Бүгінде оқушы тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Білім ордаларындағы бұрынғы және бүгінгі тәрбие беру жүйесінің ерекшелігі неде, бағыты қалай өзгерді? Қандай жұмыстар атқарылуда?
Бұл туралы білім беру саласында 40 жылға жуық қызмет еткен, Арал ауданы, Қаратерең ауылындағы №82 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжахан Шүйінішбаева сұхбат барысында толығырақ айтып берді.
– Гүлжаһан Сағидоллақызы, мектепте қызмет атқарғаныңызға 40 жылға жуықтапты. Оның басым бөлігінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еттіңіз. Сөз басын педагог мәртебесінен бастасақ. Ұстаздардың беделін арттыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды, дегенмен мұғалімнің беделі өзіне де байланысты секілді… Жаңа заман педагогі қандай болуы керек?
– Иә, осы мектепті 1981 жылы аяқтап, Атырау,бұрынғы Гурев қаласында педагогикалық институттың «Бастауыш сынып педагогикасы және методикасы» факультетін бітірдім. 1985 жылы оқуды тәмамадағаннан кейін ауылға келдім. Бірақ өз мамандығым бойынша жұмыс табылған жоқ. Екі жыл тарихтан сабақ беріп, одан кейін ғана бастауыш сыныптарға сабақ беруді бастадым. 1980, 1983 жылғы оқушылардың алғашқы ұстазы болдым. Ал 1993 жылдың 1 қыркүйегінен бастап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстым. Содан бері 31 жыл уақыт өтіпті.
Мұғалім мәртебесі қай мемлекетте де, менің ойымша, жоғары болуы керек. Тәуелсіз елімізде мектептің басты міндеті – оқушыға білім беріп, саналы, тәртіпті тұлға болып қалыптасуына тәрбиелеу, бағыттау. Мұғалім мәртебесін асқақтатып, беделін қоғам алдында биік қойсақ қана жас ұрпақ білімді әрі зиялы болады. Аға буынның айтуынша бұрын мұғалім келе жатқанда, балалар бас киімін алып, жол беріп, тұра қалатын. Мұндайды өзім де көрдім. Қазір олай емес. Танымайтын адамға назар да аудармайды. Қоғамдық көлікте жасы үлкендерге құрмет көрсетілмей, келеңсіз жағдайлар байқалып қалады. Бұл отбасы және мектептегі тәрбиенің ұштасуының кемдігінен болып тұр.
Елімізде жыл сайын мұғалімге деген құрмет артып келеді. Мұғалім толық мәртебеге қай уақытта ие болады? Менің ойымша, білім саласындағы білім мен біліктілік сапасы шынайы анықталған уақытта ғана педагог толық мәртебеге ие болады деп ойлаймын. Ұстаздың беделі заңмен көтеріледі деп ойламаймын. Ұстаз өз беделін өзі көтереді. Педагог мәртебесі туралы заң мұғалімдік мамандыққа сұранысты арттырған секілді. Себебі кейінгі екі жылда педагогикалық мамандықты таңдайтын түлектер саны көбейді.
– Сіз екі ғасырдағы білім беру жүйесін көрген ұстазсыз. Салыстырып айтыңызшы, екі кезеңде не өзгерді?
– Оқу үлгерімін бағалау жүйесі өзгерді. Бұрын бала төмен баға алса, үйге ұялып келіп, жақсы баға алса, қуанып кіретін еді. Қазіргі балалар қандай баға алып келгенін білмейді.Баллдық жүйеден гөрі, баланың баға алып қайтқаны жақсы еді. Ата-анамен байланыс орнату үшін күнделік жақсы құрал. Үйге берілген тапсырманы жазып, күнделіктен қарайды. Технология дамыған заманда әлеуметтік желі арқылы көптеген дүние шешіліп жатыр. Кешегі жүйені көрген, осы саламен әбден таныс маман ретінде қазіргі жүйе көңілімізге қонбай, өткенді аңсайтынымыз рас. Балаларда жүргізіп оқу аз, тіл байлығы кем. Біздің кезімізде кітапханамен байланыс мықты, жоқ кітапты кезекке тұрып, сұрап оқитынбыз. Қазір оқуға құштар бала аз. Айталық, жүргізіп оқып, түсінігін баяндай білген бала сауатты жаза біледі. «Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы», «Мектеп театры» жобалары арқылы балалардың кітап оқуға деген құштарлығын, оқу сауаттылығын арттырып жатырмыз.
