Заңсыз ойындарға шектеу қойылып, қылмысқа сай жаза беріліп жүргенімен қоғамдағы жұмыссыздықтың, несиеге байланудың, тіпті, кейде ажырасудың да себебіне айналғаны жасырын емес. Осы орайда облыстық экономикалық тергеу департаментінің қызметкері Медеу Таубаймен сұқбаттасқан
едік.

Мемлекеттің экономикасы заңға қайшы әрекеттердің, заңсыз ойын бизнестерінің дамуымен тікелей байланысты. Аймақта заңсыз бизнес бағытының ахуалы қандай?
– Айта кету керек, заңсыз ойынға қатысты қылмыстар экономикаға келтірілген залал ғана емес, адамдардың құмар ойындарға әсіре әуестігі бүгінгі күннің әлеуметтік мәселесінің біріне айналып отыр. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307 бабы 1 бөлігімен қарастырылған заңсыз әрекеттер бойынша облыста экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде 18 қылмыстық іс қаралған болатын. Оның 17-сі аяқталып, сотқа жолданған. 18 ойын орны жабылды. Аяқталған істер бойынша заңсыз айналымнан 1-ойын рулеткасы, 1-ноутбук, 103-монитор, 123-процессор, 6-телевизор, 14-кассалық аппарат, 10-терминал, 6-бейне жазғыш және 795 920 теңге ақша қайтарып алынды. Сонымен бірге мамыр айында қызылордалық екі азаматқа сот шешімімен айыппұл салынды. Бірінші ойын ұйымдастырушы 1000 АЕК көлемінде (екі миллион тоғыз жүз он жеті мың теңге), екіншісі 200 АЕК көлемінде (алты жүз он екі мың алты жүз теңге) айыппұлға тартылған. Ал осы жылдың қаңтарында Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен тергеуі аяқталған кезекті қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
Алматы қаласының тұрғыны У.А. Қызылорда қаласында интернет-казино ашып, заңсыз ойын бизнесін бастаған. 2022 жылдың мамыр айында қаладағы Қазыбек би көшесінің бойындағы көпқабатты үйден пәтер жалға алып, 8 дербес компьютер орнатып, оларды интернет желісіне қосқан. Өзінің бұрынғы екі танысын келушілерге қызмет көрсетуші ретінде жұмысқа тартқан. Сот компьютерлік-техникалық сараптамасы алынған компьютерлерге «Superomatic» бағдарламасын қосу арқылы онлайн ойындар сайтына қолжетімділік қамтамасыз етілгенін анықтады. Сарапшы-маманның қорытындысына сәйкес, заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 8 млн 190 мың теңгені құрады. Бұл ірі мөлшерге жатады. Қалалық №2 сот үкімімен, ҚР ҚК-нің 307 бабы 2 бөлігі 3 тармағымен қарастырылған қылмыстық әрекеті үшін қылмыскер 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Барлық мерзімге пробациялық бақылау және жыл сайын жүз сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарту тағайындалды.
Құқықтық сауаттылықтың қоғам өмірінде маңызы жоғары дейсіз ғой…
– Президент «Соңғы кезде жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік белең алды. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөспірімдер заманауи технологияларлың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды. Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемлекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шара қабылдады. Бірақ бұл шаралар, әрине, жеткіліксіз» деді ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында. Сол үшін құқықтық сауат маңызды.
Қоғамды қылмыстан тазарту үшін ең алдымен адамдар сауатты болуы керек. Яғни адамдар заңды білгенде ғана, өзіне өзі сенімді болғанда ғана еңбексіз пайда болмайтынын түсінгенде ғана өмірден өз орнын табады, қылмысқа жақын болмайды. Әрине, өңірдегі қылмыс деңгейі жыл сайын азайып келеді. Оған түсіндірме жұмыстары мен дұрыс ақпараттандырудың да әсері бар.
Сұқбат үшін рақмет!

Әңгімелескен
Дина Бөкебай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!