Қожахмет Кеңесбеков, қолөнер шебері:
Ғылым күнделікті дамуда. Бірақ оған ілесе білу қолдан келмей жүр. Ақиқаты – осы. Даму дегеніміз қағаздағы есеп берумен шектелуде, ал шынайы іске келгенде шорқақтығымыз әлдеқашан байқалған. Біз бұл ойға ағаштан қолөнер бұйымдарын жасап жүрген қоғамға белгілі азамат Қожахмет Кеңесбековпен сұқбат барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бүгінде өнеркәсіп өндірісін қолдау керек деген ойды жиі қозғап жүрген Қожекең баланы мектеп жасынан бастап қабілет-қарымына қарай кәсіпке баулыған дұрыс деп санайды.
– Қожахмет Дінмұхаммедұлы, көптен бері осы сұқбаттың сәті түспей жүр еді. «Сабақты ине сәтімен» деп, жасап жүрген бұйымдарыңыз бен өнеріңіз жайлы өзіңізбен емен-жарқын әңгімелесудің орайы келіп тұр…
– Әлбетте, қазақ «Шебердің қолы ортақ» деген. Кәдеге ассақ, қуаныштымыз. Бұл өнерді әуелі әлеуметтік жағынан бір жыртығымызды жамап, кәсіп етіп бастадық. Бірақ уақыт өте келе, бұның кәсіп емес, хобби екеніне көз жеткіздік. Неліктен дейсіз бе?! Бұған бірнеше себеп бар. Мысалы, мен шахмат фигураларын жасап жатқаныма бір аптадан асты. Ал оның нарықтағы құны – 2500 теңге. Оған кететін шикізат құны мен көз майыңды тауысқан еңбекті ақтайды деп ойлайсыз ба?! Десек те, бұл кәсіптің шынында жолын тауып, нәпақасын айырып отырғандар бар. Олар ағашпен тыныстап, өнермен, жасаған бұйымымен тілдесе алатын адамдар.
– Шикізат деп айтып қалдыңыз… Айтпақшы, бұл бұйымдардың шикізатын қайдан, қалай алдырасыз? Әлде елімізде бар ма?
– Бір қынжылтатыны, біз қолданатын бірде-бір шикізат елімізде жоқ. Фанер ағашы Ресейден келеді, эпокситті смола мен желімді Қытайдан алдырамыз. Біз қолданатын эпокситті смола Қытайда бір литрі 200 теңге тұрады, ал бізге 24 мың теңгемен келеді. Осылайша, қалтаға тиіп тұрса да, бұйымның бағасын көтере алмаймыз. Өйткені, нарықта бұл экологиялық таза, мықты ағашпен жасалған бұйымның Қытайдан келген сапасыз әрі арзан түрі кең тарайды да, алдымызды орап кетеді. Өнімнің бағасының еңбекті ақтамай тұруына осы екі себеп ықпал етіп тұр.
– Шикізатты өзіміздің елде өндіруге не кедергі?
– Осы сұрақ мені де мазалайды. Мысалы, қарапайым сіріңке Пәкістанда өндіріледі. Бірақ оларда анау айтқан алып орман да, күкірт қышқылы да жоқ. Бірақ, шикізаттың барлығын сырттан алдырып, өңдеп, оны экспортқа шығарып жатыр. Мысалы, ертеректе Жапония Кеңес Үкіметімен сынған шыны, бөтелке қабылдаймыз деп келісім-шартқа отырған екен. Сөйтсек, оларға керегі шыны емес, шыныны қаптап жәшік істелген жоғары сұрыпты ағаштар керек болыпты. Олар ағаштай сатып алса, қымбатқа түсетінін есептеп, болмашы ақшаға шыны сатып алып, оның қорабынан бұйым жасаған екен. Жапондықтар мұнымен тоқтаған жоқ, сынған балтаның басын, күрек, айыр секілді жоғары сұрыпты болаттан жасалған үй саймандарын қабылдай бастайды. Сөйтіп, еңбек адамдары жинап-теріп, сынған оны-мұнысын пұл қылады. Ал жапондықтар ол болат металдардан ұстараның жүзін, токарлық станоктар жасап экспортқа шығарған. Өзгелер жоқтан бар жасап, өнеркәсіп өндірісін дамытып жатыр. Ал біз барды ұқсата алмай отырмыз.
– Сізге бұл идея, бұл өнерді бастау туралы алғашқы қадам жасауыңызға не себеп?