Жобаның мақсаты – мектеп оқушыларының кітап оқуына басшылықжасау, қызығушылықтарын ояту, кітаптарды насихаттау арқылы балалардың бойына рухани құндылықтарды ұялату.
Қазіргі білім беру саласы қызметкерлерінің алдында тұрған басты проблема – жаңа формацияның жаңа ұстазын қалыптастыру. Негізі білім – пайдалы инвестиция. Біз білім мен ғылымда бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен басталады, соның ішінде ауыл мектебінің алатын орны ерекше деп ойлаймын.
– «Ата-ана, бала, мектеп» деген үштік одақтың бірлігі бекем бе?
– Қазір ата-ана да балаға көп назар аудармайды. Бұрын ата-ана баласы мектептен келгенде жаңа дүние үйреніп келді деп қуана күтетін секілді еді. Кемшін тұсы болса, «кінә өзіңнен бе?» деп сол сұрақтың жауабын іздейтін. Бүгінгі ата-ана ондай емес. Қазіргі ата «саған кімтиісті, кім не деді, апайың кімді қалай бағалады, сені неге олай бағалаған жоқ?» деп өзара бәсеке туғызады. Біліммен емес, киім, телефонның маркасымен жарыс бар екені жасырын емес.
Демек қоғамда ата-ананың мектептен алшақтаған уақыты болып тұр, сондықтан әрбір ұстаз әр баланы жеке тұлға етіп қалыптастыруда аянбай еңбек етуде. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа жол сілтер ақылшысы. Ата-анамен бірлескен жұмысты, арадағы байланысты жалғастырушы тұлға – ұстаз. Үштік одақ жұмысы мектептегі ұстаз, отбасындағы ата-ана бірлескен жағдайда мақсатына жете алады, сонда ғана бәсекеге қабілетті тұлға қалыптасады деп ойлаймын.
– Ұстаздың сөзіне немқұрайлы қарайтын оқушылар кездесіп қалады. Бала тәрбиелі, кішіпейіл болу үшін ата-ана қандай ұстанымда болуы керек?
– Ұстаз – бір ауыз сөзбен айтсақ, балаға үйретуден жалықпайтын жан. Әр баланың жандүниесін танып білуші, яғни мүсіншісі. Баланың мінезіндегі қандай қателікті де кешіре білетін жан.
Тәрбие саласында өзім еңбек еткен кейінгі 30 жылмен салыстыратын болсам, ата-ананың мектеппен байланысы бұрынғымен салыстыруға келмейді. Бұрын олар сынып сағаты, ата-аналар жиналысында баланың оқу үлгерімі, тәртібі, тазалығымен танысып қайта қоятын. Мектепішілік ата-аналар жиналысында да үлгерім, жалпы қауіпсіздік мәселесі қозғалатын.
Ал қазір, тәрбие саласында «Әкелер, аналар мектебі» жұмыс жасайды. Ата-аналардың қазір мектеппен байланыс орнатуға көп уақыты жоқ. Былтырдан бастап республика бойынша «Біртұтастәрбие бағдарламасымен» жұмыс істеудеміз.
Сонымен қатар, мектепте «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» бағдарламасы бойынша жыл бойы ата-аналарға жоспарлы курс бойынша сабақтар өтеді. Мақсаты – балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық- педагогикалық және әлеуметтік құзыреттерін дамытуға бағытталған ата-аналарға жүйелі педагогикалық қолдау көрсетуді ұйымдастыру.
Орталықтың курс сабақтары оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты 3 топта өткізілді.
