Жайдарман ойындарының негізі қаланғалы біраз жылдың жүзі болды. Халық сүйіктісіне айналған бұл қозғалыс қоғамдағы өзекті тақырыптарды әзіл арқылы астарлай жеткізе білетіндігімен ерекшеленеді. Десек те қазіргі жайдарманды осыдан 6-7 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда айырмашылықтың жер мен көктей екенін аңғарамыз.
«Бұл да бір мектеп» дейді жайдарманшылар қауымы, бірақ бүгінгі жайдарманның жастарға берері не? Осы тақырып аясында белгілі жайдарманшылар Төребек Дәрмағамбетов пен Асылхан Дүкенбаев пікір бөлісті. Сондай-ақ Қызылорда Жайдарман филиалының директоры Руслан Тәкісбаймен де өңірдегі жас жайдарманшылардың бүгінгі аяқ алысы туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Бар жанарды жаулаған деп бекер айтылмаса керек, алайда оның қазіргі жағдайы қандай? Қолдау жеткілікті ме? Облыстағы ахуал жайлы айта өтсеңіз…
Руслан Сұлтанбекұлы, Қызылорда Жайдарман филиалының директоры:
– Жайдарман – жастарға тәрбие бере алатын алаң. Жалпы оны республикалық деңгейде алып қарайтын болсақ, дәрежесі өте жоғары, маңызы зор деп айтсақ жаңылмаймыз. Өздеріңіз білетіндей, жастардың басым бөлігі осы жайдарман ойындарының тұрақты көрермені.
Жайдарман ел көлемінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Nomad», жастар, ұлттық лига, бірінші лига һәм жоғары лигадан тұрады. Жыл басында маусымашар ойындары өтеді, оған 300-ге жуық құрама қатысуға ниет білдіреді. Құрамалар өз дәрежесіне байланысты лигаға жолдама алып, өсе бастайды. Облыс көлемінде айтатын болсақ, Жайдарман ойындары екі лига – мектеп және жоғары лигада тұрақты түрде өтеді. Мектеп лигасына қала, аудан, ауыл оқушылары қатысса, жоғары лигада колледж, университет студенттері бақ сынайды. Жоғары лигада жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Сондай-ақ бұл ойындарда еркін құрамалар да бой көрсетеді.
Өңірде өтетін Жайдарман ойындарының тұрақты демеушісі бар деуге келмес, десек те қолдаудан құр алақан емеспіз. Облыс көлемінде өтетін бұл байқауды жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы өткіземіз. Сонымен қатар әкімшілік тарапынан облыс әкімінің жүлдесіне арналған ойын бар. Оған республикалық көлемде командалар қатысады, сондай-ақ бұл байқауды Қазақстан КВН Одағының Президенті Есен Елеукеннің өзі тізгіндейді.
Аймақта жыл көлемінде арнайы жобалар мен тұрақты чемпионаттарды қосқанда, 15-20 шақты ойын ұйымдастырамыз. Мектеп құрамалары мен үлкендерді қоса алғанда, Жайдарман сахнасында 80-ге жуық команда өнер көрсетеді. Басым бөлігі мектеп құрамалары және бұл өте қуантарлық жағдай деп есептеймін. Себебі Жайдарманның болашағы осы жастар деп білеміз, – дейді.
Сыр өңірінің атын шығарып, мерейін үстем етіп жүрген құрама деп Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Q» құрамасын ерекше атап өтті филиал басшысы. Республикалық ұлттық лига сайыстарының жартылай финалына дейін жолдама алған бұл құрама биыл жақсы өнер көрсетті. Сондай-ақ ол Сыр намысын республикалық бірінші лигада қорғайтын «Сұрап алмадық» ерекше жандардан құралған команданың бар екенін жеткізді. Аталған топ республикалық бірінші лиганың финалына дейін жетіп, үшінші орынды иеленген. Осыған орай, келесі жылы республикалық сайыста бақ сынайтын командаларды күшейту жоспарланып отыр.
Көбімізге белгілі «Арал-АС» құрамасының ойыншысы Төребек Дәрмағамбетов те Арал ауданында көп жастың Жайдарманға бет бұруына себепкер болып, оларға әзілдің қыр-сырын дәріптеп жүр. Сонымен қатар күні кешеге дейін облыстағы жайдарман ойындарында редакторлық қызметті атқарып келді. Әңгіме барысында жайдарман болшағына алаңдаушылығын жасырмаған ол «көптің құлағына шалынса екен» деген ниетін білдірді.
– Сахнадан көзайым болып жүрген әзілдердің көбіне өзіңіз редакторлық еттіңіз. Өңірдегі Жайдарман редактурасы қаншалықты сапалы? Не жетіспейді және қызылордалық жайдарманшылардың әлеуеті туралы ой бөліссеңіз…
Төребек Дәрмағамбетов, «Арал-АС» құрамасының ойыншысы, жайдарман жанашыры:
– Қызылорда облысы бойынша сахнаға жол тартатын әзілдерді сүзгіден өткізіп, Жайдарман ойындарында редакторлық қызметті 5 жылдан астам уақыт атқардым. 2018-2019 жылдары біздегі Жайдарманының жағдайы майшаммен қаралды. Сол кезде осы лауазымға мені жауапты етіп сайлаған еді. 2024 жылы редакторлық істі ізімнен ерген жастарға табыстадым.
