Кәсіп бастау үшін ізденіспен қатар үлкен тәуекел мен ерік-жігердің қажет екені рас. Жастар мұндайда аға буынның мол тәжірибесіне үңіліп, ақыл-кеңесін алуға тырысады. Осы орайда 10 жылдан астам уақыт құрылыс саласында еңбек етіп келе жатқан кәсіпкер, «Али-Асқар» ЖШС құрылтайшысы Ұлағат Бұхарбаймен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Алдымен өзіңіздің еңбек жолыңыз, кәсіпкерлікке келу тарихыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Мектеп оқитын кезден-ақ кәсіпке деген икемім бары байқала бастады. 6-7 сынып оқитын кезімде көшедегі адамдарға шемішке, сағыз сататынмын. Ол кезде Юпи (Yupi) өте танымал сусын еді. Юпиді суға араластырып, тоңазытқышқа қойып, салқын күйінде саудаға шығаратынмын. Балалық шағым осындай ерекше сәттермен есте қалды. Өзім қазалылықпын. 2003 жылы мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түсіп, 2008 жылы заңгер мамандығын қызыл дипломға бітірдім.

– Басқа саланы емес, құрылыс заттары дүкенін ашуға не себеп болды? Орталық қанша уақыттан бері жұмыс істеп келеді? Жұмыс бір ізге түсіп, елге танымал болуы үшін қандай кедергілерден өттіңіз?

– Университті аяқтаған соң «Шапағат» атты құрылыс компаниясында заңгер болып еңбек еттім. Тендермен де айналысып көрдік. Құрылыс саласына деген қызығушылық пен алғашқы тәжірибе осы кезде қалыптасты деп ойлаймын. Оқуды үздікке аяқтаған кәсіби заңгер болғаныммен, сауда жағы ұнап, осы бағытқа бет бұруды жөн санадым. 2014 жылға дейін бірнеше жұмыспен айналысып көрдім. Атыраудан балық әкеліп саттым. Көзілдіріктер, тұрмыстық заттар, кеңсе заттарын да саудаға шығардым. Өзімді кәсіптің әртүрлі қырынан байқап көрдім. Алла ниетіңе қарай, жұмыстың да ыңғайын келтіріп, берекесін береді ғой. Бірде Қазалыда құрылыс заттарын сатумен айналысатын достарыма қызығып, мен де осы кәсіпті бастауға ниеттендім. Еңбекақымнан 500 мың теңге жинақталды.   Алматыдан материал тасымалдадық. Осылайша 2014 жылы қазіргі мекен-жайымызда кішігірім ғана құрылыс дүкенінің негізі қаланды.

Алғашқыда құрылыс дүкенін інім екеуміз бастасақ, Аллаға шүкір, қазір 50 адам қызмет етеді. Он жылдың ішінде базарда 3 сауда орнын аштық, ал Жаңа базардағы SMALL сауда үйінде қоймамыз бар. Аймақ бойынша 50-ге жуық дүкенмен байланыс орнатып, материалдарды тасымалдаумен айналысамыз.

Ұлағат Бұхарбай: ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДА «GIBADAT» БРЕНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРҒЫМ КЕЛЕДІ

– Сауда орнында қандай құрылыс материалдары бар? Ең көп сұранысқа ие деп қандай заттарды айтар едіңіз?

– Қазір аймақта құрылыс саласының қарқын алғанын, жаңа ғимараттардың бой көтеріп, бірқатар нысандардың салынып жатқанын  бірден байқауға болады. Сондықтан құрылыс заттарына деген сұраныс та жоғары. Бүгінде қолында қаржысы бар адамның бәрі үлкен үй салып, ал енді бірі үйіне жөндеу жасатқысы келіп тұратыны рас. Құрылыс материалдарының ішінде цемент, әк пен соған қажетті заттар, кафель мен ламинат жиі саудаланады деп айта аламын.

– Құрылыс заттары көбіне шетелден келеді. Сондықтан бағасы да арзан болмайтыны рас. Бірнеше жыл бұрын құрылыс материалының қымбаттығы жиі айтылып еді.  Қазіргі нарықтағы баға туралы не айтасыз? Құрылыс материалдарының бағасы қаншалықты өзгеріп тұрады?

– Бұрын материалдардың көбі шетелден жеткізілетін. Қазір Аллаға шүкір, негізгі құрғақ қоспалардың барлығы елімізде өнідіріледі. Оның ішінде арзаны да, қымбаты да бар. Қызылордадан шығатын құрғақ қоспалар мен кафельдің бағасы арзан деп айта аламын. Цемент те, әк те өзімізден шығады. Ал қымбат өнімдер Алматы, Ақтөбедегі зауыттардан келеді. Кейбір материалдар Өзбекстан, Қытайдан жеткізіледі.

