Өткен күнді өлшеп, бүгінге шынайы баға беретін тарихшылар ғана. Ұлтты тану мен сүюдің алғышарты да тарихты түсінуде жатыр. Сондықтан аталған салаға аяқ басқан жастарға қолдау көрсету маңызды. Осы орайда қазалылық жас тарихшы Рамазан Әбілдоспен сұхбаттасқан едік.

– Тарих – жан тазалығын, шынайылықты, үздіксіз ізденісті талап ететін ғылым. Бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болды?
– Иә, әрине. Тарих – тынымсыз еңбек пен үлкен тәжірибені қажет ететін ғылым саласы. Менің тарих саласына деген қызығушылығым оқушы кезімнен басталды. Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр атындағы № 70 орта мектебін бітірдім. Онда көбіне гуманитарлық бағыттағы пәндер ерекше ұнайтын. Оның ішінде, әсіресе, тарих пен әдебиет сабақтары ерекше назарда болды. Бесінші сыныпқа өткен шағымда аудандық кітапхананың балалар бөлімінен ересектер бөліміне ауыстырды. Әлі есімде, осында ең алғаш оқыған тарихи кітабым – Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі. Автордың кітап жазу барысындағы тарих ғылымына деген шексіз адалдығы ерекше әсер етті. Кейінірек, оныншы сыныпқа өтер кезімде ұстазым Ұлан Қалиев Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу мақсатында №249 мектеп-лицейдің мұғалімі, ауданның белгілі тарихшысы Ғалымжан Жантөреден білім алуға кеңес берді. Тарих ғылымына қатысты бастапқы негізгі білімді Ғалымжан ағайдан үйрендік десек болады. Күнделікті мектептегі сабақтар аяқталысымен, Ғалымжан ағайдың үйіне жол тартып, кешкі сағат 10-ға дейін тарихпен шұғылданатынбыз. Ұстаздардың берген тәрбиесі мен білімінің нәтижесінде мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне (ол кезде – Тарих, археология және этнология факультеті деп аталатын) мемлекеттік грант негізінде оқуға түстім. Жоғары оқу орнындағы студенттік жылдарымда белгілі тарихшы-ғалымдар С.М.Мәшімбаев, Қ.С.Қаражан, Т.Омарбеков, Б.Б.Кәрібаев секілді профессорлардың дәрісін тыңдадық.
Өзім ҚР ҰҒА Құрметті академигі, т.ғ.д., профессор Т.Омарбековтің ғылыми жетекшілігінде болдым. «Бір мұғалім бар, алдынан тез кеткің келеді, бір мұғалім бар қуып жеткің келеді, ұстаз бар, алдында мәңгі жүгініп өткің келеді» демекші, қадірлі ұстазымыз, марқұм Талас Омарбеков біз үшін «мәңгі жүгініп өткің келетін» ұстаз еді. 2021 жылы «Кеңестік тоталитарлық жүйенің билігі жағдайындағы тұлғалар қызметі (ХХ ғ. 20-30 жылдары)» атты тақырыптағы дипломдық жұмысымды сәтті қорғап, білім ордасын үздік дипломмен аяқтадым. Одан әрі осы оқу орнының магистратура бөліміне оқуға түсіп, биыл ҚР ОМА директоры, т.ғ.к. С.Қ.Шілдебайдың жетекшілігімен «Қазақтың алғашқы кәсіби тарихшысы Х.М.Әділгереевтің өмірі мен ғылыми-педагогикалық қызметі (1907-1974 ж.ж.)» атты тақырыптағы магистрлік диссертацияны жемісті қорғап, «гуманитарлық ғылымдар магистрі» атандық. Осы­лайша, тарих ғылы­мына өзіміз­дің алғаш­қы қада­м басып жатыр­мын.
Ал­ғашқы пьеса жазған қазалылықты анықтадыңыз. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
– ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы сталиндік қуғын-сүргін саясатының салдарынан қаншама көзі ашық, көкірегі ояу азамат­тардың өмірі қиылып, олардың отбасы­лары мен жақын туыстары итжек­кенге айдалып кеткені белгілі. Сол тоталитарлық жүйенің құрбаны болған қазақ қайраткерлерінің бірі, жерлесіміз Меңдіболла Күзембайұлы жайлы бүгінге дейін бірде-бір көлемді мақала жарық көрмеді. Меңдіболла Күзембайұлы – өткен ғасырдың алғашқы шире­гінде Қазалы­дағы білім беру ісін дамыту мен жергілікті халықтың хал-ахуалын көтеру мақса­тында ұшан-теңіз қызмет атқарған қайраткер. 1918 жылы халық аштықтан әбден қалжыраған шақта қаланың бай-қуатты адамдарынан қаражат жинап, аштыққа ұшыраған жандарды аман алып қалу мақсатында түрлі көмек көрсету шарасын ұйымдастырды.
Өңірдегі егіншілік кәсібін дамыту үшін арықтар қаздыру жұмысына басшылық жасады. Сырдария съезінде Түркістан Уақытша ұлт кеңесіне мүше болып сай­ланды. Ташкент, Қызылорда, Мәскеу және Алматы қалаларында түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтерді іздестіру барысында Алматы (ҚР ОМА, ҚР ПА), Шымкент (ТОҚСТМА), Мәскеу (РГАСПИ) және т.б. қалалардағы архив қорларынан құнды құжаттарды анықтадық. Біздің назарымызды ерекше аударған маңызды туынды – Меңдіболла Күзембайұлының «Бақытсыз қыз» (1918 ж. (баспаға даярлаған Ш. Сарыбаев) атты пьесасы. Оны біз ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорынан кезіктірдік. Шығармада өрімдей жас қазақ қызының еркінен тыс болыс­қа әйелдікке беріліп, оған көнбеген ару ауыл­дан қашып, қыстың бораған шағында адасып, ақыры үсіп өлгені жайлы траге­диялық оқиға баяндалады.
