Елімізде дәл қазір негізгі ҰБТ жүріп жатыр. Әзірге тестілеудің барлық 140 сұрағына толық жауап берген талапкер кездеспеді.

Бүгінде облыс бойынша ең жоғарғы 136 балды жинаған екі үміткер бар. Олар – Қармақшы ауданындағы №121 мектептің түлегі Мақсат Қуанышбек пен Жаңақорған ауданындағы №54 мектептің түлегі Аружан Шазат.

Үздіктер болашақта кім болғысы келеді, білім бәсекесіне қалай дайындалды? Олардың кеңесі келесі жылғы үміткерлерге де пайдалы болар. Сондықтан талантты талапкерлердің өзімен тілдестік.

Үздіксіз дайындықтың нәтижесі

Жоғарғы нәтижеге қол жеткізген Мақсат дайындықты былтырғы жазда бастапты.

– Информатика математика пәндерін таңдап, бағдарламашы болуға ниет еттім. Ақпараттық технологиялардың өзі бірнеше салаға бөлінеді, бірақ оның ішінде қай бағытта оқитынымды әлі нақтыламадым. Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университеті немесе Сүлеймен Демирел атындағы университетке түсуді көздеп отырмын.

Өткен жылдың тамыз айынан бастап тыңғылықты түрде жеке дайындықты бастап кеттім. «Juz40» онлайн білім беру орталығының курстарын алып, жоспарлы түрде тынбай білімімді жетілдірдім.

Ең алғаш 11-сыныпта тест тапсырғанда 70 балл алғаным бар. Кейін курсқа қатысып, дайындалған соң бақылау тесттеріндегі көрсеткішім бірте-бірте жақсара түсті. Алғашқыда 100 балл жинаған қатарластарымды көргенде, «бұған жету мүмкін емес-ау» деп ойлайтынмын. Дегенмен қаңтар мен наурыздағы ҰБТ-да 125 балл жинадым. Маған осыған дейінгі бақылау тесттері күрделі де, «нағыз ҰБТ» оңай секілді көрінді, – деді ол.

Мақсаттың айтуынша курсты алу бөлек те, тұрақты дайындалу басқа. Себебі көптеген ата-ана балаларын қатарынан қалдырмай, ақылы сабақтарды алып бергенімен, оқушы ден қойып оқымаса, жақсы нәтижеге жету оңай емес.

Болашақ мұғалім

Ал педагог болуды мақсат еткен Аружан Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқысам дейді. Ол ҰБТ-да қазақ тілі – қазақ әдебиеті пәндерін таңдаған.

– Үздік болудың ешқандай сыры жоқ. Тек үзбей дайындалу керек. Жапон халқында «біреу жасағанды мен де жасай алам, ал істей алмаса, оны істеген алғашқы адам мен болам» деген сөз бар ғой. Менің де ұстанымым – осы. Бір адамның қолынан келсе, демек менің де қолымнан келеді деген сөз. Сондықтан өзіңді басқалармен салыстыра бергенше, алға қарай талпынған дұрыс.

Дайындық барысында «Juz40» онлайн білім беру орталығының курсына қатыстым. Екінші ҰБТ-ға әлі де дайындық үстіндемін.

Ал тарих секілді пәндер бойынша тек мектеп оқулықтарын қайталадым. Осыған дейінгі қаңтар мен наурыздағы ҰБТ-да 130-дан жоғары балл жинаған едім, – деді ол.

P.S. 2024 жылғы ҰБТ-ға 186 мыңға жуық талапкерден екі мүмкіндікті есепке алғанда 342 мыңға жуық өтініш қабылданды. Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығынан хабарланды.

Оның ішінде тест тапсырушылардың 75%-ы – қазақ тілінде, 25% -ы – орыс тілінде, 229 адам – ағылшын тілінде ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді.

Грантқа үміткерлерге ҰБТ-ны тапсыруға екі мүмкіндік беріледі.

Бұл ретте әр талапкер тестілеуді екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.

Айта кету керек, негізгі ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлерден грантқа құжат қабылдау 13 шілдеде басталады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!