«Даналық мектебінде» аталар, әжелер, ағалар, жеңгелер атты 4 секция жұмыс жасайды. Мұндағы мақсат – ата-әже бойындағы мейірім мен ұлағатты, қазақы құндылықты бала бойына сіңіру, имандылыққа тәрбиелеу. Қазіргі құқықбұзушылық неден болып жатыр? Зорлық-зомбылық көп. Балаларда аяушылық аз, бір- біріне қысым жасау байқалады. Соның бәрі бала бойындағы адамгершілік, имандылық, жалпы отбасылық тәрбиенің кемдігінен. Сондықтан сала өкілдері білім ордасында даналық мектебін құруға шақырды. Бұл – жақсы идея. Біреудің үйінде атасы, бірінде әжесі жоқ. Бірақ мектептегі іс-шарада өзге ата-әжелерді көріп, жақсы әдеттерін үйренеді, үлгі алады. Мұндай биылғы жылдың алғашқы іс-шарасын кешегі аптада бастадық. Ағалар жақсы маман, айталық табысты кәсіпкер, мықты еңбек адамы, үздік спортшы болса, соны үлгі етіп, жеңгелерінен қайынсіңлілері пайдалы дүние үйренсін деген мақсатта іске асуда.
Ұстазға немқұрайлы қарайтын бала қай кезде де кездесті. Менің де сыныптастарымның арасында сынып жетекшіні тыңдамайтын оқушылар болды. Бірақ ол кездің балалары үйге ештеңе айтып бармайтын. Менің отбасым ұстаздар отбасы еді, үйде мектептегі жағдай талқыланбайтын. Бала педагогты сыйлау үшін ата-ана мұғалім жағында болу керек. «Балам,ол – ұстаз, ол менің де, папаңның да ұстазы. Ешбір адам ұстазсыз болмайды. Біздің осындай дәрежеде жүргеніміз әуелі Алла, сосын ұстаздардың арқасы, олар тек дұрыс дүниені айтады. Оларды тыңдау керек» деп жиі айту қажет. Ұстаздың мәртебесін қоғам көтереді, қоғам дегеніміз – халық, ал халық отбасынан құралады. Алла қаласа біздің үйден де ұстаз шығуы мүмкін дегенді жиі айтса деймін.
Анасы таңертең тұрып, киімін кигізіп, галстугын түзеп, шашын тарап, таңғы асын беріп жіберген бала мен ата-анасы ұйықтап жатып, өзі киініп, үрпі-түрпі болып, асығып, дым ішпей келген бала екі түрлі болады. Кейбір баладан «галстугың қайда, неге шашың таралмаған, мамаң қайда?» десең, «ұйықтап жатыр» дейді. Немқұрайлылық деген – осы. Ұрпағы дұрыс болуы үшін ата-ананың өзі дұрыс болу керек.
– Ата-аналар мектептегі сабақтан бөлек, білімді болсын деп бала баратын қосымша сабақ пен үйірмені көбейтті. Бұл оқушы психологиясына, сабақтан жалығуына әкелмей ме?
– Бұрынғы кезде де үйірмелер болды, бірақ дәл қазіргідей болған жоқ. Қазір үйірменің де, секцияның да түрі көп. Бірақ соған келмейтін де, бәріне үлгеретін де балалар болады. Біздің мектептің өзінде бокс, тоғызқұмалақ, шахмат, теннис, волейбол спорттық секциялары жұмыс істейді. Мектепте Арал аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 7-10 жас аралығындағы оқушылар үшін бокс филиалы жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал ұрпақ» клубы тұрақты жұмыс атқаруда. Пәндік, техникалық, эстетикалық бағытта үйірмелер болады. Ал спорт үйрімелері тұрақты жүргізіледі. Мұның «оқимын» деген балаға кедергісі жоқ.
– Қазіргі тәрбие жүйесіндегі негізгі бағыт қандай? Іс-шаралардың форматы да уақытқа сәйкес өзгерген болар…
– Біз өткен жылдан бері білім беру ұйымдарына арналған біртұтас білім беру бағдарламалары негізінде жұмыс істейміз. Биыл «Әділетті Қазақстан. Адал азамат. Озық ойлы ұлт» үштаған ұғымы бойынша жұмысымызды бастадық. Біздің негізгі қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу деген ұстанаммен жұмыс істейміз. Бағдарламаның негізі – рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу, азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді дамыту, парасаттылық пен адалдықты қалыптастыру.
