Қазақ үшін ет – ас мәзірінің ажырамас бөлігі. Алайда бұл дәстүрлі көзқарасты өзгертіп, өсімдік негізіндегі тамақтануды таңдаған жандар да бар. Солардың бірі – Әсемгүл мен Әділет Мұқышевтар. Олар үшін вегетариандық – уақытша эксперимент емес, саналы өмір салты. Ал олар бұл шешімге қалай келді? Бірнеше сауалға жауап алу үшін ерлі-зайыптымен сұхбаттастық.

– Әділет, тамақтану салтыңызды ауыстырғаныңызға 12 жыл болды. Айтыңызшы, вегетариандық сіздің өміріңізге қалай әсер етті?

Әділет: – Бұл тек тамақтану емес,тұтас көзқарасты өзгертетін өмір салты. Вегетариандыққа өткеннен кейін біз экологиялық таза өнімдерге көңіл бөле бастадық, жануарларға деген қарым-қатынасымыз да өзгерді. Бір кездері былғары аяқ киім, жағалы тон киетін едік. Бірақ бір сәтте ойланып, бас тарттық. Иә, тамақтану салтымды өзгерткеніме 12 жыл болды. Түрлі әдебиет оқып, зерттей келе, еттен бас тартып көруді жөн көрдім. Алғашында жай ғана эксперимент еді. Бірақ уақыт өте келе бұл тәжірибе әдетке айналды. Содан бері ет жемеймін. Жұбайым Әсемгүл екі жыл өткен соң маған қосылды.

– Ал жақындарыңыз қалай қабылдады?

Әділет: – Біз ауылда қазақ отбасынан шыққанбыз. Әрқашан соғым сойылып, етсіз тамақ болмайтын. Отбасым, әрине, таңқалды. Алғашында «Үш ай ғана ет жемей көрейін» деп өтіндім. Анам мені қолдап, сол уақыт ішінде тамаққа ет қосуды қойды. Бірақ үш ай өткен соң да мен әдетіме қайтып оралмадым. Уақыт өте келе барлығы бұл жағдайға үйреніп кетті.

– Ал сіз, Әсемгүл, алғашында қандай сезімде болдыңыз?

Әсемгүл: – Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Өйткені қазақ отбасында ет – тағамның негізгі бөлігі. Ал Әділет еттен ғана бас тартпады. Ол бірден пісірілмеген, яғни көкөністер мен жемістерді ғана жей бастады. Бұл біз үшін үлкен жаңалық болды.

– Вегетариандыққа көшкен соң денсаулығыңызда қандай өзгерістер болды?

Әсемгүл: – Энергиямыз көбейіп, жаңа идеялар пайда бола бастады. Жалпы, денсаулығымыз жақсарды, жеңілдік пайда болды.

Әділет: – Дене шынықтырумен айналысатын адам ретінде физикалық көрсеткіштеріме әсері бола ма деп уайымдадым. Бірақ керісінше, спорттағы жетістіктерім арта түсті. Вегетариандыққа өткен соң шыдамдылығым артып, дене бітімім жақсарды.

Вегетариандық - біздің саналы таңдау

– Еттен бас тартқан соң, ағзаға қажетті ақуыз бен дәрумендерді қалай толтырасыздар?

Әсемгүл: – Көпшілік вегетариандардың басты мәселесі – ақуыз жетіспеушілігі деп ойлайды. Бірақ өсімдіктерден де жеткілікті мөлшерде ақуыз алуға болады. Біздің тамақтану үлесімізде көкөністер, жаңғақтар, дәндер, әртүрлі өсімдік майлары бар. Мысалы, таңертең жылы суға лимон қосып ішеміз, содан кейін шпинат, банан, жидектер, чиа және зәйтүн майымен смузи дайындаймыз.

Әділет: – Дәрі-дәрмек те ішпейміз. Балаларымыз да дәрісіз өсіп келеді. Егер суық тиіп қалса, табиғи жолмен емделеміз.

– Балаларыңыз ет жей ме?

Әсемгүл: – Иә, олар ет жейді. Біз өз өмір салтымызды оларға таңбаймыз. Әр адам өз тағамдық жолын өзі таңдауы керек деп есептейміз.

– Бұл өмір салтына көшкісі келетіндерге қандай кеңес берер едіңіздер?

Әсемгүл: – Ең бастысы – өз ішкі түйсігіңді тыңдау. Егер адам бұл жолды саналы түрде таңдап, шынымен қалап тұрса, оған ешқандай кедергі жоқ.

Әділет: – Бастысы – өзгенің пікіріне тәуелді болмау. Егер сен бір нәрсеге сенімді болсаң, оған сенің күш-қуатың да, мүмкіндігің де жетеді.

– Жауаптарыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!