Айдана Бақытжанова – «AQ Qurak» брендінің негізін қалаушы. Қызылорда облысы, Арал қаласының тумасы. Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің «Сән дизайнері» мамандығының 5 курс студенті. Сән мен сұлулықты үйлестірген жас маман ұлттық нақыштағы киімдерді нарыққа шығаруда.

– Айдана Әнуарбекқызы, сіздің жасаған киім үлгілеріңіз өте ерекше екенін байқадым. Бұл жұмыспен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?

– Бала күннен қуыршақтарға киім тігуге әуес болдым. Екі әжем де, анам да тігіншілікпен айналысты. Мен де осы кісілерге ілесіп, күнделікті көргенімді істейтін едім. Нағашы әжемнің көзін көре алмасам да, ол кісінің қолынан шыққан киімдердің ерекше екенін байқадым. Отбасымның айтуы бойынша, ол кісі өзінің қыздарына киім тіккен екен. Ал әжем құрақ көрпе тігеді. Ал оның қолынан шығатын бұйымдарды туған-туыстарым қуана-қуана сыйлық ретінде алатын. Үйде бар көрпе-көпшіктің бәрі осы кісінің қолынан шықты десем де болады. Кейін студент кезімде 2 курстан бастап біз киім тіге бастадық. Сол кезден бері мен үзбей осы іспен айналысамын. Киім тіккенде менде белгілі бір «ереже» жоқ еді. Алғашында қолмен тігетін едім. Университетке келгелі тігін мәшинесін қолданып үйрендім. Сол кезде алғаш киім үлгілеріне идея келе бастады.

– Брендті құру идеясы сізге қалай келді?

– 2023 жылдан бастап, Наурыз мерекесінің қарсаңында этно-киімдер танымал бола бастады. Университетте де қыздар мейрам кездері ұлттық оюмен әрленген киімдерді киюші еді. Сол кезде тапсырыс қабылдап, үйде тіктім. «Кәсібім өрлесін» деп маған тігін мәшинесін алып берген еді. Әлеуметтік желілерді ашып, киімдерді салған күннен – ақ алғаш тапсырыстар түсе бастады. Бірақ бренд «бір сезондық» болды. Себебі белсенділікті мен тек Наурыз мерекесінің қарсаңында көрсететін едім. Ал биыл мен тапсырыстарды тек мейрамда ғана емес, тұрақты түрде қолға алғым келді. Жаңа идея, жаңа көзқарас керек болды. Сол сәтте құрбым екеумізге мынандай ой келді: «Неліктен қазақша киімді классикалық үлгіде жасамасқа? Офистік стильде жасасақ, күнделікті киген кезде де әдемі көрінер еді». Осылайша құрбым әрі группаласым – Камила Ақпанқызы екеуміз осы жобаны қолға алдық.

– Неге брендтің аты «AQ Qurak»?

– Мүмкін әжемнің жасаған құрақ көрпелерін көріп өскеннен болар, осы атау жүрегіме жақын болды. Бір жағынан атау әр қазаққа таныс болған соң, жылылық ұялатады деген ой да болды. Ал «AQ» – Камила екеуміздің инициалдарымыз.

Біздің негізгі мақсат – дәстүр мен заманауилықты ұштастыру. Құрақ матаны қазақ дәстүрінде көрпемен жеткізсе, біз оны киіммен жеткіземіз деп шештік.

Нарықты зерттеген кезде ұлттық киімнің бомбер секілді күнделікті киім үлгілерімен ұштасқанын байқадық. Ал біз назардан тыс қалған – классикалық стильді дамытқымыз келді. Сол кезде әртүрлі саладағы мамандар жұмысқа ұлттық стильдегі киімдерді күнделікті киіп бара алатын еді.

Стиль – ең алғаш мән беретін ерекшелік болса, екіншісі – сапа. Киімнің тігістері сөгіліп тұрса, стильдің мәні болмайды деп санаймын. Сол үшін матаны қолжетімді, әрі сапалы болатындай қылып таңдадық. Киімнің адамның үстінде қалай тұратынында белгілеп, кигенде қонымды, жайлы болуына мән бердік. Өйткені киім ыңғайлы болмаса, адам өзін жайсыз сезінеді.

