Тоғызқұмалақ – өткен ғасырларда түркі халықтарында кеңінен тараған ойын. Ұлттық құндылықтарды спорттық ойындар арқылы жастардың бойына сіңіру әлем бойынша маңызды орынға ие. Тарихи деректерге сүйенсек, тоғызқұмалақ туралы ең көне жазбалар Шығыс Қазақстан облысынан табылған. Алтай Республикасы тоғызқұмалақты «тогуз коргоол» деп біркелкі атай келіп, ата-бабаларымыздың ұлттық ойындары ретінде дәріптеп, ресми жарыстар жүргізіп келеді. Тоғызқұмалақ Алтай тауларынан кейін Тарбағатайдан Сауырға, одан Сарыарқа мен Жетісуға, бүкіл қазақ еліне таралған.

Бұл ойын адамның ойлау, талдау қабілетін дамытатын есепке құралған. Ол екі адам арасында ойналады. Ойнау тақтасы – 2 қазан мен 18 отаудағы 162 құмалақтан тұрады.

Ал осы тоғызқұмалақ ойынының жеңіл түрі – бестемше. Ол – тоғызқұмалақтың жеңіл, жеткіншек балаларға арналған түрі. Бұл ойын баланы логикалық ойлауға үйретіп қана қоймай, ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге үйретеді. Ойынның толық ережесін зерттеу үшін тоғызқұмалақтан ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрай Ғаниқызынан сұхбат алуды жөн көрдік.

Нұрай Ғаниқызы ҚР жастар чемпионатының 17 жасқа дейінгі қыздар арасында рапид түрінен чемпионы, блиц және классика түрінен қола жүлдегері, ҚР әйелдер чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР кубогінің күміс жүлдегері; ҚР 21 жасқа дейінгі қыздар арасында рапид түрі бойынша қола жүлдегері, Н.Ергешбаевты еске алуға арналған республикалық-рейтингілік турнирінің қола және күміс жүлдегері және тағы басқа турнирлерде топ жарған, Қызылорда облысының «Тоғызқұмалақшы қыздар» құрама командасының, сондай-ақ Қазақстан «Тоғызқұмалақшы қыздар» құрама командасының мүшесі.

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде тек студенттер ғана емес, оқытушыларымыз да тоғызқұмалақ пен бестемше ойындарын насихаттап, жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өзіндік үлес қосып жүр. Солардың бірі – осы мақала-сұхбатты жазуға себепкер болып, өзіндік бағыт-бағдар сілтеп, ақыл-кеңесін берген ұстаз Бақытжан Кенжебекұлы.

– Нұрай, тоғызқұмалақ ойнау үшін қандай қабілетке ие болу қажет?

– Көненің көзі демекші, сан ғасырлық тарихы бар ұлттық тоғызқұмалақ ойынының тәрбиелік мәні өте зор. Бұл ойынды ойнап, мәнін терең түсіну үшін адам бойында белгілі бір қабілеттер болу қажет деп дөп басып айту қиын. Себебі, әр адамның қабылдауы мен түсінуіне байланысты уақыт өте адам бойында белгілі бір қабілеттер қалыптаса бастайды екен. 10 жылдық тәжірибемнен айтар болсам, бұл ойынмен тұрақты түрде айналысқан соң, тоғызқұмалақтан туындаған дағдылар қалыптасты. Атап айтар болсам, кез келген дүниені тереңінен ойланып, шешім қабылдауды, сонымен қатар әр уақытта төзімділік пен сабыр сақтай білуді, өмірде болатын әртүрлі жағдайда жеңіліс пен жеңісті қатар қабылдауды үйрендім.

– Бұл ойынның жастар үшін маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Тоғызқұмалақ ойынымен жастар, сонымен қатар ересектер тұрақты түрде айналысады. Ойынның жастарға, жалпы адамға берер пайдасы өте көп. Атап айтсақ, интеллектуалдық қабілетінің артуына, ой жүйесінің қалыптасуына септігін тигіезеді. Себебі, жастар үшін оқу мен жарысты бір уақытта алып жүру бүгінде оңай емес. Соған қарамастан, жастардың бұл ойынмен белсенді түрде шұғылдануы мені қатты қуантады. Сабағына жоғары деңгейде көңіл бөле отырып, ұлттық ойынның дамуына үлес қосып жүрген әрбір жас үшін шын жүрегіммен қуаныштымын.

– Қазір тоғызқұмалақ пен бестемше ойыны қатар ойналып жүр. Бестемше ойынының тоғызқұмалақтан ерекшелігі қандай?

– Бестемше ойынын барлығымыз білмесек те, ол белгілі бір деңгейде дамып келеді. Бұл – елімізде ұлттық ойындардың дамуына үлкен көңіл бөлініп отырғандығының белгісі. Бестемше ойыны қазір балабақшаларда көп таралып, даму үстінде. Неліктен балабақшада? Бестемше ойынының тоғызқұмалақ ойынынан айырмашылығы осында жатыр. Яғни, бестемше ойыны тоғызқұмалақтың жеңілдетілген түрі болып саналады. Аты айтып тұрғандай, 5 ұяшықтан, әр ұяшықта 5 құмалақтан барлығы 50 құмалақ болады. Жеңу үшін 26 құмалақ жинау немесе жүріске ұту қажет деп есептеледі. Ал тоғызқұмалақ ойынында барлығы 162 құмалақ, 9 ұяшықтан әр отауда 9 құмалақ болады. Ал жеңіске жету үшін 82 құмалақ жинау немесе жүріске ұту қажет деп есептеледі. Құмалақ санынан бөлек бұл ойындардың бір нюансы бестемше ойынында тұздық ашылмайды. Осындай күрделі нюанстар арқылы кішкентай балалар үшін тоғызқұмалақ ойыны қиын көрінуі мүмкін. Сол үшін осы жеңілдетілген бестемше ойыны пайда болды. Ал бұл ойынды ойнау 5 және 12 жас аралығын қамтиды.

