз келгенде ауыл балаларына ұлттық өнерді үйрететін ұстаз жоқ екен. Қаладан алыстау болғасын өнер иелері ауылда тұрақтауға қиынсынады ғой. Сол олқылықтың орнын толтырып, кішкентайларға дәріс беруді, жыр
үйретуді бастап кеттік.
– Бойдағы Алла берген дарын ашыла түсуі үшін адам өз-өзіне көмектесуі керек. Жыр жолдарын, мақамдарды ұмытпау, ұлттық өнерді дамыту үшін қалай ізденесіздер? Бір-біріңізге рухани қолдау көрсететін боларсыздар…
Арайлым: – Екеуміз де бір саланы таңдап, бір жолмен жүріп келе жатқандықтан өзара қолдау қиынға соқпады. Өмірден олжалы болған жеріміз сол шығар.
Шығармашылықты таңдаған қыз бала өнерді түсінбейтін адамға тұрмысқа шықса, оңай болмайтыны рас. Оны өзіміздің құрбыларымыздан да байқап жүрміз. Ал Хасенхен екеуміздің бір-бірімізді толықтырып, үйренгеніміз көп болды. «Өнер 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбектен тұрады» дейді ғой. Шынымен де мәдениет саласы үлкен ізденісті талап етеді. Бірнеше мың жолдан тұратын дастандар, көлемді толғаулар бар. Жыршы болғандықтан, оны жатқа білуіміз керек. Сондықтан жадымызды жаттықтыру бірінші орында тұрады. Қазір күйбең тіршілік бар. Жырды жатпай-тұрмай жаттаудамыз деп айта алмаймын. Байқау, концерттерге баратын болсақ, осыған дейінгілерді қайта еске түсіріп, жаңа дүниені үйренеміз. Бүгінде таңды таңға ұрып жырлайтын жыраулар жоқ демеймін. Дегенмен тыңдаушылар жағы табыла бермейді деуге болады.
Бұрынғыдай емес, әлеуметтік желі пайда болғалы адамдар бір дүниені ұзақ тыңдап отыра алмайды. Жыр-дастанның мағынасын түсініп, ішіне кірсең шығуың қиын. Бірақ қазіргідей уақытта адамның соны түсініп, жырға ұюы қиындау дүние. Бұл «жыраулық өнер маңызын жоғалтты» деген сөз емес. Қай кезде де ұлттық өнерді ұлықтап, қайта жаңғыртуды, ізденуді, адамдарға рухани азық беруді тоқтатпаймыз.
– Маңғыстауда 3 жыл бұрын өткен республикалық жыршы-термешілер байқауында Хасенхан бас жүлде иеленсе, жуырда Ақтауда өткен республикалық байқауда Арайлым І орынмен марапатталды. Байқау туралы толығырақ айтып беріңізші. Мұндай шараларға жиі қатысып тұрасыздар ма?
Арайлым: – Иә, үш жыл бұрын Хасенхан кіл мықтылар қатысқан байқауда топ жарып, бас жүлдені иеленген болатын. Ондағы Хасенханның ең бір ұтқан тұсы Сырдың мақамымен қоса Маңғыстаудың да мақамын үйреніп, жырды сол өңірдің жыршыларындай етіп айтуы еді. Мақамына қарап, қай аймақтың термесі екенін бірден білуге болады. Мұндай ізденіс халыққа да, қазылар алқасына да ұнады. Ал осы айда Ақтауда өткен Ж.Сейітовке арналған республикалық байқауға жастармен қатар орта буын да қатысты. Хасенхан тамағын ауыртып алғандықтан сахнаға шыға алмады. Бірақ бұл байқауда Алла маған бақ берді десем болады. Ауылға келгелі тіршілікке алаңдап, өлең-жырдан
қол үзіп қалғандай болғаным рас еді. Тіпті тоқырау кезеңі десем де болады. Өнер адамдары, әсіресе қыз балалар мұндай жағдайда нәзік келеді. Шығармашылық ортадан біраз шығып, атмосфераны сезінбей қалса, қолы домбыраға бармай, қарайып қалады. Біраздан сахнаға шықпағасын сондай сезімде жүрдім. Бірақ өзімді осы ретте сынап көрейін, өнер жолы менікі болса жеңіспен қайтармын, не бір шешімге келермін деп бекіндім. Бірақ бір айға жуық дайындалған еңбегіме орай өнерім халықтың да, қазылар алқасының да көңілінен шықты. Батысқа барған осы сапар көңілімдегі сұрақты шешіп берді десем де болады.
– Бұл жеңісіңізге біз де қуандық. Елімізде мәдениет саласының өкілдерін, оның ішінде жыршы –
термешілерді қолдау қай деңгейде деп айта аласыздар?
Хасенхан: – Бәйгеде шауып көрмеген аттың жүйріктігі білінбейді. Сондықтан осындай ауқымды іс шаралар, күн-түн жырлайтын байқаулар, терапиялық жиындар ұйымдастырылуы керек. Өкінішке қарай, ондай дүниелер жағынан Маңғыстау халқына жете алмай тұрмыз. Бізде жыршы да, жырау да, ақын да, орындаушылар да көп. Бірақ мұндай республикалық байқаулар аз. Оларда жыршы аз болғанымен, ауқымды шараларды ұйымдастыру деңгейі жоғары. Біздің олардан, олардың бізден үйренері бар. Жыршы-жырауларымыздың мерейтойы жай ғана концерт түрінде емес, республикалық деңгейде аталып өтсе деймін. Кеше ғана Жетіскен Сейітовтың өзі бар кезінде 70 жас тойын өткізіп, еліміздегі жыршы-жырауларды Батыс өңірге жинады. Біздің аймақта да осылай дәстүрлі өнер иелерінің мерейін өсіріп, үлкен шаралар өткізсе жақсы болар еді.
– Сұхбат үшін рақмет!
Сұхбаттасқан Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!