Фото: El.kz

Хал Мохаммад Исмайл – қазақ баласы. Елге елпеңдеп келген ұлдың аңғал көңілін, ақ пейілін байқадық. Қос мемлекетте қатар өмір сүрсе де ұлттық болмыс өн бойында, сөйлеген сөзінде сайрап тұр. Әсіресе қазақ тілін ұмытпағаны қуантты.

– «Білім инемен құдық қазғандай» дейміз. Қазақстанға келіп оқуға шешімді қалай қабылдадыңыз? Қандай да бір кедергі кездесті ме? Қызықты естелікпен де бөліссеңіз…

– Негізі Сауд Арабиясында туып-өстім. Қазіргі таңда отбасым Түркияда тұрады. Тарихи Отаныма оралып, білім алу мен үшін үлкен арман болды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ осы арманым алға жетеледі. Қазақстанға келуім үшін айтарлықтай кедергі болған жоқ.

– Қазір қай мамандық бойынша оқып жатырсыз? Қызылорда сізді қалай қарсы алды және университет берген мүмкіндік қандай?

– Медицина саласын, соның ішінде тіс дәрігері мамандығын таңдадым. Қазақстандағы қандастарға арналған тегін мемлекеттік грант негізінде оқуға тапсырдым. Таңдау пәнім – химия-биология және міндетті 3 пән бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатырмын. Яғни дайындық курсында білім алудамын.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымы алғашқы келген күнімнен бастап өте жақсы қарсы алды. Әрбір маманға ризашылығымды білдіремін. Университет тарапынан берілген мүмкіндік көп. Жатақханамен тегін қамтамасыз етті. Сондай-ақ басқа өңірлерге қарағанда шәкіртақысы жоғары. Ай сайын 46 мың теңге аламыз. Қорқыт ата университетінде шетелдік білім алушыларды дағдыландыруға, ортаға бейімдеуге арналған іс–шара жоспары бар. Соның аясында шетелден келген қазақ балаларының «Otandastar» атты жастар ұйымы құрылған. Университетте оқып жатқан барлық қандастардың басын біріктірген ұйым әр мереке сайын іс–шара өткізеді.

Бос уақытта әңгімелесіп, қыдырып, кино көріп, келген елдердің ұлттық тағамдарын дайындаумен айналысамыз.Бірге оқып жатқан қандас бауырларымнан байқайтыным, Қазақстанға келіп оқудағы басты мақсатым – Отанға оралу.

– Көп жағдайда тіл меңгеру, жазу оңай болмайды. Отанға оралған соң тілдік қиындықтар болды ма?Жалпы Сауд Арабиясында ана тіліміз оқытыла ма? Қанша қазақ мектебі бар?

– Арабияда қазақ мектебі жоқ. Бірақ үйде бір-бірімізбен қазақша сөйлескендіктен, сөйлеу жағынан қиындық болмады. Алайда 12 жыл мектепті араб тілінде оқып, Қазақстанға алғаш келгенде оқып-жазу жағынан сәл қиындық туындады.

– Тамырда қазақ қаны бүлкілдеп жатқан соң, өнерден қалыс қалуыңыз мүмкін емес шығар. Домбыра тарту, ән айту сынды қабілетіңіз бар ма? Шетелдегі қандастар салт-дәстүрді қаншалықты сақтап, ұлттық құндылықты ұлықтайды?

– Ауғанстандағы қазақтардың тыныс-тіршілігінен хабарым аз. Өйткені азаматтығым Ауғанстанда болғанымен, ес білгелі Сауд Арабиясында оқып, арабша хат таныдым. Арабияда қандастар негізі салт-дәстүрді жақсы сақтап қалған. Қазір Қызылорда қаласында білім алудамын. Жатақханада бірге тұратын Қытайдан, Өзбекстаннан келген топтастарым домбыра тартып, ән айтады. Олардың өнерге құлшынысы зор. Өзім спортқа бейіммін. Сонымен қатар Өзбекстан және Моңғолиядан келген қазақ бауырларымыз салт-дәстүрді берік ұстанады.

– Елге табаныңыз тигенде қандай сезімде болдыңыз? Сіздегі сағыныш сыры мен сазы қандай?

– Туған топыраққа табаным тигенде кәдімгідей өзімді жер бетіне шыққандай сезіндім. Ішімдегі қуаныш пен жүрегімдегі толқынысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ағайын-бауырларымның арасына келіп, ерекше сезімде болдым. Әрі мен мұны шын жүректен түсіндім.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!