– Қолөнерді қолға алуыма карантин себеп болды. Ер азаматтың үйге сыюы қиын ғой. Әдепкіде мата кесуге алғанбыз станокты. Кейін оның ағаш кесетін, ою салатын мүмкіндіктерін көрдім де, жаңа бағыттарды аштым. Бір жағынан, менің әкем қамшы иірген адам. Әкемнің қанымен келген болу керек, осы қолөнерге қатты қызықтым. Осы кезде өзімнің ұнатқанымнан хоббиіме айналдырдым. Сіз білесіз бе, қазір біздің мектептерде технология пәнінде баяғы қол диірмен, келі, келсап деген тәрізді бағыттардан аса алмай жатыр. Рас, олар біздің ұлттық құндылығымыз, тарихымыз. Ол тарих болып қалу керек. Ал балаларға жаңа заманға сай лазерлік станоктармен жұмыс істеуді үйреткеніміз абзал. Балаларды кішкентайынан осылай өнерге баулысақ, жұмыссыз жастар болмас еді. Мысалы, маған сол кезде ағашпен жұмыс істеуді, қолөнерді мектепте үйретсе, мен әлдеқашан осы бағытқа ойысып кеткен болар едім. Ағаштан түрлі нәрсе жасауға болады. Тіпті, қозғалып, жүретін машиналар, сағаттар жасауға болады. Өзгелер мұндай нәрсеге қызығады. Балаларды жастайынан осындай нәрселер шығаруға баулысақ, олар дайын инженер болып шығар еді. Біздің осалдық танытып отырған тұсымыз бұл. Олар мына ағаштан жасалған әрбір машина, трактор, үй тағы басқа құрастырмалы бұйымдарды өздері жасап, өздері құрастырып үйренер еді. Міне, балалардың қабілетіне қарай дамытайық дейтінім осы. Көп мұғалімнің, көп дәрігердің, көптеген бухгалтерлер мен экономистердің ішінде бір-бір инженер-конструкторлар жүр. Осы ретте мен мысал айта кетейін, қасымда көмекшілерім болды. Ағаштан бұйым жасауға соншалықты ықыласы жоқ, бірақ табыс табу үшін қасымда жүрді. Шомбалдай үлкен ағашты өңдеуге, кесіп-пішуге икемі жоқ адамды тіс дәрігері етіп оқытып қойған. Қолына балға ұстап, шеге қаға алмайтын адамды микроэлменттермен жұмыс істеуге бағыттаған кімді көрдіңіз?!
– Қолыңыздан шыққан туындылардың қай түріне, кімдер қызығушылық танытып, тапсырыс береді?
– Біздің қазаққа баланың ой-өрісін дамытатын әлгіндей қозғалмалы техникалар мен ағаштан жасалған жүретін сағаттар, конструкторлар қызық емес. Маған көбіне кәдесыйға, тойтабаққа тапсырыс береді. Балабақшаларда балалардың ақыл-ойын дамытатын, өздерінің көзқарасын, қоғамдағы жақсы мен жаманды ажырататын дағдыларын қалыптастырар жақсы бір бұйымдар да жасап жүрміз. Әлбетте, сұраныс бар. Бірақ жоғарыда айтқандай Қытайдың арзанқол өнімдері біздің нарықты жаулап алған. Олардың қасында ағаштан жасалған экологиялық таза өніміміз ағайынның төрінде тұрса дейміз. Тек біз үшін ғана емес, қауіпсіз болған соң ел үшін де пайдалы, құндылықтары төрге шықса, ұлтымыз үшін ең қажетті қадамдар. Қазір де түрлі идеяларды дамытып, түрлі өнімдерді тұтынушыға ұсынып келеміз.
– Негізгі қызметіңізге хоббиіңіз кері әсерін тигізбей ме?!
– Бұл өнерге қызығушылығымның артуына тағы бір себеп болды. Жапонияда мынадай бір принцип бар. Мысалы, біздің қазақ самайына ақ түсіп, жасы біразға келген кісіні ақсақал деп атайды. Ал жапондар бұл ұғымды мүлдем басқаша түсінеді екен. Ақсақал деп айту үшін олардың ойынша, бір адам кемінде 15 жылдан 3 мамандықты меңгеру керек екен. Мәселен, 15 жыл дәрігер болдың ба, кейінгілерге орын бересің де, ары қарай 15 жыл мұғалімдікті үйренесің. Тағы 15 жыл тағы бір ғылымға үлес қосуың керек. Олардың түсінігінде бір саланы 15 жылда игеріп, одан ары қоғам дамуына үлес қоса алмайды. Сосын келесі бір сала арқылы ел дамуы жолында еңбек етуі керек. Менің негізгі жұмысыма қоса қолөнерді серік етуіме осы ақпаратым да ықпал етті. Бір диірменді орнында айналдырып отырып, мен қоғам дамуына пайдамды тигізе алмауым мүмкін. Ал қазір жұмыстан, қоғамнан шаршап кеткенде ағашпен жұмыс істеу арқылы дем аламын. Хоббиін сүйген адам солай болады.
– Біршама мәселенің басын шалдық. Шешілу үшін не істей аламыз?
– Баланы қабілетіне сай баулып, қоғамнан шеткері қалмай, өзімізді дамытуымыз керек. Мысалы, мына біз алып отырған лазерлі станоктар Қытайда 2013 жылы шығуын тоқтатқан. Ал біз оған тәмсанып отырмыз. Көштен қалмайық. Елді дамыту өзімізді дамытудан басталады.
– Қожеке, өнеріңіз өрге жүзсін. Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Дәулет Қырдан,
Суреттерді түсірген
Нұрболат Нұржаубай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!