Теміржол – ел экономикасының күретамыры. Күні-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген сала мамандарының арқасында ел ішіндегі жолаушы қозғалысы мен жүк тасымалы үздіксіз қозғалыста. Ал осы салаға өмірін арнап, бірнеше буын бойы тынымсыз еңбек етіп келе жатқан әулеттердің бірі – жаңақорғандық Рзаевтар әулеті. Бұл әулеттің теміржол саласына сіңірген жалпы еңбек өтілі – 500 жылдан асып жығылады.

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл – ерен еңбектің символына айналған жұмысшы мамандардың ел дамуына қосқан үлесі үшін алғыс һәм құрмет. Шойын жолды ел тірегі деп есептесек, Рзаевтар әулеті – сол тіректің тұғырын берік етіп отырған нағыз еңбек адамдары. Адал қызмет пен ұрпақ сабақтастығының үлгісін осы әулеттен аңғаруға болады.

Теміржолдың бойында өмірі мен қызметі қатар өрілген, темірдей тәртіпке бағынып, адал еңбегімен абырой биігінен көрінген ардагер теміржолшы – Оразбек Рзаевпен сұхбат құрудың сәті түсті.

– Оразбек аға, Рзаевтар әулеті – нағыз теміржолшылар династиясы. Әулетіңіздің теміржол саласындағы тарихы жайлы тарқатып айтып берсеңіз.

– Біздің ата қонысымыз – осы Жайылма. Бұл жер – малға жайлы, жолдың арғы бетінде терең әрі балығы мол Бозкөл жатыр. Әулетіміздің теміржолмен тағдырлас болғаны рас. Атам Әбілезім 1900-1904 жылдары «Орынбор – Ташкент» теміржолының топырақ төсемін салуға қатысып, алғаш еңбек жолын бастаған. Кейін ұзақ жыл жол жөндеуші болып еңбек етті. Үйленеді. Балалы-шағалы болады. Өзінің алты баласының үшеуі әке жолын қуып теміржолшы атанады. Содан бастап бүгінге дейін төрт буын теміржолда қызмет атқарып келеді. Атамыз Рза Әбілезімовтің үлкен баласы Бектас теміржолда жұмыс істеп жүріп, Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыстан оралған соң 1969 жылға дейін Жайылма станциясында кезекші болып жұмыс істеді. Әкем Құлтас 45 жыл теміржолда еңбек етіп, зейнетке шықты. Битас ағам Ташкенттегі теміржол институтын бітіріп, жол бригадирінен бастап, Қандыағаш жол дистанциясының бастығына дейін көтерілді. 1981 жылы қайта оралып, Шалқия теміржол кешенін салуға қатысты.

Ағаларым Бектас, Битас, Абдулла – бәрі де өмірін теміржолға арнады. Бірі инженер, бірі станция бастығы болса, енді бірі «Құрметті теміржолшы» атанған азамат. Мен де сол жолды жалғап, жарты ғасыр ғұмырымды теміржолға арнадым.

Теміржол саласындағы 500 жыл

– Балалық шағыңыз теміржолдың бойында өткен екен. Ал өзіңіздің бұл саладағы жолыңыз қалай басталды?

– Иә, бала күніміз Жайылма станциясында өтті. Үйіміздің тұсынан өтетін пойыздардың даусы, вагондардың сықыры – біз үшін қалыпты жағдай еді. Сол ортада өскен соң, менің басқа салаға кетуім мүмкін де емес еді. Бұл бізге атадан дарыған мамандық сияқты.

Мен еңбек жолымды жол жөндеуші болып бастадым. 1979 жылы теміржолда электрмеханик болып жұмысқа кірдім. Әскерден соң Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясына монтер болып ауыстым. 1990 жылы он айлық электрмеханик курсын бітіріп, 1994 жылы Жайылма станциясына станция бастығы – электрмеханик болып тағайындалдым.

– Бұл салада кішкене қателіктің өзі үлкен қауіпке ұласатыны белгілі. Қызметте қандай талаптар болды?

– Біздің учаске 7 шақырымды құрайды. Теміржолда салғырттыққа мүлде жол жоқ. Бағдаршам, бұрмалар, рельс тізбегі, кабель, аккумулятор – бәріне жауаптымыз. Апта сайын техникалық тексеріс, ай сайын релелік өлшеу, жүйелі жөндеу – бәрі талапқа сай жасалып, қатаң тәртіппен жүреді. Әр белгі, әр қозғалыс – ережеге сай болу керек.

Ең бастысы – 1994 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін өзіме бекітілген учаскеде бірде- бір күрделі ақауға жол берген емеспін. Бұл – жай мақтаныш емес, үлкен жауапкершіліктің нәтижесі. Жұмысымды адал атқаруға тырыстым. Жүйелі тексеру, уақытылы жөндеу – бәрі маңызды.