Биылғы өзгешілік – әр айға тұрақты іс- шаралар бөлістірген. Қыркүйек – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы болса, қазан – тәуелсіздік және отаншылдық айы. Осы құндылықтарды қалыптастыру үшін күнделікті, апта сайынғы жұмыстар бекітілген. Сабақ арасындағы үзіліс кезінде ұлттық ойындарды ұйымдастыру, «өнегелі 15 минут» атты ата- анамен байланыс орнатуға арналған уақыттар бар. «Үнемді тұтыну» уақытында апта бойы суды үнемдеу, энергия үнемдеу туралы іс-шаралар өткізіледі.
Апта сайынғы іс-шараларға келсек, әр аптаның бірінші сабағы гимнмен басталады. Мектепке дәйексөздер ілеміз. Бұл сол айдағы іс-шараның негізі деуге болады. Сол жазылған дәйексөз арқылы жұмыстар жүргізіледі. Ол мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, халық даналығы болуы мүмкін. Сынып сабағына қауіпсіздік сабағы кіріктірілді. Онда жол қозғалыс, өмір қауіпсіздік ережелерін сынып жетекшілері түсіндіреді.
– «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына орай ауыл мектебі екі қабатты болып бой көтерді. Қазір білім ордасында өзгеріс көп. Негізгі жаңа бастамаларға тоқталып өтіңізші…
– 2014 жылы жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Жаңа мектептің аты жаңа мектеп. Балаларды ыстық тамақпен қамтуға арналған 108 орындық асхана жұмыс істейді. 211-дей бала ыстық тамақпен қамтылған. 200 орындық акт залы, мұражай бар. Биыл мектеп ұжымының қолдауымен мұражай 1 миллион теңгедей қаржыға қайта жасақталды. Алла қаласа осы жылы пайдалануға беріледі. Ұлдарға арналған шеберхана, қыздардың тігін шеберханасы, спортзал да жұмыс істейді.
– Ұстаздар оқушы тәрбиесі үшін қатаң сұралады. Тіпті түнгі уақытта кезекшілік те атқарады. Ал олар өз балаларына қарауға үлгере ме?
– Кезекшілік жай күндері де, мереке күндері де күн тәртібінен түсіп тұрған жоқ. Жұма, сенбі күндері ерікті ата-аналар мен мұғалімдер, мереке алды, мереке күндері мектеп мұғалімдерінен кезекшілік бар. Мұғалімдер түсіністікпен қарайды. Балалардың қауіпсіздігіне толық жауаптымыз. Сондықтан бұл тұрғыда мәселе жоқ деп ойлаймын.
– Білуімше, ата-анаңыз да педагог болған. Ұстаз болуыңызға отбасыңыз әсер етті ме?
– Менің ата-анам ұзақ уақыт мектепте жұмыс істеген. Әкем Сағидулла директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Анам Ақжарқын алғашқы уақытта осы мектептің директоры болып еңбек еткен. Екеуі де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі еді. Әкемнің інісі Сәйдулла тарих пәнінің мұғалімі болды. Кейін Сексеуіл кентінде №231 мектеп директоры болып зейнетке шықты. Менің педагогикалық жолға келуіме ата-анам зор ықпал етті. Бүгінде олардың арманын орындап, мұғалім болдым. Кәсібімнің қуанышы мен қиындығын алып жүріп, тәрбиедегі ауыртпалықтарға мойымадым. Алланың қалауымен бүгінгі нәтижеге отбасымның және ұжымның қолдауымен жеттім деп ойлаймын.
Менің мейірімге толы жүрегім шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре білді. Талай тентекті жуасытып, кейбір еркені сабасына түсіріп, ұлды ержеткізді, қызды бойжеткізді.
Айта кету керек, әркімнің қолынан келмейтін ерекше талантты қажет ететін, күнбе-күн кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап, шешімін табуға дайын отыратын адамзаттың сәулетшісі – ұстаздың алдында әрбір жан бас иеді.
– Сұхбат үшін рақмет!
Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!