Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мен Отбасы күні аясында  «Мерейлі отбасы-2021» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шара эпидемиологиялық ахуалға байланысты Нұр-Сұлтан қаласынан тікелей қосылым арқылы өтті. Шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев тікелей қосылым арқылы үздік деп танылған 17 отбасыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары, республикалық кезеңнен де үздік деп танылған ұлағатты  Әбілдашевтер отбасын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова құттықтады. Мемлекет басшысының дипломын, арнайы статуэтка мен сыйлық сертификаттарын табыстады. Аймақ басшысы мерейлі отбасыға ұлттық құндылықтарды насихаттап, Отанның отбасынан басталатынын дәлелдегені үшін өзінің ризашылығын білдіріп, табыс тіледі.

Ұлттық байқау озаттары

*Шаңырақ шаттығы

Шазат пен Шырын Әбілдашаевтардың шаңырағы – «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының жеңімпаздары. Шазат ақсақал ұзақ жылдар бойы аймақтың ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан. Шазат ақсақал мен Шырын әжей бірге алпыс жылға жуық ғұмыр кешкен. Осыдан бір ай бұрын отағасын ақтық сапарына аттандырған Шырын әжей бүгінде 10 баласынан 42 немере мен 12 шөбере сүйіп, бейнетінің зейнетін көріп отыр. Үлкен ұлы Нұғман Әбілдашев – республикаға белгілі ғалым-агроном. Жылыжайда көкеніс өсірумен айналысады. 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Облыстан қатысқан 182 отбасының ішінде үздік деп танылған Әбілдашаевтар отбасын құттықтап, Шырын әжейдің жағдайын сұрап,  әңгімелестік.

Ұлттық байқау озаттары

Шырын ӘБІЛДАШЕВА, «Батыр Ана»:

«МАХАББАТ БАР, ОЛ ӨШПЕЙДІ»

− Шырын әже, марапаттарыңыз құтты болсын! Байқауға атамен бірге қатыстыңыздар ма?

− Балалар ауданнан байқауға қатысуға ұсыныс түсіп жатқанын айтты. Біз келістік. Бәрін балалар өздері дайындады. Шалымыз екеуміз қалай болады екен деп ойладық. Біз жайлы видео түсіріп, құжаттарын жинады. Байқаудың облыстық іріктеу кезеңіне қатысқанда шалым қасымда еді. «Қуаныш пен қайғы қатар жүретіні деген» рас екен. Республикалық сайыс қорытындысы шыққанша түйе қарап кетті. Ажал айтып келмейді, Алланың ісіне амалсыз көндік. Бір айдан соң жеңімпаз атанғанымызды біліп, Президенттің қомақты қаржылай сыйлығын алдық.

− Әже, жастық шақты еске алсақ. Атамен қалай таныстыңыз?

− Ол уақытта жастардың бастаңғысы көп болатын. Қыздар әдемі көйлегін киіп, шашын өріп, жігіттер былғары белдікпен белін буып, шаштарын майлап қайырып, басқосуға үлкен дайындықпен келетін. Ауыл серілері өнерін ортаға салып, ән тыңдап, жыр айтып жарысып, әзілдесіп, бастаңғы көңілді өтетін. Сондай кештердің бірінде таныстық. Шығарып салуға рұқсат сұрады. Үйге дейін жеткізіп салды. Солай танысып, дос болдық.  Ол кезде қызды қолдан ұзату аз еді. Әке-шешем мені қолдан ұзатты. Жасауымды дайындап, салтқа сай батасын беріп шығарып салды. Осылай шаңырақ көтердік.

− Атайдан алған ең алғашқы сыйлығыңыз қандай еді? Сол күн есіңізде ме?

− Әрине, есімде ұмытылмайтын сәттер ғой. Ол уақыт сыйлық беру деген жоқтың қасы еді. Үйленген соң Алматыдан маған арнайы ауылда ешкім кимеген жағалы пальто алып келді. Менің үстіме құйып қойғандай тұра қалды. Ауылдағылардың бәрі «тамаша екен» деп тамсанды. Бірде тәтесіне қонаққа барғанда маған үлбіреп тұрған бөкебай алып келді. Барған жерінде мені ойлап, қуантуға асығып жүретін. Шалымнан алған сыйлықтарым өте көп.

− Ешқашан ұрысып көрмедік дейтін жұптар бар. Мүлдем ұрыспай өмір кешу мүмкін бе?

− «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деп бекер айтпаған. Біз екеуміз ақылдасатынбыз. Шамамыз жетпесе үлкендерімізден кеңес сұрайтынбыз. Ешқашан қатты ұрысып көрмедік. Сабырға келіп, ашуға бой алдырмайтынмын. Себебі жарымның мінезі алтын еді. Салмақты, байсалды, мейірімді болатын. Қабағынан да қаталдық байқамадық. Оның жүрегі жұмсақ болған соң мен де  қатал болмадым. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген рас, жақсы адам болып, жақсыға ұмтылса, жақсылық болады. Ауыздан ақ ит кіріп, көк ит шығып, жаман ойлар ойласа, әрекеті де құйтырқыланады. Шаңырақта әйелдің даусы қатты шықпаса, ері де сабырлы болады, бала да тәрбиелі болып өседі. 

− «Арада махаббат суып кетті» деп кей  жастар ажырасып жатыр. Махаббат бар ма әже? Оның суып кетуі мүмкін бе?