Жүк пен жолаушы пойыздарының қарқыны сондай – біреуі тұрып қалса, оның артынан 10–15 пойыз кептеледі.

Теміржол саласындағы 500 жыл

– Кеңес дәуіріндегі Жайылма станциясының тіршілігі қандай болды және қазіргі ахуалы қандай? Жайылма разъезі туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Сексенінші жылдарға дейін мұнда отыз шақты тұрғын үй, шағын бастауыш мектеп, 4 СОБ маманы, 4 станция кезекшісі, он шақты жол жөндеуші болды. Тұрғындар теміржолмен қатар мал ұстап, Бозкөлден балық аулап күнелтті. Балалар Түркістандағы интернатта оқыды. 1991 жылдан бері бұл разъезден өтетін пойыз саны азайды.

Жайылма разъезіне бүгінде пойыз тоқтамайды. Бірақ қандай да бір себеппен тоқтай қалса, оны қамтамасыз ететін 4 бағыттамалық бұрма мен 10 бағдаршам қашанда дайын тұрады. Технология дамығалы бері шағын станциялар қозғалысқа белсенді араласпайды. Дегенмен тірек пункт ретінде маңызы зор.

– Теміржолшылар әулетінің еңбек жолы бүгінде жалғасып жатыр ма?

– Бұл – мен мақтана айтатын дүние. Ұлым Бауыржан – байланыс механигі, екінші ұлым Олжас та осы мамандық иесі. Інілерімнің бірі Бақытжан – аға электромеханик. Екіншісі Арыстанбек – жол жөндеуші, оның ұлы Жаңақорған вокзалында электрик. Жиендеріміз Рүстем мен Ерболат – екеуі де теміржол саласында.

Абдулла ағамның қызы Меруерт Қызылорда жол бөлімшесінде жауапты қызмет атқарады. Ал Бектас көкеміздің немересі Жансая – Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында «Тасымалды ұйымдастыру» мамандығын бітіріп, логистика магистрі атанды. Қазір Атасу Групп компаниясында логист болып жұмыс істейді. Битас ағамның қызы Гүлнар – Белкөл станциясында қызметте. Айта берсең тізім ұзақ. Бірақ әрқайсысы өз ісінің нағыз маманы.

Теміржол саласындағы 500 жыл

– Зейнетке шыққан соң бұл саламен байланысыңыз үзіліп қалған жоқ па? Сіз басқарып, тәрбиелеген жастардың ішінде шәкірттеріңіз жайлы айтсаңыз…

– Жайылма станциясындағы жаңа буын мамандардан Ықылас Убашовты арнайы дайындап, зейнетке шыққанда орнымды тапсырып кеттім. Өзім де жыл сайын оқыту курстарынан қалмай, біліктілігімді арттырып отыратынмын. Бұл – мен үшін үлкен міндет. Себебі теміржолда тәжірибе мен тәртіп сабақтастығы үзілмеуі керек. Білгенімді үйретіп, соңымнан ерген жастарға жол көрсеттім.

– Еңбегіңіз ескерусіз қалмаған болар?

– Жылдар бойы үздіксіз еңбек пен жауапкершіліктің арқасында сала басшылығы тарапынан түрлі алғыс хат пен құрмет грамотасын алдым. «Транс-Экспресс» салалық журналында әулетіміз жайлы арнайы мақала жарық көрді. Бірақ ең үлкен жетістік – осы салада үздіксіз қызмет етіп, ұрпағымды да осы жолға салғаным деп білемін.

Жуырда ғана облыс орталығында ұзақ жыл еңбек еткен теміржолшылар кездесуіне шақырту алдым. «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов алғыс хат табыстап, арқамызға шапан жапты.

Еңбегім ескеріліп, түрлі марапат алдым. Ал ең басты жетістік – темір жол бойындағы тыныш әрі тиянақты жұмысым.

Теміржол саласындағы 500 жыл

– Теміржолшыларға айтар тілегіңіз қандай?

– Біз шойын жолдың бойында туған, теміржолмен тыныстаған адамдармыз. Сондықтан менің тілегім – теміржол тіршілігінің тыныштығы, халқымыздың амандығы.

– Әңгімеңізге рақмет! Әулетіңіздің өнегелі жолы талай жасқа үлгі болары анық.

Түйін. Теміржол – жай ғана қатынас құралы емес, тұтас бір халықтың тыныс-тіршілігімен, экономикалық дамуымен тығыз байланысты сала. Сол жолда күн-түн демей тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегі өлшеусіз. Тағдыры мен тарихы, өткені мен бүгіні шойын жолмен сабақтасып жатқан Рзаевтар әулеті – ұрпаққа нағыз үлгі.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!