Берік БАЙДІЛДАЕВ,

Қармақшы аудандық

Жастар ресурстық орталығының директоры:

   Берік Байділдаев туралы әңгіме қозғалғанда көз алдымызға домбыра ұстап тұрған жігітті елестететініміз рас. Себебі ол жырлаған жырдың әсері ерекше. Қолынан домбыра түспейтін Берік Қармақшы аудандық мәдениет үйінен жастар ресурстық орталығын басқаруға келді. Бүгінде жастардың мәселесін шешуге атсалысуда. Жасыратыны жоқ, нақты цифрмен көрсетпесе де, жастар арасында төбелес болып тұрады. Ал Беріктің мақсаты сол – жастар арасында қылмысты азайту.

 – Жастардың ортасына келуге не түрткі болды?

  •  Мен өнер адамы болған соң жастардың ортасына келуіме көбісінің таңырқай қарайтыны рас. Дегенмен өзім де жаспын. Қармақшылық жастардың жағдайымен етене таныспын. Қандай мәселе бар, оларды қалай жеңуге болады бұл турасында жақсы білемін. Оның үстіне ауылға еңбегімді сіңіргім келді. Ауыл жастарының дені қалаға келген соң да ауылда қалуды жөн көрдім. Мен не себепті ауылда еңбек етіп, туған жерге тер төгіп, неге қолымнан келген көмегімді бермеймін деген ой үстінде жүргенім рас. Реті келген соң орайлы сәт туып, ойды жүзеге асырдым. Елбасының «Туған жерге тағзым» жобасының да мақсаты осы емес пе? Жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету, қылмыстың алдын-алу, жастарды шығармашылыққа баулу, олардың спортпен шұғылдануына септігімді тигізу сынды негізгі жоспар бойынша жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.
  •  Жұмыссыз жастар деп қалдыңыз, айтыңызшы NEET  санатындағы жастар қанша? Қандай жұмыстар жасалуда?
  •  Жұмыссыз жастардың көп екенін жасыра алмаймыз, бұл тек біздің аудандағы мәселе емес. Облыс, қала тіпті республикада да жұмыссыздық басты проблема. Мұнымен барлығымыз бірге күресудеміз. Ал жұмыссыздықты азайтудың басты жолы – кәсіпкерлікке бет бұруға қолғабыс ету. Қажет болса жоспарын жазып беру, қалайда өтіп кетуге ықпал ету, қайтарымсыз қаржы жастарға алып беру, оларға бағыт-бағдар көрсету, кәсіпті алып кетемін дегенше қадағалау. Жоғарыда айтып өткенімдей, жұмыссыз жастарды жұмысқа қамту мақсатында біршама жұмыстар жасалуда. Былтырғымен салыстырғанда 50 пайызға азайттық. Осылайша жастардың денін кәсіпкерлік бағытына бұрдық. Оларға қайтарымсыз грант алып бердік. «Атамекен» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге қаражатты көбісіне алып беруге ықпал жасадық. Несие аламын деген жастарға қолдау білдірдік. Жоспарына сертификат иеленуіне де қолғабыс еттік. NEET негізінен ауыр тақырып, пробацияның ішінде де жұмыссыздар бар. Тұрақты немесе тұрақсыз емес болса да жан-жаққа ұсыныс айтып, жұмыспен қамту орталығына жүгіндік. Жұмыс осылай жүйелі түрде жасалып жатса, жұмыссыздар саны азаяды деген ниеттемін.
  •  Қармақшылық жастар қандай кәсіпке бейім? Қанша жас кәсіпкер бар?
  •  Қазір кім болса да кәсіпке бет бұрғанды жөн санайды. Бір жұмысқа қарап отырған адамды аз кездестіресіз. Бір, екі кәсіпті дөңгелетіп отырғандары да бар. Бүгінде кәсіп ашамын деген адамға ешқандай қиындық жоқ. Қаржылай да, субсидия арқылы да көмек көрсетілуде. Жалпы қармақшылықтар ауылшаруашылығына бейім. Малшаруашылығымен айналысатын қаншама жас кәсіпкер шығуда. Олар өзінің идеясымен грант алды. Тіркеуде тұрған 500-ден аса жас кәсіпкер бар.
  •  Еріктілер жылын қорытындыладыңыздар. Ауданда қанша ерікті бар, қандай шаралар атқарылды?