Өңірдегі Жайдарман ойындарының бүгінгі редактурасына қатысты айтатын болсақ, жаманемес дер едім. Себебі Жайдарманды өз ісінің мамандары тізгіндеді. Кем жері болса жалғап, артық жерін кесіп, тиянақты жұмыс атқарып отыр.
Әлеуетіне қатысты айтатын болсақ, көрсеткіш орташа. Әлі күнге дейін жұмыс істеп келеміз. Бұрындары жоғары лигада, жалпы республикалық сайыстарда бірнеше команда өнер көрсететін еді. Ал бүгінде санаулы ғана. Ашығын айтқанда, ауыз толтырып айтарлықтай әзілкештердің саны саусақпен санарлық. Бұл – төмен көрсеткіш. Себебі облыс жайдарманшыларының көбі мектеп командалары.
– Аудан көлемінде жайдарман жақсы насихатталған ба? Осыған қатысты өз пікіріңізді айта өтсеңіз.
– Республика көлемінде аудан-ауылда Жайдарманның насихатталуы туралы нақты дерек білмеймін. Өзім Аралда ұйымдастырылатын Жайдарман ойындарының басы-қасында жүремін. Алайда өзге аймақтағы жетекшілермен сөйлесу арқылы мынадай қорытындыға келдім. Қоғамда әзілкештерге қатысты бұрыс пікір қалыптасқан. Мәселен бала жайдарманшы болса, оның сабағы нашар немесе бос дүниемен айналысады деп ойлайтын мұғалім саны көп. Осы таптауырын пікірден әлі күнге дейін асып кете алмай жүрміз. Сондай-ақ көп жағдайда Жайдарманды соңғы орынға қоятыны қынжылтады. Ал бірақ мектеп ұйымдастыратын іс-шаралар мен аудандық салтанатты кештерді атқаруда жайдарманшы жастардың пайдасы көп екенін ешкім аңғармайды. Жайдарман үйірмесі аудандардан тек Арал мен Қазалыда ғана бар, ал өзге қалалар туралы нақты айту қиын.
Жергілікті Жайдарман ойындарында «ішкі кухняға» қатысты немесе анайы әзіл көп. Сондай-ақ бұрын көрсетілген, яғни плагиат әзілдер жиі кездеседі. Осы арқылы жайдарманға үйренген бала облыстық көлемдегі жайдарманға келеді. Оның ауданды күлдірген әзілі облыстық көлемде көрсетуге жарамайды. Бірақ оны не балаға, не жетекшіге түсіндіре алмайсың. Сол себепті жайдарманшыны о бастан дайындау керек.
Қорытындылай келе, Жайдарманға келген кезде мынаны ұғыну керек: не Жайдарманға бір дүниеңді бересің, не аласың. Ол өзіңе байланысты. Мұнда қаражатың мен уақытың, шыдамың сынға түседі. Жайдарман – үлкен мектеп. Біраз дүниені санаға сіңіруге болады. Біз КВН-ге енді табан тіреген кезде қызығушылықтың лебі мықты болды, одан кейін жауапкершілік, ал қазір жұмысқа айналып кетті, – дейді.
Қоғам белсендісі, шоумен Асылхан Дүкенбай да Жайдарманнан алшақтаған жоқ. Жас әзілкештерді әрдайым қолдауға дайын ол бүгінгі Жайдарманның жағдайына да бейжай қарамайтынын жеткізді.
– Өңірдегі «Жайдарман» ойындарына үзбей қатысып келемін. Байқасам, көптеген ойында қазылық етіп, жас әзілкештерді қолдап жүрсіз. Айтыңызшы, жастар жайдарманына не жетіспейді? Әзілдің деңгейі қаншалықты көңілге қонымды?
Асылхан Дүкенбай, ардагер жайдарманшы:
– Иә, жастардың шығармашылығын бағалауға шақырады. Қолдау үшін келемін. Әр ойын сайын «келесі ойын жақсы болып қалатын шығар» деп әттеген-айлап қайтамын. Алайда өзгерісті аз байқаймын. Бұрынғымен салыстыруға келмейді, себебі қазіргі әзілдің деңгейін жоғары бағалау қиын. Мұны жоғары лигада команданың жоқтығынан байқасаңыз да болады. Жақсы жетістікке жетіп жүрген құрама аз.
Қанша сынап, мін тақсақ та, барынша ақыл- кеңесімізді айтамыз. Жайдарманның тарихы терең. Ол тарихта атың қалу үшін еңбектену керек, жалқаулық танытпау керек. Нәтиже аз, осыған ішің ашиды. Біз жол сілтемесек, дұрыс бағытты оларға кім көрсетпек? Сөзіміздің төркінін түсініп, айтқан сынымызды ұқса екен деймін бүгінгі әзіл сүйер жас, – дейді.
Түйіндей келе, «Жайдарман» арзан әзіл мен бос әңгіменің ошағы емес екенін түсінеміз. Қоғамның ауқымды мәселелерін әзілмен жеткізуді көздейтін бұл қозғалысқа қолдау үлкен қолдау қажет ақ. Себебі, ардагер жайдарманшылар атап өткендей, жастардың Жайдарманнан алатыны көп, оның да берері мол.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!