Қазақстанда мемлекеттік сатып алу – бизнес бастауға таптырмас мүмкіндік. Дегенмен көпшілік бұл саланы күрделі, тіпті түсініксіз деп санайды. Тендер саласында 14 жылдық тәжірибесі бар, «Business tgz group» ЖШС-нің негізін қалаушы Қарлыға Тілеубековамен осы саланың қыр- сырына үңілдік.
– Білуімізше, сіз көптеген шәкіртке тендер туралы білім беріп жүрген білікті мамансыз. Тендер әлеміндегі әйел табысы туралы айтып беріңізші. Әйел адам ретінде ерлер басым салада табысқа жету қиын болды ма? Қандай кедергілермен бетпе-бет келдіңіз?
– Маған дәріс алуға көбіне әйел адамдар келеді. Себебі ер азаматтардың арасында әйелдің бизнеске араласуына әлі де күмәнмен қарайтындар көп. «Ұрынып қалады», «басқара алмайды» деген секілді теріс пікірлер нәзік жандардың сағын сындыруы мүмкін. Бұл – кез келген әйел кәсіпкердің алғашқы қадамын ауырлататын, жиі кездесетін кедергі. Тіпті жақын адамдарынан моральдық қолдау көрмегенде, олар өзіне сенуден қалып жатады.
Сондықтан мен тек тендер үйретіп қоймай, әйелдердің бойындағы қорқынышты жеңуге, сенімін нығайтуға тырысамын. Қазіргі әйел – тек ана, жар емес, табысты кәсіпкер бола алатын тұлға. Қолдау мен дұрыс бағыт болса, олар кез келген саланы меңгеруге қабілетті. Менің миссиям сол мүмкіндікті көрсету, демеу болу.
– Мемлекеттік сатып алуға енді ғана қадам басқан кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз? Ең жиі жіберілетін қателіктер қандай?
– Бұл салаға жаңадан келетіндерге айтар басты кеңесім – өздігінше үйренуге тырыспаңыз. Орысша айтқанда, «самоучка» болу үлкен қателік. Заңды білмей, интернеттен сенімсіз ақпараттарға сүйеніп әрекет ету құрдымға апарады. Ең бастысы – сапалы білім алу керек. Техникалық сипаттамаларды дұрыс зерттеу, нарықтағы бағаны нақты бағалау, қандай тендерге қатыспау керек екенін білу табыстың алғышарты.
– Қазақстандағы тендер жүйесінің қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз? Жүйені жақсарту үшін не істеу керек?
– Жүйенің әлсіз тұстары бар. Ең алдымен, тапсырыс беруші тарапынан техникалық мінездеме нақты әрі адал жасалуы қажет. «Біреуге бейімделген» байқаулардан арылуымыз керек. Сонымен қатар заңнама жиі өзгереді, бұл қатысушы тарапқа ыңғайсыздық тудырады. Саланы тұрақты әрі түсінікті ету – жүйенің ашықтығы мен әділдігі үшін маңызды деп ойлаймын.
– Тендер арқылы табыс табу туралы айтып берсеңіз. Сіздің курсыңыздан кейін нақты нәтиже көрсеткен оқырмандар болды ма? Кәсіпкерлік пен тендердің байланысы қандай?
– Иә, өзінің маманданған саласынан кетсе де, белгілі бір жетістікке жетіп, бүгінде нанын осы бағыт арқылы тауып отырған шәкірттерім жеткілікті. Көлік алып, үйлі болып, қуанышымен бөліскендер көп. Солардың бірі – атыраулық Жанна есімді әйел кісі. Оның бес баласы бар, бірақ отбасын өзі осы тендердің арқасында асырап отыр. Бүгінде цех ашып, ет сататын дүкені іске қосылды.
Одан бөлек, Шолпан есімді жас ана болды. Ол үйде отырып-ақ бірнеше компанияға қызмет көрсетіп үлгерді. Тіпті шетелде жұмыс істеп келген Нұрсұлтан есімді азамат та осы саланың арқасында нәпақасын тауып отыр. Осындай жетістікке жеткен шәкірттерді айта берсем көп.
– Жастардың бизнеске қызығушылығы қалай өзгеріп жатыр? Қандай бағыттар келешекте сұранысқа ие болады?
– Олардың қызығушылығы артпаса кемімейтіні анық. Себебі заман осыны талап етіп тұр. Оқуға студенттер де келеді. Ең жақсысы – жастар жұмыстан қашпайды. Керісінше ақша табудың оңтайлы жолын іздейді. Өкінішке қарай, табыс табудың жеңіл түрін іздейтін жастар да бар. Алайда олар мұның пайда әкелмейтінін түсінсе екен деймін. «Тегін дүниенің түбі тұзақ» демекші, арзан білімге құмартпай, білікті маманнан сапалы білім алғандарыңыз жөн. Ал болашақта сұранысқа ие болатын салалар қатарында – IT, программалау, құрылыс және сантехника сынды нақты бағыттар бар.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!