«Ерекше бол, қазақы нақышта бол» ұранымен 2019 жылы кәсібін бастаған жерлесіміз Айман Абдиеваның сән үйі туралы естуіміз бар. «Creative ideas» креативті идеялар конкурсында бақ сынап, өткен аптада «Тігін шеберханасы» бизнес жобасына 50% көлемінде инвестициялық қаражат жеңді. Аймақтағы креативті индустрияның дамуына өзіндік үлес қосып жүрген кәсіпкермен «Aiman Abdi Qazaq Brend» жөнінде азды-көп әңгіме өрбіттік.
Әуелде Айман Ғалымбекқызын жеңісімен құттықтап, байқау туралы сұрадық. Оның айтуынша, «Creative ideas» үлкен тәжірибе болған.
− Кәсіп жолындағы біліктілігімді арттыруда бұл конкурстың орны ерекше. Алғаш рет инвестор алдында жоба қорғап, саудамызды арттыратын DTF принтер мен термопрес сатып алу үшін демеушілікке қол жеткіздік. Ендігі кезекте тек тойларға емес, күнделікті өмірге киюге ыңғайлы қазақы элементі бар, заманауи қазақы колоритпен жаңа өнім жасау жоспарда бар, − деді ол.
Сән үйінде 6 адам жұмыс істейді. Ұжымда тігіншілер, сатушы, кәсіби мобилограф пен SMM маманы бар. Бұрын күніне 1-2 өнім әзірлесе, қазір бұл көрсеткіш ұлғайған.
− Әр қазақтың жүрегінде салт-дәстүр мен ұлттық құндылыққа деген ерекше махаббат бар. Бұл ретте «Aiman Abdi Qazaq Brend» қазақы нақыштағы заманауи киім үлгілерін ұсынады. Алғашқыда 3-4 дана қамзолдан бастадық. Жұмысқа арналған 1 ғана тігін машинасы болды. Ал бүгінде ұжымымыз кеңейіп, 6-7 дана киім үлгісін тігіп, сатылымға да, тапсырыс қабылдауға да үлгереміз. Бізде тұсаукесер рәсіміне арналған киім үлгілері бар. Сонымен қатар сүндет тойға арналған және отбасылық киім де көп.
Ал сұранысқа келсек, 2020 жылы пандемия басталғанда «Іnstagram» парақшаны кәсіби түрде дамытып, тек Қызылорда емес, Қазақстанның ауыл аймақтарын қамтуды қолға алдық. Сол кезеңде АҚШ, Ресей, Әзірбайжан, Италия елдеріндегі қандастарымыздың да отандық өнімге қолдау көрсеткені қуантты, − деп бөлісті кәсіпкер.
Әңгіме барысы жас кәсіпкерлерге де арналып, аймақтағы креативті индустрияның маңызымен түйінделді.
− Бүгінде кәсіпке бет бұрып, жаңа белес бағындыруға дайын, көзінде «от», дамуға құлшынысы бар жас көп. Идеясын жүзеге асыруды қалап, түрлі курсқа қатысып, байқауда бақ сынап жүрген таланттарды білемін. Оларға қарап шабыттанамын. Ал айтар кеңесім – еңбек, еңбек және еңбек. Таза маңдай термен еңбек етуден жалықпау қажет. Бастысы өзі өндіретін өнімге деген махаббаттың күшімен үлкен белестерді бағындыруға болатына сенім арту керек.
Ал креативті индустрияның болашағы зор. Интеллекттің дамуына, креативті, ерекше дүниелердің көбейетініне сенемін, − деп қорытындылады Айман Абдиева.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!