Қазақстан аумағында ақпараттық технологияларды дамытуда түрлі бағдарламалар қолға алынды. Бұл бағытта өңірде көптеген игі іс атқарылуда. Өткен жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы және Қызылорда облысының ақпараттық технологиялар орталығының базасында стартаптар мен инноваторларды қолдау және дамытуға арналған Kyzylorda Hub стартаптар технопаркі ашылды. Тиімді стартаптарды құруда, инвестиция тартуда көмек беретін бизнес-инкубатор Astana Hub халықаралық стартаптар технопаркінің облыс бойынша өңірлік хабы ретінде жұмыс істейді. Осы орайда орталық жетекшісі Жанарыс Тубекбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Жанарыс Алтынбекұлы, Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының ашылғанына бір жыл болды. Осы аралықтағы нәтижемен бөліссеңіз…
– Иә, расымен де біздің бренд ауысып, жұмыс географиясының кеңейгеніне 1 жыл өтті. Бүгінгідей жоғары дәрежедегі іс-шаралар мен бағдарламалар, әрине, бұрын болмады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірдегі жоғары оқу орындарында өңірлік хабтар ашылғаннан бастап жұмыс істеу мүмкіндіктері айтарлықтай үлкейді. бір жыл төңірегінде Kyzylorda Hub 150-ге жуық іс- шара ұйымдастырды. 4 бағдарлама өткізіп, 5000- нан астам аудиторияны қамтыды. 2 локацияда орналасқан коворкингте жұмыс істеп, жуырда 3-ші жаңа коворкинг ашылу туралы жоспарлап отырмыз. Орталықтың резиденттері іс-шаралар мен байқауларда жүлделі орын иеленіп, республикалық және әлемдік нарыққа шығуды бастады.
– Бизнес-инкубатордың резиденті болу үшін не істеу қажет? Іріктеу критерийлері қандай?
– Орталықтың резиденті атану үшін өтінім жіберіп, іс-шаралар мен бағдарламаларға қатысу қажет. Өтінімдер ерікті түрде www.kyzylordahub.kz сайтында немесе kyzylordahub инстаграм парақшамызда қабылданады. Іріктеу критерийлері жоқ, біз кез келген идеяға ашықпыз. Бастысы – қатысушының жігері мен ынтасы.
– Өткен жылы «Startup joly» инкубациялық кезеңі екі мәрте ұйымдастырылды. Үздік жоба, идеялардың ішінде жүзеге асқаны болды ма?
– Startup Joly инкубациялық кезеңінің 46 түлегі бар. Барлығы толықтай жүзеге асып, қызмет атқарып келеді деп айта алмаймын. Соңғы мәліметтер бойынша, 46 жобаның арасынан 13 жоба жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 4 жоба «QazInnovations» қаржыландыру бағдарламасына өтінім беруде.
– Резиденттердің бизнесін қолдау үшін қандай көмек көрсете аласыздар?
– Бизнес-инкубатор резиденттеріне алдымен білім мен тәжірибе алмасу алаңын жасаймыз. Орталықта түрлі бағыт бойынша оқыту курстары бар. Қатысушылар өзіне ұнаған сала бойынша кез келген бағыттағы курстарға қатыса алады. Сонымен қатар бағдарламаға қатысып, жобаларын дамытады. Әрі қарай инвестиция тартуға және демеушілік алу мүмкіндігіне ие болады. Себебі біздің алаңда жақсы жоба жасау арқылы республикалық деңгейге жол ашылады. Ең бастысы жастарға жұмыс жасауға арналған тегін 2 коворкинг бар. Алдағы уақытта біз арнайы зертханалар салуды жоспарлап отырмыз.
Жақында бейне ойындарын жасайтын лаборатория ашылады. Оған қосымша жасанды интеллект, бағдарламалау, инжиниринг лабораториялары да қосылады. Менің ойымша біздің ең басты жұмысымыз әрі міндетіміз – жастарды ояту, табысты болуға ынталандырып, Қызылорда аумағындағы мүмкіндіктерді көрсету. Білім көзін беріп, әрі қарай табысты маман, кәсіпкер болуға мүмкіндік жасау. Жастар арасында Қызылордадағы мүмкіндіктер мен перспективаларға сенім жоқ, біз сол сенімді оятуға жұмыс істейміз.