− Махаббат бар. Ол өшпейді. Махаббаттары неге суиды? Суытпау үшін ол сенімсіздікпен, өтірікпен лайланбауы керек. Қыл-қыбыр түспесе, риясыз көңілмен шынайы махаббатты мәңгі сақтап қалуға болады. Шалым үш-төрт күн бір жерге кетсе, әбден сағынып күтіп отырамын. Шалым үш жыл оқығанда әбден сағындым. Әр демалысын асыға күтетінмін. Жасымыз жетпіске келгенше, шешем дайындаған бір жастықта, бір төсекте жаттық. Кейін соңғы он жылда немерелер өскен соң екеуміз екі жаққа бөліндік. Ол ұлдарымен мен қыздарыммен немерелерді құшақтап жататынбыз.

− Бала туу үшін мемлекет жәрдем етсін дейді бүгінгі келіндер. Сіздерде баланы жеткізе алмай қаламыз ба деген қорқыныш болмады ма?

− Қазіргі келіндер бақытты. Бала тапса үкіметтен жөргекпұл береді. Перзентханадан думандатып шығарып алады. Үйіне барса да бәрі автомат техникалар. Тұрмыстық жағдайы жақсы. Баласы бір жасқа толғанша алатын жәрдемақысы бар. Ерінің табысынан бөлек пысық келіндер өздері кәсіпкер қазір. Оны-мұны пісіріп сатады, алып сатады, әйтеуір телефоннан қолдары түспейді, бәрі іскер. Біздің заманымыз да, тұрмысымыз да басқа еді. Он баланың тамағы, киімі – бәрін бірге ойлап жүретінбіз. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» жеткізу үшін екеуміз де күн-түн демей еңбек еттік. Қара бейнеттен шаршап, қарайып, үйге әзер жеткенде, балалар бізге қарай жүгіретін. Құшағыма басып, шүкір етіп, шаршағанымды ұмытып кететінмін.

− Бала тәрбиесіне кім көбірек көңіл бөлді?

− Балаларға екеулеп қарадық. Бір балам бір ай ауырды. Түнімен ұйықтамайды. Шалымыз екеуміз кезек-кезек қарадық. Ол екі сағат мен екі сағат көтеретінбіз. Түн жарымда осылай кезектесіп, көз іліп алатынбыз. Кемпірдің емшегін еметін еркетай еді. Кемпір қайтыс болғанда абыр сабырмен біз балаға қарамаппыз. Ол әжесінің мәйітіне кіріп кетіп, қолын шешіп, емшегін еміпті. Содан шошып қалған-ау бір ай ауырды. Молда тұмар оқып берді, соны таққан соң айығып кетті. Балаларымның біреуін қатты сөйлеп, ұрған емеспін. Тіпті «жүгермек» деп айтпайтынмын. Анам «балаға қатты сөйлеме, «жүгермек», «иттің баласы», «иттің асырағаны» деп тіл тигізбе!, деп жиі айтатын. Әр бала − Алланың аманаты. Екеуміз де балаларға қатты сөйлеген емеспіз. Еркелетіп, мейірімге бөледік. Бір ай ауырған балам басқа балаларға қарағанда ең алғыр болып өсті.

− Өмірде әттең-ай дейтін сәттеріңіз бар ма?

− Аллаға шүкір, әттеген-ай деп өкінетін сәтім жоқ. Шиеттей бала-шаға, пұлымыз азайып, тамағымыз таусылатын күндер болды. Екеулеп қарекет қылатынбыз. Ешкімнен көмек сұрамадық. Ешқандай мекеменің алдына бармадық. Балалар жас. Екеуміз де екі жаққа жұмысқа кетеміз. Үйде өздерімен-өздері қалатын. Жұмысқа жанымды шүберекке түйіп барып, түйіп келетінмін. Аллаға шүкір, келсек, аман-есен отыратын. Үлкені кішісіне қарайлап, дайындап кеткен тамақты ішіп, бірге ойнап, сабақтарын оқитын. Тіпті кейде, келсек бәрі ұйықтап жататын. Балалар осылай өсті. Олар өскен соң бәрін ұмытып кеттік. Қазір шүкір, жағдайымыз тамаша! Өткен шақта еш қиындық көрмегендей болып отырмыз.

− «Бала − ата-ананың айнасы» дейді, сіздер ата-аналарыңыздан қандай үлгі алдыңыздар?

− Көненің адамдарында қасиет бар еді ғой. Ауыздары дуалы, істері берекелі болатын. Өз ата-анам да, ата енем де бізге сүйеу болды. Еңбекқорлығымен, ешкімді табаламай, жақсыға құмар қасиеттерімен үлгі болды. «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деп өсірді. «Жақсылық  та, жамандықта көшеді» дейді ғой. «Жақсы сөзге жан семірер» деген, Алла қолдап, тек бәрі жақсы болады деп армандайтынбыз. Армандарымыз орындалды. Ата-аналарымыздың қамшының астына алып, дүре соғып, ешбір баласына қаталдық танытқанын көрмедік. Содан да болар, біз де балаларымызды мейірімге бөледік.

− Бүгінгі жас буынға ақ батаңызды берсеңіз?

− Биссимилла рахмани рахим!

Әумин десең, міне бата!

Қолдасын Қыдыр ата,

Қыдырың қияласын,

Періште ұяласын,

Үйлерің  жанға толсын,

Сырты малға толсын!

Дастархан берекелі болсын,

Отбасы мерекелі болсын.

Тойлар тойға ұласып,

Жастарға біздің бақытымызды берсін!

Гүлбану ҮСЕНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!