Өкінішке орай, елім деп еңбек еткен асыл азамат Меңдіболла Күзембаев нақақ жаланың салдарынан 1938 жылы 7 наурызда 49 жасқа толар туған күніне 8 күн қалғанда, сталиндік репрес­сияның құрығына ілігіп, ату жазасына кесілді. Қайраткердің жары Степанида Лаврентьевна 11 жасар баласы Абайменен Алма­тыдағы пәтерінен қуылып, қала сыртынан жертөле қазып, күн көруге мәжбүр болды. Азапқа шыдамаған жары көп ұзамай, ауыр дертке шалдығып, жан тапсырды. Арыстың жалғыз тұяғы Абай Меңдоллаұлы 2021 жылы 4 наурызда 95 жасында өмірден озды. Қазіргі таңда одан тараған ұрпақтары Ресейде тұрып жатыр.
Халқына қалтқысыз қызмет еткен тұлғаның еңбегі егеменді елімізде лайықты түрде қастерленуі тиіс. Алдағы 2024 жылы Меңдіболла Күзембайұлына 135 жыл толады. Соған байланысты ардақты азаматтың өмірі мен қызметіне байланысты жинақ шығарсақ нұр үстіне нұр болар еді.
– Омбыға барып, архивті ақтарып, тың ақпарат тапқан боларсыз? Омбыда оқыған қазақстандықтардың арасында қызылордалықтар да бар шығар?
– Осы жылдың 19-29 маусым аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., қауым. профессор Д.С.Байгунаковтың жетекшілігімен керемет жоба жүзеге асты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси репрессия құрбандары қалдықтарының археологиялық верификациясы мен тарихи иденфикациясы: пәнаралық зерттеулер»» ғылыми-зерттеу жобасы негізінде тарихшы Е.Стамшаловпен бірге Ресейдің Омбы қаласындағы Омбы облысының мемлекеттік тарихи архивінде (ГИАОО) болдық. Жоба тақырыбына қатысты құжаттарды іздеу және жинақтау мақсатында іссапар сәтті өтті. Жұмыс нәтижесінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Омбы қаласындағы оқу орындарында білім алған қазақ студенттері мен өткен ғасырдың 20-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының өмірі мен қызметіне қатысты аталған архив қорларынан көптеген құжаттың көшірмелері әкелінді. Оның ішінде, атап айтсақ, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, А.Тұрлыбаев, Д.Әділов сынды қайраткерлердің жеке істеріндегі құжаттардың сканкөшірмелері бар.
Тарих кеше кім екенімізді тануға көмектеседі. Ал ертең қандай ұлт боларымыз бүгінмен тығыз байланысты. Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі Қазақстан қай қырынан, қаншалықты зерттелуде?
– Ұстазым, академик Берекет Бақытжанұлы дәрістердің бірінде былай деп айтқан еді: «Тарих ғылымы өзіне басты жеті міндет жүктейді. Олар: білім, ғылым, тағылым, тәрбие, саясат, идеология және болашақты бағдарлау». Міне, осы мұраттардың жолында еліміздің тарихшы-ғалымдары аянбай тер төгіп, зерттеу жүргізеді. Көбінесе тарих ғылымынан алыстау жандарға тарих тек ғана фактілерден құралған баяндау сипатындағы әңгіме ретінде көрінеді. Бірақ шын мәнінде мүлдем олай емес. Тарих математика ғылымы секілді дәлдікті қажет етеді.
Егемендік жылдарынан бастап, тарих ғылымы бұрынғы таптық көзқарастардан бас тартып, өркениеттік негіздегі көзқарастар мен ұстанымдарға бет бұрды. Кезіндегі алып «Қызыл империядағы» саяси жағдайларға байланысты жабық болған тақырыптарды зерттеуге мүмкіндік туды. Бүгіннің өзінде КСРО «келместің кемесіне мініп кетсе де», осы тақырыптарға қатысты архив құжаттарының ішінде әлі де «құпия» таңбасы алынбағандары жетерлік. Бұл дегеніміз, Қазақ тарихының ХХ ғасырдағы ең күрделі кезеңдеріне қатысты ақиқат толықтай зерделенбеді деген сөз.
Тағы бір айтарым, қазір елдегі тарих ғылымының жағдайы көңіл толарлық деп айта алмаймын. Өкінішке орай, ғалымдардың материалдық жағдайы ретке келмей, ғылымның ілгері дамуы жайлы әңгіме қозғаудың өзі асығыстық. Қазір ғалымдар азғантай жалақы алса да, нағыз «Платондық махаббатпен» еңбек етіп жатыр. Бірақ ғылым үшін тер төккен әрбір азамат еңбегінің лайықты бағаланғанын қалайды. Әйтпесе, ол іштей жұтылып, өзін-өзі жоғалтпасына кім кепіл?!
Әдемі әңгімеңіз үшін рақмет!


Сұқбаттасқан
Дина Бөкебай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!