– Бестемше ойыны ұлттық құндылықтарды дарытуда маңызды деп атап өттіңіз. Ойын ережесіне сәйкес балалар бойына қандай құндылықтарды сіңіре аламыз?

– Иә, бестемше ойынының ұлттық құндылықтарды адам бойына дарытуда маңызы өте зор. “Бестемше” ойынның баланың жетілуіне, ой-санасының дамуына қосар өзіндік үлесі бар. Ол мидың жұмыс жасауын дамытып қана қоймай, ептілікке, қырағылыққа, тез шешім қабылдауға, санауға үйретеді. Сонымен қатар көру қабілетін жақсартып, көз жанарын жетілдіреді. Ойын адамды тыныштандырып, сабырлылыққа үйрететін қасиетке ие.

– Тоғызқұмалақ және бестемше ойындарын ойнауды қай кезеңнен бастап үйрету қолайлы деп санайсыз?

– “Бестемше” ойынын 5 жастан бастап ойнауға болады. Себебі, бұл ойын жеңіл болғандықтан балаларды кішкентай кезінен үйреткен жөн. Ал «Тоғызқұмалақ» ойыны күрделі болғандықтан 8-10 жастан бастап кеткен жөн. «Бестемше» ойынын үйрену арқылы «Тоғызқұмалақ» ойынын ойнап, есептеу барынша жеңіл болатындығын тілге тиек еткім келеді. Сондықтан, кішкентай балалардың бестемше ойынымен тоқтап қалуы дұрыс емес. Уақыт өте келе тоғызқұмалақ ойынымен де айналысып, өз-өзін жан-жақты дамытқаны абзалырақ.

– Қазақстанда бестемше мен тоғызқұмалақ ойынының даму деңгейі қай сатыда тұр?

– Қазақстан бойынша бұл ойындардың дамуы жоғары деңгейде деп сенімді түрде айтуға болады. Жоғары деңгейде дамудың басты көрсеткіші ай сайын үздіксіз жарыстардың болуы. Бұл ойын соңғы жылдары тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде кеңінен таралып, насихатталуда. Оған дәлел: 2023 жылы өткізілген Румыния елінде болған әлем кубогі және Моңғолия елінде өткізілген Азия чемпионаты, Түркия және Чехия елдерінде жылда өткізілетін халықаралық турнирларды атап өтуге болады.

– Тоғызқұмалақ ойыны қиын ба, әлде бестемше ойыны ма?

– Әр ойынның өз қиындығы болады. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, «Бестемше» ойыны жеңіл. Себебі, атап өткенімдей, бұл ойынды балабақша жасынан бастап оңай игеріп алып кетуге болады. Ал «Тоғызқұмалақ» ойынын ол жас аралығында қабылдау қиынға түседі. Қабылдау қиын болғандықтан балалардың қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Сол себептен, бірінші “Бестемше” ойынын ойнап бастаған жөн.

– Бестемше мен тоғызқұмалақ ойындарында жеңіске жету үшін қандай алгоритмдерді ұстанған дұрыс?

– Ойын барысын бастан аяқ есептеу жеңіске жетудің басты алғышарты. Ойланбай жасаған кез-келген жүріс сені жеңіліске алып келері хақ. Әр құмалақты пен жүрісті санап, ойынның әр қадамын қадағалаған жөн.

– Тоғызқұмалақ пен бестемше ойынының пайдасын атап өттіңіз, осы тұрғыда бұл ойын түрлерінің зияны, кері әсері бар ма?

– Бұл ойындардың адам өміріне алып келер пайдасы болмаса, зияны жоқ деп айтар едім. Себебі, өз басым бұл ойын түрімен айналысқаныма мүлде өкінбеймін. Тоғызқұмалақ ойыны маған жаңа орта, жаңа таныстық, жаңа достар таптым. Сонымен қатар әлем аралап, ел, жер көріп өз-өзімді жан-жақты дамытуыма үлкен үлесін қосты. Сол үшін де бұл ойын менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды деп айтсам қателеспеген болар едім. Мендегі мақсат әр жарысқа қалмай қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп, осы ұлттық ойынымыздың жан-жақты дамуына өзіндік үлесімді қосу.

«Тоғызқұмалақ – әлемдік интеллектуалдық ойындардың озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл өнердің басты қасиеті – адам санасын жетілдіруге ерекше күш салады» деп М.Шотаев атап өткендей, ұлттық ойындарымызды жастар арасында таратып, дәріптеу біздің қолымызда. Бір ғана ойында қазақ халқының болмысын, салт-дәстүрін сыйдыра білген ойынның маңызы қашанда зор. Тоғызқұмалақ ойын ғана емес, баға жетпес ұлттық қазына.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Диана НҰРХАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!