Дін – даналық тұғыры. Деген­мен таусылмайтын тартыс, бітіспес пікір­талас әсерінен дінге шошына қарайтындар жоқ емес. Жат ағымның көбеюі көңілді де күпті етті. Тіпті бес уақыт намазын түгендеп, аузынан Алласын тастамаған адамға қырын қарайды. «Дүмше молда» салған дүрбелеңдей дінге қатысты сең қозғалып-ақ жатыр. Тек осы тұста дұрыс пен бұрыстың салмағын ажырату маңызды. Біз де дінтану­шы, теолог Кеңшілік Тышқанмен тілдестік.

– Ш.Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» мен «Үш анық» еңбегінде ислам іліміне терең тоқталды. Ал, қазір дінге қатысты дүбара түсініктің бар екені жасырын емес. Қалайсыз ойлайсыз, осы уақыт аралығында не өзгерді?

– Менің ойымша, ол кезеңдегі дін мен бүгінгі діни бірегейлік бірдей емес. Тіпті Шәкәрім заманындағы және қазіргі дінге құштарлық та түрліше. Олар Қазақ хандығынан, біз Кеңестік социалистік республикадан шықтық. Ал тәуелсіздіктен кейін дін Қазақстанға бірыңғай болып енген жоқ. Алуан ағым, әртүрлі топ пен әртүрлі көзқарас қоса қабаттасып кетті. Исламның өзі бөлшек-бөлшек болып келді. Халықта қайсыбір түсініктің тереңіне бойлауға, ағартушылық мәселеге және айтылған сөздің айналасына ұйысуға Шәкәрімнің заманындай мүмкіндік жоқ. Ол кезде надандық тазалықтан, қазір ғылымнан шығып отыр. Салыстырсақ, осындай айырма бар.

– «Үй ішінен үй тікпеу керек» деген сөз бар. Соған қарамастан адамды адастырар ағым көп. Бұған қалай тоқтам қоюға болады? Абайдың «Кемел адам» концепциясы көкірек көзін ашуға қаншалықты ықпал етеді?

– Теріс жолдан тартынбау, жат ағымның жетегінде кету адамды адастыратыны ақиқат. Өзгенің ойын улау, санасына бүлік салу содан басталады. Ал көкірек көзін ашу үлкен концепция. Ол ағымға немесе белгілі топтарға қатысты дүние емес. Бұл – адамның Құдай алдындағы кемелденуі.

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі,

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі, – дейді Абай ақын.

Жүректің көзі ашылу – парасат-пайымға ие болу, рухани әулиелікке жету. Бұл әркімнің қолынан келетін шаруа емес. Ағымды тоқтату үшін бәрінің жүрек көзін ашу да мүмкін емес. Ағымның астарында саяси мәселе, саяси мүдде бар. Оған тек саяси тыйым керек. Басқа жол жоқ.

– Арамызда атеизмнің жетегінде кеткендер жоқ емес. Көктегі Тәңірге күмән келтіру күпірлік емес пе?

– «Құдай жоқ» деген адамдар бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да кездеседі. Ол әркімнің санасы, психологиясы мен танымына байланысты. Бес саусақ бірдей емес, адам да солай. Жақсылық пен жамандық қатар жүретіні белгілі. Қанша жерден күпірлікке баласақ та, оны тура жолға сала алмайсыз. Бәлкім, рухани тұлға алдынан өтіп, албырттығынан алшақтап ой өзгертуі мүмкін. Соның өзінде адамның жүрегіне иман беру Құдайдың қолында. Қазақтың бөлініп, бір-бірімен жаға жыртысып, «арабқұл», «орысқұл», «қытайқұл» деп тілдейтін термин шыққанда қынжылғанмын. Ұлттық болмысқа таңба түсіруге болмайды.

– Уағыз айтқанның бәріне имандай илану қаншалықты дұрыс? Жастар әр сөзді санада сұрыптау үшін діни сауаттылығын қалай арттырғаны жөн?

– Иә, дұрыс емес. Уағызды айтатын жер, айтатын адам, оны қабылдайтын өзіндік аудиториясы болады. Қазір  уағыз әлеуметтік желіде жасқа да, жасамысқа да, данаға да, балаға да жетіп жатыр. Сондықтан естігеннің бірі дұрыс, бірі бұрыс. Алған ақпаратты ой елегінен өткізу, тыңдағанды сараптау керек. Жастар да ізденіп, жан-жақты ой қорытса артық емес. Әйтпегенде Тик-ток қарап, ғалым болу мүмкін емес. Дін – жай құрал емес. Ұғымы мен тарауы, мазмұны мен мәні зор. Өзгенің сөзін құлаққа құйған жөн, тек елеп-екшегеннің айыбы жоқ.

– Дін – ауқымы мен аясы кең, өте күрделі ғылым. Бүгінде Нұрлан имам түсіндірудің жеңіл түрін тапқандай. Әлеуметтік желіде де тым белсенді, жастар арасында танымал. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– «Елің қалай болса, бөркің солай». Қоғамға қарай бейім болып, жастарға икемделу дұрыс та шығар. Кейде қалжыңмен қағытып, әзілмен артық ауыз кетіп қалатыны рас. Десек те Tik-tok молда – Нұрлан имамның отбасыға жөн сілтеп, бағыт беруі құптарлық. Мұсылманмын деген жастардың санасына сәуле түсіруге ықпал етіп жүр. Болшақта салмақты ойын саралап, жоғары деңгейде пікір айтады деп сенемін.

– Сонымен қоғамда қарама-қайшылық көп. Бір сөзіңізде «дінді дұрыс тәпсірлейтін кәсіби мықты, рухани әлемі іс-әрекетіне сай, айтқаны мен жасағаны қабысатын тұлғалар жетіспейді» дедіңіз. Трагедияның тамырын қалай басуға болады?

– Шынайылық керек. Нәтижеге жетудің төте жолы осы. Дінді дұрыс тәпсірлеу үшін діндар ниеті де таза болғаны дұрыс. Жасандылық пен жағымпаздықтан арылу қажет. Сонда Құдай Тағала дұғасы мен ісін берекелі етеді. Сырты бүтін, іші түтін болу алысқа апармайды. Оның нәтижеге қол жеткізуі де екіталай. Мұсылман санының көптігі сынды статистика рөл ойнамайды. Ішкі мазмұн, ішкі рух пен сапа маңызды. Демек рухани әлемде сөзі мен ісі сай адам болу тиіс.  Румидің «Не көрінгенің сияқты бол, не болғаның сияқты көрін» деген дана сөзі бар. Осыны түсінетін тарап көбейгенде қоғам да өздігінен түзеледі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!