Құрылыс материалдарының бағасын нарық пен сауда орындары арасындағы бәсекелестік белгілейді. Алдағы уақытта құрғақ қоспа, кафель желімдерін «Ғибадат» деген брендтік атаумен өзімізде өндіру ойда бар. Бүгінде сол бағыттағы жұмыс басталып та кетті. Себебі мұндай желімнің негізгі ингредиенті – құм. Ал құм Қызылордада арзан. Бір көлік құмның бағасы шамамен 15 мың десек, Астанада 200 мың, Шымкентте 50-60 мың теңге тұруы мүмкін. Біздің облыстың бір ерекшелігі құмды аймақ болғандықтан, кафель желімін өзімізде өндіре берсек болады. Жұмыс күші қымбаттау болуы мүмкін, бірақ бастап көруге болатын жоба деп ойлаймын.

– «Ғибадат» дүкенінің әлеуметтік желідегі парақшасын қарап көрдім. Визуалы ерекше, контенттері де қызық екен. Әлеуметтік желідегі белсенділік дүкеннің танымалдығы артуына ерекше әсер еткен болар?

Осы дүкенді ашқанда жаныма інімді алып бастадым деп едім ғой. Дүкенге осы кенже інімнің атын қойдым. Өзіміз Ұлағат, Сағадат, Ғибадат атты үш ағайындымыз. «Ғибадат» атауы қазіргі заманға сай жеке бренд болып қалыптасуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бизнестегі қазіргі талаптардың бірі – әлеуметтік желіде белсенді болып, тұрғындарға өнімді онлайн жарнамалап, тұрақты түрде байланыс орнатып, толыққанды ақпарат ұсынып отыру қажет. Сондықтан болар, «әлеуметтік желіде болмасаң, бизнесің де жоқ болып есептеледі» деген тұжырым пайда болды. Болашақта телефон арқылы онлайн тапсырыс берушілер көбейетін секілді. Қазірдің өзінде күніне шамамен 40 адамнан тапсырыс қабылдайтын болсақ, соның 10-ы телефон, әлеуметтік желі арқылы хабарласады. Болашақта бұл көрсеткіш бұдан да артуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желіге барынша көңіл бөлудеміз.

Ұлағат Бұхарбай: ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДА «GIBADAT» БРЕНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРҒЫМ КЕЛЕДІ

Тұлғалық дамумен қатар серіктестіктегі қызметкерлердің бірлігін, ұйымшылдықты басты орынға қоятыныңызды байқадым. Қазір бизнес бастағысы келетін жастар көп. Бірі курстарға қатысып, кітап оқып дайындалса, бірі кәсіпкерлерге көмектесіп жүріп, олардан үйренуге тырысады. Осы жолда жүріп келе жатқан адам ретінде өзіңізден кейінгілерге қандай кеңес берер едіңіз?

Жұмыс барысында барынша қызметкерлерімізді қолдауға тырысамыз. Екі-үш жыл бұрын бір қызметкерімізге үй сыйласақ, жақын арада тағы да бір әріптесімізді баспанамен қуантуды ойлап отырмыз. Жақсылық жасауды жаныңда жүрген адамдардан бастау керек деген ұстанымымыз бар. Сондықтан әр жыл сайын бір әріптесімізге үй немесе көлік сыйласақ дейміз. Одан бөлек, «Ғибадат» сауда орындарының 10 жылдығына орай былтыр 40 қызметкерге 100 000 – 1 200 000 теңге аралығында ақшалай сертификаттар, шетелге саяхат жолдамасын табыстадық.

Компания дамығаннан кейін, оның басшысы ретінде өзің де дамуың керек. Сондықтан барынша жастарға үлгі болуды мақсат етудеміз. Кәсіпті жүйелеу үшін курстардан өтіп тұрамыз. Ал бизнеске енді қадам басқан жастар теориялық тұрғыда да білім жинақтап, кітап оқуы қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар ақылдасып, ой бөлісетін кәсіпкерлік орта, жанашыр жандар қажет.

Ұлағат Бұхарбай: ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДА «GIBADAT» БРЕНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРҒЫМ КЕЛЕДІ

– Алдағы уақытта дүкенді кеңейту немесе өзге де бизнес түрлерін қатар жүргізу ойыңызды бар ма?

– Алдағы уақытта кәсіпкерлікті кеңейту ойда бар. Республика көлемінде танылып, дүкендер супермаркет, гипермаркет болса дейміз.

Сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!