Елтай Рахманов − PhD, медицина докторы, Nazarbaev университетінің оқытушысы. Бұған дейін Италияның Роверето қаласындағы MAGI Генетикалық және сирек кездесетін аурулар диагностикалық-ғылыми институтында зерттеуші болып жұмыс істеді. Қытайдың Ухань қаласында докторантурада білім алып, жергілікті ауруханаларда еңбек етті. Бүгінде Nazarbaev университетінің медицина мектебінің спорт және реабилитация магистратурасы директорының орынбасары. Туған жері Арал ауданына демалысқа келген жерлесімізбен орайын тауып әңгімелескен едік.
− Сіздің сол жақта жұмыс істегеніңізді біліп, сұрап отырмын, коронавирус неліктен Италияда өзге елдермен салыстырғанда жылдам тарап кетті?
− Пандемияның бірінші кезеңінде коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Италия Қытайдан кейінгі екінші орынды иеленді. Римнің өзінде 40-50 шақты дәрігер вирус жұқтырды. Бұл, бір жағынан, Италияның медицина қызметкерлерінің коронавирусқа дайын емес екенін көрсетті. Италияда соңғы он жылда медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі байқалып отыр. Статистиканы қарасақ, мемлекеттік ауруханаларда 70 мың орын қысқарған, қазір елде 8 мың дәрігер, 35 мың медбике жетіспейді. Күрделі жағдайда Италия билігі зейнетке шыққан дәрігерлерден де көмек сұрады. Әйтседе көз жұмғандар үлесі бойынша бірінші орында болды. Себебі, италияндықтар достарына, туыстарына барып, қыдырғанды жақсы көреді. Қонаққа бармаса, өмірдің мәні жоқтай қабылдайды. Бастапқыда вирус туралы ақпаратқа сенбеді. Көпшілік орындарда жиналуын тоқтатпады. Вирус тез тарап, соңында билік ие бола алмай қалды.
− «Қытайдың дәстүрлі медицинасын қанша мақтағанмен, ол коронавируспен күресуге қауқарсыз» депсіз бір сұқбатыңызда. Алпауыт ел вирустың таралуын қалай тежеп отыр?
− Коронавирустың ошағы – Ухань қаласында үш жыл жұмыс істедім. Ухань – өнеркәсібі жақсы дамыған қала. Мұнда шамамен 11 миллион адам тұрады. Қытайдың басқа қалаларындағыдай, бұл қаланың да экологиялық ахуалы мәз емес. Қытайлықтар ақуыз тапшылығынан болар, бақа-шаянды да, жыланның да етін жей береді. Себебі, қытайлар біз сияқты күнде қой, сиыр етін жеп жүрген жоқ. Олардың жабайы жануарлар етін жеуі дәрумен тапшылығынан дер едім. Құнарлы тамақтанса, вирусқа бой алдырмайтын иммунитет болар еді. Олар вирусқа қарсы қатаң тәртіп сақтайды. Ауырған адам үйінен тіпті ауласына шықпайды. Әрбір азаматтың ереже бұзбай, карантиндік талаптарды сақтауын мемлекет қатаң бақылап отыр. Екінші толқында жаппай вакцина алды, бұл да сақтануға сеп.
− Қызылорда облысы «қызыл аймаққа» енген тұста ауылға келдің. Жерлестерің екпе туралы сұрақтармен қарсы алған болар.
− Дәрігер болған соң түрлі сұрақтарға жауап беремін. Екпе алған адамда ауру белгілері баяу өтетінін айтып жүрмін. Бірінші толқында көптеген ел екпеге қолы жетпей вирусты өршітіп алды. Вакцинациялау дер кезінде және кең көлемде жүрсе, аурудың өту жағдайы жеңіл болады. Екпе алдырса, ауруханаға бармай-ақ үй жағдайында сауығып кетуі мүмкін. Әрбір адам өз денсаулығы туралы сенім білдірген дәрігеріне барып кеңес алуы керек. Ғаламтордан оқып немесе біреу осы дәріні ішіп жазылыпты деп ем қабылдауға болмайды. Екпе туралы кері пікір осындай оқиғалардан соң туындайды.
− Халық қай ақпаратқа сенуі керек?
− Жалпы елдегі жаппай вакцинациялау науқанын қолдаймын. Оның баяу жүру себебі санитарлық ағарту шараларының аздығынан болып отыр. Сондықтан екпеге шақыратын іс-шараларды көбейту керек. Мектептерде саламатты өмір салты сабақтары өтеді, арнайы орталықтар, емханалар бар, солар арқылы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ағартушылық жұмыстарды көбейту қажет. Әлеуметтік желідегі жалған ақпаратқа сенбей, дәрігерге барып қаралып, кеңес алған жөн. Қазір білікті дәрігердің де, жауапты мекеменің де әлеуметтік желіде парақшасы бар. Пайдалы мәліметтар жариялайды. Халық тексерілмеген ақпаратқа сенгіш. «Вакцина салу арқылы чиптеп тастайды екен» дегенге иланып, денесіне тиын жабыстырып көргендер көп. Ағарту жұмыстары халық денсаулығын жақсартуға бірден бір себепкер бола алады.
− Әңгімеңізге рақмет.
Гүлбану МАҚАЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!