Өмір сүруге деген талпыныс – адам жүрегіндегі ең мықты күш. Себебі бұл жалынның кез келген кедергіні бұзып өтетін қауқары бар. Бүгінгі кейіпкеріміз қиындық пен шектеудің шырмауығын шешіп, жаңа мүмкіндіктер есігін аша білді.

Диана Мұрзағалиева – семейлік 18 жастағы стартапер, волонтер, бірнеше әлеуметтік бастаманың авторы. Бірақ ядролық сынақтардың кері әсерінен оған 4 жасында дизартрия диагнозы қойылған.

− Менің жасымдағы балалар тақпақ айтып жатқанда, менің сөйлеуім түсініксіз еді. Инсульттан кейінгі ересектердің жағдайы секілді тілім мен бетімнің төменгі бөлігінде ішінара сал ауруы болды. Кейіннен аяғыммен де мәселелер туындады. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың пайда болуы Семейдегі экологиямен де байланысты. Ем барысы өте ұзаққа созылып, тек 9 жасымда қалыпты сөйлей бастадым. Туған жерімде қажетті мамандар болмағандықтан Астанаға барып ем алдым, − деді Диана сұхбаттарының бірінде.

Сондай-ақ жеке тәжірибесінде түсініксіз сөйлегені үшін буллингке ұшырағанын да айтты. Қоғам арасындағы әлеуметтік мәселелерді өз басынан өткерген кейіпкеріміз сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға көмектесетін инклюзивті академия мен «SPEAKUP» жасанды интеллект қосымшасын құрған. Бұл жоба жаһандық инклюзияны ілгерілетуге бағытталған. Яғни мақсаты физикалық дамуында қиындықтары бар адамдарды қоғамның белсенді өміріне қосу. Бала кезінде сөйлей алмаған Диана Мұрзағалиева өз ойын жазу арқылы жеткізіп, кейіннен мүмкіндігі шектеулі балалардың армандары туралы әңгіме құрастырған. Міне, дәл осы бастамасы арқылы «Үміт әрдайым жанымызда» атты анимациялық фильмі жарыққа шықты.

Ал жақында жас стартапер әлеуметтік саладағы белсенділігі мен жаңа бастамалары үшін ханшайым Диана атындағы сыйлықпен марапатталды.

«Diana Award» 1 жыл уақытын қоғамға түрлі қызмет көрсетуге арнаған жастарға табысталады. Бұл тізімде білім беру, қаржы жинау немесе қызмет көрсету секілді қызметтер қарастырылған. Қатысушылар бес бағыт бойынша бағаланады. Биыл байқауды қорытындылау үшін 30-дан астам елден 80-ге жуық ерікті жұмылдырылған. Ал қатысуға 1700 адам өтінім берген.

− Бар болғаны 18 жасында Диана Мұрзағалиева әлеуметтік бастамалары мен қоғамға қосқан ерекше үлесі үшін Диана сыйлығына ие болды. Ядролық сынақтардың салдарынан туған жерінде дизартрия диагнозы қойылған бойжеткен көптеген қиындықты, соның ішінде буллинг пен бірнеше операцияны жеңіп шықты. Бір кездері сөйлей алмаса да, өзінің ойын әңгімелер арқылы жеткізіп, мүгедектігі бар балалардың армандары туралы «Үміт әрдайым жанымызда» атты анимациялық фильмін жасады.

«Inclusive Academy» негізін қалаушы, «SpeakUp» жобасының авторы ретінде Диана инклюзивтілікті ілгерілетіп, кедергілерді сәтті жойып келеді. Бұл беделді марапат Диана ханшайымның құрметіне тағайындалып, оң өзгерістер жасауға деген адалдығының көрініс болды, − деп хабарлады Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі.

Ал Уильям ханзаданың қолы қойылған ресми хатта жеңімпаздарды құттықтап, әлемнің түпкір-түпкіріндегі жеңімпаз жастарды көргеніне қуанышты екені жазылған. Диананың айтуынша, бұл оның өміріндегі маңызды күндердің бірі.

− Ресми хатты оқыған сәтте көзімнен еріксіз жас шықты. Себебі, күнделігіне мүмкіндігі шектеулі балалар туралы жазып, оларға көмектесуге уәде берген кішкентай қыз есіме түсті. Ол кезде бұл ұмтылыс мені осындай жетістікке жетелейді деп елестете де алмадым, − дейді жеңімпаз.

Әлқиссада айтқанымыздай, өмір сүруге деген талпыныс пен алға ұмтылу алдыңнан шыққан кедергіні бұзып өтуге көмектеседі. Ол адамды өзгертеді, өмірді өзгертеді. Өйткені шектеу – адамның өзінде ғана.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!