– Ұлттық киім мен заманауи стильді үйлестіруде қандай қиындықтар кездеседі?

– Осы күнге дейін қиындықтар туындаған жоқ. Алайда этностильді заманауи киіммен ұштастырған кезде әрбір ою-өрнектің түсіне, үйлесімділігіне аса қатты мән беру қажет. Офистық стиль болғандықтан өрнектердің түсі қанық болмауы шарт. Себебі ол кезде киімді күнделікті киімдермен ұштастыру қиынға соғады.

Ең басты қиындық – аудитория жинау. Сол себепті біз маркетингке көңіл бөліп жатырмыз.

– Бір киім тігу процесі қанша уақыт алады?

– Дизайн құрастыру уақытын есептемегенде, мата таңдау, құрастыру кезі, тігу процесі шамамен 5 сағат алады.

– Дизайн жасаған кезде қайдан шабыт аласыз? Бәлкім, қазақтың көне өрнектері, әжелеріміздің оюлы камзолдары әсер еткен шығар?

– Ойланып қарасам, мен осы уақытқа дейін шабыт іздемеппін. Мата таңдап жүріп, оны ұстап сезген кезде болашақ бұйым көз алдыма елестейді. Әшекей бұйымдар сататын жерлерге көп барамын. Оларға да қарап, шабыт өзі келеді.

– Брендтеріңізде қай киім үлгісі ең көп сұранысқа ие? Жастар қандай киімдерді көбірек таңдайды?

– Ашылғанымызға көп уақыт болған жоқ. Соған қарамастан көп тапсырыстар қабылдадық. Соның ішінде танымалы – этнокорсет. Ал жилеттерге қатты сұраныс болмағанымен, қызығушылық танытатындар өте көп.

– Сіз үшін қазақша киімнің ерекшелігі неде?

– Әр ұлттың өзінің ерекшеліктері болады. Түркі халықтарының киім үлгісі бір-біріне ұқсас. Алайда қазақ киімдері қанық түспен ерекшеленеді деп ойлаймын. Мысалы қырғыз бен өзбек халқының киімдері көбіне байсалды түстерде. Қатты ашық не күңгүрт те емес. Ал бізде көк, қызыл, алтын түстер жиі қолданылған. Бірақ ата-бабаларымыз күміс әшекей бұйымдарды таққан.

Ал қазақ халқының ою-өрнектері мүлдем өзгеше. Өзбек халқының киімдеріне қарасаңыз, ол жақтағы өрнектер көзге ұқсас екенін байқайсыз, ал қырғыз бен қазақтарда ұқсастық бар. Бірақ олардың оюлары дөңгеленіп кетеді. Бізде әр элементтің өз мағынасы бар.

Қолданылған материалдар да бөлек. Ол әр халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоныстанған мекеніне, ауа-райына байланысты өзгешеленген. Бізде аң терісі көп пайдаланылды. Қысқы аязға төзімді болды. Тарихқа қарасаң өмір салтымыз арқылы киім үлгісі қалыптасқан.

Қазірде бізде қазақи комзол әлі де қолданыста бар, «Қыз ұзату» да сәукелесіз өтпейді. Өздеріңіз байқағандай қазақтың оюлары заманауи стильдегі киімдерден көрініс табуда. Бір жағынан әшекейлер де қолжетімді болғандықтан қазіргі уақытта танымалдыққа ие.

– Қалай ойлайсыз қазір қазақ нақыштағы киім үлгілері сұранысқа ие ме?

– Бұрын «Наурыз» мейрамын тек 21–22 күндері тойлайтын. Ал қазір бұл мейрамға бір ай дайындалып, бір апта атап өтілуде. Менің ойымша, осының әсерінен қазіргі жастар қазақи нақыштағы киімдердің қолданысқа ие болуына әсер етті.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бір емес, ондаған қазақи нақыштағы брендтер бар. Бұл үлкен нәтиже деп ойлаймын. Жастар да, ересектер де қызығушылық танытатыны осыдан. Біздің де осы қатардан қалыспайық деп идеямызды жүзеге асырдық.

– Сұқбат үшін рақмет!

Мерей ШӘКРАТ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!