Теміржол – қозғалыс, дәлдік пен жауапкершілік үйлескен сала. Себебі мыңдаған шақырымды еңсеріп, жолаушылар мен жүктерді межелі жерге сау жеткізу басты міндет. Ал бұл ретте машинистердің рөлі зор. Жуырда теміржол арқылы жүк тасымалдайтын «DAR Rail» компаниясында қызмет ететін еңбек адамдарының жұмысымен таныстып қайттық.

«ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ОТБАСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІМ»

«Жұмысшы мамандықтар – теміржол саласының негізі» деген ұранды ұстанатын мекеме басшылығы еңбек адамын насихаттауды, цифрлық технологияларды енгізуді және қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша да бірнеше бастамаларды қолға алуда. Себебі еңбек адамының жұмысы елену қажет деп санайды. Мекеменің бас директоры Ринат Дюсенов те бұл салаға кеше келмеген. Оның айтуынша, мектепте оқып жүргенде-ақ локомотив бригадаларының жұмысын түсініп, техникалық пайдалану ережелерімен таныс болған.

– Мен теміржолшылар отбасында дүниеге келдім. Әкемнің жұмысы арқылы бұл салаға бала кезден-ақ жақын болдым. Есте қалған ерекше сәт ретінде 1991 жылы әкеммен бірге локомотив депосына барғанымды айта аламын. Оның жабдықтарды таныстырып, токарь станогында жасаған шағын деталімен ұзақ ойнағаным есімде.

Ал 18 жасымда локомотивтерге техникалық қызмет көрсету пунктінде слесарь-ходовик болып жұмыс істей бастадым. Кейін «Алтын Орда» жөндеу депосына ауысып, электромашиналық және электроаппараттық цехтарда еңбек еттім. Одан соң курстан өтіп, локомотив депосына жұмысқа тұрдым. Осылайша көмекшіден электровоз машинисті дәрежесіне дейін жеттім. Ал кейін локомотив депосы директорының орынбасары қызметіне дейін көтерілдім, – деді ол.

Білікті маманмен әңгімелескенде, әрине, барынша ақпарат алуды қалаймыз. Келесі сауалымыз теміржол саласындағы жұмысшы мамандықтардың маңызы жөнінде болды.

Теміржол - өмір жолы

– Жұмысшы мамандықтарды теміржол саласының тірегі деп есептеймін. Машинист, диспетчер және сала қызметкерлерінің барлығы да теміржол қозғалысын ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Кеңес дәуірінде теміржол саласындағы жұмысшы мамандықтар, әсіресе теміржол мамандары әскери қызметке теңестірілетін. Машинистер министрге тікелей хабарласа алатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мамандыққа деген сұраныс азайды. 2000-шы жылдардың басында маман тапшылығы қатты байқалды, – деп жауап берді Ринат Дюсенов.

Сұхбат барысында жастардың да үлесі айтылды. Компания басшысы жастардың жеңіл табыс көздерін іздеуге бейім екенін тілге тиек етті.

– Машинист болу қиын, жауапкершілігі жоғары деп ойлап, бұл мамандықтан қорқатын жастар бар. Мұндай көзқарасты өзгерту үшін студенттермен арнайы кездесулер өткізіп, жастар форумдарына қатысып, теміржол саласындағы мансап туралы ақпарат береміз.

Қазір біздің компанияда жастардың саны артып келеді. Әрине, жаңадан келгендер үшін 6 000 тонналық құрамды басқару үлкен жауапкершілік, дегенмен дәл осындай қиындықтар білікті мамандарды қалыптастырады. Қазіргі «DAR Rail» ЖШС қызметкерлерінің шамамен 40 %-ы 30 жасқа дейінгі жастар. Біз колледждер мен ЖОО түлектеріне басымдық беріп, мансаптық өсуге мүмкіндік ұсынамыз, – деді ол.

Иә, теміржолда жастар жоқ деп айтуға келмейді. Ал басты талап қандай?

– Ең бастысы оқуға және дамуға деген ынта. Біз өз ісін сүйетін, жауапкершілігі жоғары адамдарды іздейміз. Шыншылдық, адалдық, стресске төзімділік, күрделі жағдайларда шешім қабылдай білу машинистке қажет басты қасиеттер. Біз жаңа кадрларды оқытуға және қолдауға дайынбыз.

Машинистердің өмірі мен еңбегіне арналған кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Теміржолшылар қызмет барысында оқиғаларымен бөлісіп, тәжірибе алмасып отырады. Бұрын бұл әңгімелер депода, асханаларда айтылатын. Біз сол естеліктерді жинақтап, кітапқа енгізуді жөн көрдік. Бұл кітапта локомотив бригадаларының өмірден алынған оқиғалары, олардың кәсібилігі мен ерлігі баяндалады. Кітапты «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында шығаруды жоспарлап отырмыз, – деп қорытындылады Ринат Тасбулатұлы.

«КІШКЕНТАЙ ҚАТЕЛІКТІҢ САЛДАРЫ АУЫР БОЛУЫ МҮМКІН»

Ал электровоз машинисі Руслан Хамитов бір күндік жұмысымен бөлісті.

– Жұмысқа шақырту берілгеннен кейін станцияға келіп, арнайы формамызды киіп, нұсқаулықтан және рейс алдындағы медициналық тексерістен өтеміз. Маршрутқа байланысты кейде Павлодардағы «Южная» станциясына барып, локомотивті қабылдап, жабдықтардың дұрыстығын тексеріп, сапарға шығамыз.

Біздің маршруттар «Екібастұз», «Ахбедаик», «Ушкулун» станциялары арқылы өтеді. Сонымен қатар «ГРС Ақсу-1» секілді жүк станцияларында да жұмыс істейміз. Кестені қатаң сақтап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету біз үшін маңызды процесс.

Ауысымдық жүйе бойынша жұмыс істейміз. Сапардан кейін 16 сағат демаламыз. Кейде ауысым бір тәулікке, кейде одан да ұзаққа созылады. Нормативтерге сәйкес, бізде аптасына 48 сағат демалыс бар. Бұл жұмысқа қажетті күшті қалпына келтіруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Теміржол - өмір жолы

Сонымен қатар талаптарға тоқталды.

– Әрбір машинист аттестациядан өтеді. Жыл сайын емтихан тапсырамыз, сонымен қатар күнделікті техникалық сабақтар өтеді. Біз 27 500 вольт кернеумен жұмыс істейміз. Сондықтан кішкентай ғана қателіктің салдарғы ауыр болуы мүмкін.

Теміржол – қауіпті аймақ. Ал ең қиын жағдай – локомотивтің жұмыс барысында бұзылуы. Мұндайда 20 минут қана уақыт бар. Осы аралықта ақауды анықтап, жөндеуге тырысамыз. Егер мәселені шешу мүмкін болмаса, қосымша локомотив шақырылады, өйткені пойыздардың қозғалысын кешіктіруге болмайды, – деп тәжірибесімен бөлісті Руслан Хамитов.

Міне, теміржол саласының бір парасымен таныстық. Көзге көрінбейтін, десе де жұмысы нағыз жауапкершілікті талап ететін мамандар қаншама?! «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек нарығындағы жасырын қаһармандардың еңбегі еленеді деген ойдамыз.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!