– Сәтті стартаптарды тартуда қандай тәсіл қолданасыздар?
– Сәтті стартаптар көбіне білімді жастармен бірге жасалады. Расымен де, стартапты бастау үшін мықты интеллект қажет. Сол себепті білім беру ұйымдарымен тығыз жұмыс істейміз. Стартаптар әлемінде аутсайдерлерге орын жоқ. Бұл нағыз бәсекелестіктің мекені, сол себепті барлық күшімізді бәсекелестікке менталды тұрғыда төзе алатын жастарды тартуға жұмсаймыз. Сыр елі мықты жастарға толы, тек олардың зейінін ашу керек. Алайда жастардың басым бөлігі арзан әрі тез дүниеге құмар, ойын күлкіге жақын болып барады. Ал стартап жасау – бірінші кезекте ауыр еңбек және тоқтаусыз білім алу.
– Ақпараттық технологиялар саласында жақсы табыс табу үшін не істеу керек? Қандай дағдыларды дамыту қажет?
– Ақпараттық технологиялар саласында мамандар көп. Бірақ көбісінің мәселесі – өз мамандығын дұрыс білмеуі. Сізде екі жол бар: мықты менеджер ретінде жобаны басқарасыз немесе мықты технолог болып жобаны жасайсыз. Әр адам өзіне жақынын таңдап, сол бағытта дамуы қажет. Егер сіз технология саласына жақын болсаңыз арнайы бағдарламалау тілдерін үйреніп, инженерия негіздерін меңгеруіңіз керек. Сол бағытта дағдыларды дамыта аласыз. ІТ саласында жоғары білім алу мол табысқа алып келеді деген заң жоқ. Заман және технологиялар тез ауысуда, сол себепті жаңа технологияларды жылдам меңгеруге тырысу қажет.
Біздің орталық – Tech Orda республикалық гранттық бағдарламасының үйлестірушісі. Бұл бағдарламада жастар ІТ саласының арнайы бір бағытын таңдап, тегін білім жетілдіруге мүмкіндік алады. Ал егер сіз менеджер болғыңыз келсе, жобаның тиімді түрде жүзеге асуына жауапты боласыз. Менеджмент, қаржы, басқару, құқық деген секілді бағыттар сізге тиесілі болады. Осы бағыттардағы негізгі білімге назар аудару қажет. Басты шарттардың бірі – цифрлы және soft дағдылардың жақсы дамуы.
– Инновация дамуды, ізденісті талап етеді. IT хабтың жұмысы тәулік бойы қайнап жатқан шығар?.. Алдағы жоспарлар туралы айтсаңыз…
– Алдағы жоспар өте тығыз әрі қызықты. Сәуір айынан бастап ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі мектеп, колледж, университет білім алушыларымен митап өткізудеміз. Ал семинарлар жыл бойы үздіксіз, тіпті күніне бірнеше семинар өтеді. Осы айда әйелдер қауымына ІТ және цифрлы дағдыларды дамыту бойынша Tech girls бағдарламасын ұйымдастырамыз. Өткен аптада Kyzylorda Idea Battle облыстық стартап жобалар байқауы аяқталды. Келесі байқау – Kyzylorda Hub Hackathon облыстық ІТ жобалар хакатоны. Инкубациялық кезең өз кезегімен өтеді. Бастысы, бағдарламалар сұранысқа ие. Облыстық мектеп және колледж түлектері арасында Startup Talapker стартап жобалар байқауы дәстүрлі түрде жыл сайын өтуде. Бұл байқауда үздік түлектерге ЖОО білім гранты табысталады. Интеллектуалды кештер, бизнес таңғы астар, чемпионаттар, воркшоптар жыл соңына дейін жалғасады. Ал жылдың қорытынды байқауы, Innofest Kyzylorda инновациялық жобалар фестивалі биыл да өз ретімен ұйымдастырылады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!