Мыңжылқы Бердіқожаев, нейрохирургия маманы:
Вирустық мутация біз ойламаған бағытта жүруі мүмкін

Коронавирус инфекциясының күн өткен сайын жаңа белгілері пайда болуда. Әзірге вакцинасы жоқ вируста белгісіздік көп. Соңғы уақытта ковидті қайталап жұқтыру дерегі де тіркелуде. Осы жағдайды ескере отырып, бүгінгі қоғамдағы басты тақырып турасында нейрохирургия маманы Мыңжылқы Бердіқожаевпен тілдестік.

− Бүгінде коронавирус инфекциясының барлық ағзаға әсер ететіні анықталуда. Соңғы уақытта вирус өкпемен қатар жүрекке де түседі деген ақпарат тарауда. Бұл қаншалықты рас?

− Иә, коронавирус инфекциясының барлық ағзаға қан тамырлары арқылы әсер ететіні белгілі болып отыр. Қан тамырларының қабырғасында ангиотензин 2, S 2 рецепторлары бар. Вирус ағзаға түскен соң сол рецепторларға байланысып, ағзада тромбтар түзе бастайды. Кішкентай бүлдіршіндердегі ковасаки синдромы, яғни қан тамырларының қабынуы сол ұсақ тромбтардың түзілуінен пайда болады. Өкпедегі «матовое стекло» клиникалық белгісі де өкпе артерияларымен байланысты екені анықталды. Сондай-ақ вирус мида нигроздаушы энцефалиттың пайда болуына, яғни мидың қабынуына, жүректі зақымдап, аритмияға әкелуі мүмкін. Сол сияқты ұйқы безін, бауырды, ішекті де зақымдайды. Бұл белгілерді коронавирустың орташа ауыр, ауыр түрінде кездесетін сиптомдар деп қарастыруға болады.

− Жуырда Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын қайталап жұқтыру дерегі тіркелді. Науқас вирусты екінші рет жұқтырған жағдайда белгілері қандай болады және бұл ағзаға қаншалықты қауіпті?

− Вирус ағзаға түскеннен кейін инкубациялық кезеңде көбейе бастайды. Содан кейінгі клиникалық белгілері анықталған кезеңде науқастың температурасы көтеріліп, жөтел күшейеді. Ал дене қызуы төмендеген уақытта ағзадағы вирус жойылады деген деректер бар. Бұл процесс шамамен бір апта немесе он күнге созылады. Осы уақыт аралығында науқас вирус таратпайды деген де мәлімет бар. Егер науқас ауыр халде болса, яғни өкпесі вирустан толық жазылмайынша жанындағы адамдарға вирус таралуы мүмкін немесе қайтыс болып кеткен адамның денесіндегі вирус бірнеше күн сақталып, айналасына жұғуы ықтимал.Ковидті екінші рет жұқтырған адамдар ‒ көп жағдайда коронавирустың жеңіл түрімен ауырып шыққан науқастар. Алғашында вирустық инфекция жеңіл өтсе, онда науқастың екінші рет жұқтырып алу қаупі бар. Ал ковидтің ауыр түрімен ауырған кісілердің денесінде антиденелер сақталған болса, ол екінші рет ауырмайды. Оны әріптестеріміз Ресей мемлекетінде жүргізілген зерттеу барысында анықтаған, бірақ иммуноглобулиндер жойылған сәттен бастап адам қайтадан коронавирус инфекциясын жұқтырып алуы мүмкін. Мұндай сәтте ауру белгілері орташа немесе ауыр түрінде өтуі ықтимал. Өйткені адам өзіне сенімділікпен қарап, «мен коронавирустан емделіп шықтым, енді қайта ауырмаймын» деген салғырттықпен вирусты қайта жұқтырып алуы мүмкін.

− Мамандар коронавирус инфекциясының мутацияға ұшырайтынын айтады. Вирустың өзгеруі ненің әсерінен болуы мүмкін? Дәрігер ретінде бұл вирустың өзгеріске ұшырау шегі қандай болады деп ойлайсыз? Болашақта бұл инфекция мүлде жойылып кетеді деп айта аламыз ба?

− Әрбір вирустық инфекция мутацияға ұшырап отырады. Оның ішінде мутация біз ойламаған бағытта жүруі мүмкін. Бірақ көп жағдайда вирус мутациядан өткен соң әлсірей бастайды және таралуы тежеледі. Солай кезеңдік тұмау, жедел респираторлы вирустық инфекция сияқты қатты қауіпті емес ауру түріне ауысуы ықтимал. Алайда медицинада бұдан өзге де мутациялық өзгерістер кездесіп жатады. Вирустың құрамына басқа да инфекция қосылып, қауіпті формаға ауысуы да мүмкін. Мұның барлығын уақыт көрсетеді.

− Қазіргі таңда вирустың жаңа симптомдары пайда болғаны айтылуда. Айталық кейбір науқастарда вирустың әсерінен тері аурулары немесе бүйрек ауруы асқынған. Жалпы коронавирус инфекциясының жаңа белгілері жайында не айтар едіңіз?

− Вирус симптомдарын жоғарыда атап өттім. Ол миды, бүйректі, бауырды, теріні зақымдауы мүмкін. Қазір ковидпен ауырып шыққан адамның бірден жазылып кетпейтіні белгілі болды. Өйткені оның ағзасында қалдық симптомдар қалуы мүмкін. Соның әсерінен науқастың шашы түсіп, теріде, ішкі ағзаларда ұзақ уақытта дейін өзгеріс болуы ықтимал. Қазір өкпесінде фиброз басталып, дем жетпей қалатын науқастар да кездесуде. Сондықтан бұл вирустың әрі қарай қандай қосымша симптомдармен ерекшелетіні әлі де зерттеуді қажет етеді.

− Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!