  •  Ауданда тұрақты түрде көмек көрсететін 40-қа жуық ерікті бар. Жанама түрде жұмыс істейтін 200-ге тарта ерікті бар. Олар Қармақшының тумасы, бірақ өзге жақта жұмыс істейтіндер, кәсіпкерлер. Ерікті түрде қаржылай қолдау білдіреді. Биыл жылды жақсы деңгейде қорытындыладық. Облыс бойынша үш волонтер «Жыл волонтері» атағына ие болды. Оның екеуі – қармақшылық.
  •  Жыл басынан бері қанша қылмыс тіркелді? Алдын алу үшін не істеу керек?
  •  Нақты цифрға тоқталмай-ақ қояйын. Карантинге байланысты жұмыстар онлайн түрде өткізілуде. Мәселен, жастар ресурстық орталығының жанынан видеороликтер жасалды. Үн парақтар таратылды. Рейд жұмыстары да жиі ұйымдастырылуда. Бізбен бірге ішкі істер бөлімі, білім бөлімі де шығып жатыр. Біраз еріктілер де қамтылған. Мүмкіндігінше қылмысты азайту бағытында жұмыс істейміз.
  •  Адам жаңа қызметке келгенде алдына мақсат қояды. Сіз қай бағытқа басымдық бересіз?
  •  Жастар арасында ең өзекті мәселе ол – ажырасу. Бүгінде шаңырақ көтеріп, көп ұзамай айырылысып жатқандар жетерлік. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді ғой. Бәлкім үй  болып, алып кетуді қиындық көреді немесе жар таңдаудан қателесіп жатады. Міне, біз осы бағыт бойынша жұмыс істеуді қолға алдық. Бұл тақырып төңірегінде жастармен бетпе-бет сөйлесуді жөн көреміз. Жас отбасыларға психологиялық жағынан көмектесеміз. Оның үстіне ажыраспауға кеңес береміз. Екінші мақсатым – жұмыссыз жастармен жұмыс істеу, жұмыссыз жастарды азайтуды жолға қою. «Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы» дегендей, кәсіпке баулып жатырмыз. Бизнис хаб жобасы бойынша ауданымыз екінші орын алды. Келер жылы кәсіпкерлік клубын құрамыз деген жоспарда бар. Аудан экономикасын қалай көтереміз деген сауалды дебатта көтергім келеді. Жас кәсіпкерлердің кәсібін дөңгелету мақсатында кәсіпкерлер бөлімімен, кәсіпкерлер палатасымен меморандумға отыру жоспарымызда бар.
  •  Жастар орталығы әр ауданда бар. Оны аудан, ауыл тұрғындары жақсы біледі. Жалпы жастармен байланыс қандай? Өз еркімен орталық қызметінің жұмысын жиі пайдаланатындар бар ма?
  •  Әр округте жастар жөнінде маман бар. Солармен тығыз байланыстамыз. Жастар бізбен бірлесе жұмыс істейді. Тамыз айында «Демеу» еріктілер тобы құрылды. Оған қаншама жас тартылды. Оның ішінде жас кәсіпкерлер, қызмет істейтін жастардың бәрі бар. 9 желтоқсанда форум өткізіп, жастарды марапаттадық. Онымен қоса жастар мәслихатын құрдық. 10 жасты мәслихат депутаттығына лайықты деп сайладық. Бәрі белсенді жастар, ішінде ақын да, мұғалім де бар.
  •  Келер жылы ең бірінші нені қолға аласыз? Қысқаша тоқталсаңыз…
  •  Биылғы жылдың қиын болғаны белгілі. Қаншама іс кейінге қалдырылды. Жоспарлар да өзгертілді. Аяқ-астынан індетпен күресіп кеттік. Алда не боларын болжай алмаймыз, сондықтан оны уақыт еншісіне қалдыруды жөн санап отырмын. Бастысы, мына індеттен аман-есен құтылайықшы.
  •  Бұған дейін мәдениет саласында жүрдіңіз. Қай орта жаныңызға жақын?
  •  Әр қазақ баласы үшін домбырадан құнды дүние жоқ. Қазақтың ұлттық аспабы қашанда жаныма жақын. Ол мен үшін басты орында. Жастарға келгенім, мәдениеттен кеткендігімді аңғартпайды. Мен өнер адамымын. Жастарға келгендегі мақсатым көп, өзіндік жоспарларым да жетерлік. Облыстық «Ақмешіт жастары» тікелей жастардың басылымы. Осы уақыт аралығында қаншама жасты баспасөз бетінен оқыдым, оның ішінде қармақшылықтар да бар. Сіздерге алғыс білдіремін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарды жаңа жыл мерекесімен құттықтағым келеді.
  •  Сұқтабыңызға рақмет! Сізді де жаңа жылыңызбен құттықтаймыз!

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!