Биыл қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Ғылыми конференция, әдістемелік ізденіс саны артып, ғылыми ортаға айтарлықтай өзгеріс әкелуде. Аталған мерейтойға Тіл саясаты комитетінің «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл–Қазына» ұлттық ғылыми–практикалық орталығы да атсалысып, оқытушылар арасында республикалық байқау ұйымдастырды.
Дәстүрлі өткен сайыстың биылғы жеңімпазы – қызылордалық Алтынай Орынбаева. «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ оқытушысы А.Байтұрсынұлының тіл оқыту бағытындағы мұраларын терең танып, ғалым ұсынған әдіс-тәсілдерді бүгінмен ұштастыра білген.
– Алтынай Романқызы, жеңіс құтты болсын! Республикалық байқауда бас жүлдені иеленуіңіз – аймақ үшін үлкен жеңіс. Аталған байқаудың негізгі ерекшелігі неде?
– Құттықтауыңызға рақмет! Байқаудың ерекшелігі – тіл оқытудағы артықшылықтарды саралау, ұлт ұстазы, реформатор А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын насихаттау. Дәстүрлі үздік оқытушылар байқауында жыл сайын республиканың түпкір-түпкірінен келген сайыскерлер бақ сынайды. Аталған байқауға биыл 12 облыстан оқытушы қатысты.Облыста өткен іріктеуден жеңімпаз болып, республикаға жолдама алдым. Ал үлкен байқаудан бас жүлде алғаныма сене алар емеспін.
Байқау 4 кезеңнен тұрды. Оның ережелері оңай болмады. 1-кезеңде этнос өкілдеріне 10 минуттық сабақ өткізіп, Facebook желісіндегі tilqazyna парақшасына жарияланды. Бұл арқылы тіл тағдырына немқұрайлы қарамайтын қалың оқырман қауымға пікір білдіру, баға беруге мүмкіндік туды. Келесі кезең қазақ тілін оқытудағы жинақтаған тәжірибеміз арқылы авторлық бағдарламаны қорғадық. Оған қазылар алқасы баға берді. Үшінші кезеңде Ахмет Байтұрсынұлының зерттеушілік мол мұрасына, еңбектеріне, ғылыми тұжырымдамасына қатысты дайындалған сұрақтарға жауап бердік. «Қазіргі таңда жаңартылған бағдарлама бойынша қалай оқытқан тиімді?» деген секілді сұрақтар қойылды. Соңғы шешуші кезең арнайы сынама топтың қатысуымен жағдаяттық түрде өтті. Біз тіл үйренушілерге сөйлеу әрекетінің төрт түрі – оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым бойынша тапсырма беріп, жұмыс істедік
– А.Байтұрсынұлының еңбектеріне басымдық берілуі аталған сайыстың маңызын арттырса керек. Байқаудың үшінші кезеңі ғалым мұрасына қатысты сұрақтарға құрылғанын білеміз. Бұл орайда қалай дайындалдыңыз? Ғалымның ғылыми еңбектерімен толық танысуға мүмкіндік туды ма?
– Әрине, тіл білімінің атасы А.Байтұрсынұлының еңбектерін оқу тек байқау кезінде мазмұнға ие болмақ емес. Кез келген ұлтын сүйер тұлға ұлт ұстазының мұрасын көздің қарашығындай сақтап, ой зердесіне тоқып өсуі тиіс. Автордың «Тіл-құрал», «Баяншы», «Әдебиет танытқыш» атты еңбектері тек тіл білімі ғана емес, педагогика, әдістеме саласынан мол мағлұмат береді. Жарыс кезіндегі дайындығым бұрынғы білетінімді арттыра түсті. Ұлт ұстазының көп еңбектерімен таныстым.
– Респубуликалық байқау өзара пікір алмасу, тәжірибе жинаудың таптырмас мүмкіндігі екені анық. Байқау барысында түйген ой-пікір, есте ұстаған жаңалық бар ма? Тіл мамандары өзара байланыс орнатуға қаншалықты ықылас білдірді?
– Байқау ережесі жарияланған сәттен бастап ұйымдастырушылар әлеуметтік желі арқылы үміткерлерді қажетті ақпаратпен таныстырды. Жетекші әдіскерлердің айтуынша, биыл сынға түскен үміткерлер әр өңірдің үздіктері. Байқау кезінде жаңа идеялар қоржыны толыға түсті. Бәріміз бір үйдің баласындай емен-жарқын араласып, өңірдегі тілдік ахуалмен бөлістік.
Біздің міндетіміз – өскелең ұрпаққа аға буын қалдырып кеткен мол мұраны жеткізу. Жаңартылған бағдарлама бойынша жеткіншектерді тәрбиелеу. Тілді насихаттауға таным қажет. Сондықтан алдағы уақытта ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етеріміз анық.
– Сыр өңірі қазақтілді орта екенін білеміз. Өңірде тіл мәселесі де аса өзекті емес. Мұндай ерекшелік тілдің дамуын, өткенін зерттеуде артықшылық бола ала ма?
– Халықтың басым дені қазақ тілінде сөйлейтін Сыр өңірінде тілдік мәселе жоқтай көрінуі мүмкін. Алайда, қазақ тілінің аясын кеңейту, тіл үйрету ісінде атқарылар іс мол. Қолға алынған жоба да жетерлік. Мәселен, орталықта А1-қарапайым, А2-базалық деңгей бойынша білім алып жүрген өзге этнос өкілдерінің саны артып келеді. Мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылатын дәстүрлі жазба жұмыстарының да өңірдегі тіл мәселесін шешуде рөлі зор. Сондай ақ «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алушылар мен магистратура, докторантураға үміткерлердің құжаттар тізбесіне «Қазтест» сертификатының қосылғаны да тілдік ахуалды көтерудің алғышарты деп білемін. Тіл орталығы жұмысының бір парасы «Қазтест» сынағымен өлшенеді. Өңірдегі ерікті тұрғындардың сұранысы бойынша «Сөйлеу мәдениеті және қарым-қатынас тілі» курсы, кәсіпкерлер үшін «Қазақтілді кәсіпкер» курстары үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сондықтан бұл арқылы тілдің дамуында зерттелуінде артықшылық болады деп айта аламын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Е.Якудаев
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!