Адам баласы спортшы боламын деп тумайды. Ойын баласы кезінде біреудің себепкерлігімен спорт әлеміне аяқ басып, спортты мәңгі «мекеніне» айналдырып қалуы мүмкін. Саналы ғұмырын спортқа арнаған адамдардың тағдыры әртүрлі. Әр спортшының жүріп өткен жолы, өмірден түйгені мен өзінен кейінгі буынға бөлісетін ой-пікірі де әрқилы.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – «Qyzylorda» футзал клубының капитаны Жандосбек Нәбиев.
Ол бір уақыттары кәсіпқой футболдан алыстап, кейін әуесқойлар арасында көрермен көзайымы болып, 34 жасында кәсіпқой футзалға қайта оралды. Бала күннен футболға жаны жақын аяқдопшының айтары да аз емес. Сәті түскен сұхбаттың басын футбол әлеміне қалай келгенінен бастадық.
– Кез келген бозбала балалық шағында ауласында доп тепкені анық қой. Менде сол секілді көрші ауылдың бүлдіршіндерімен доп қуалап, кеш қарайғанша үйге бір бұрылмастан жүруші едім. Теледидардан әлемдік жұлдыздардың ойындарын көріп, келешек футбол жұлдызы болуды армандадым. Солай мектеп қабырғасында 3 сыныпта білім алып жүріп, Бақытбек Мәмбетжанов ағайымның оқушысы болып, осы спорт түріне қатыстым. Кейін уақыт өте келе Қазалы ауданының намысын қорғап, одан қала берді «Қайсар» футбол клубының қаралымынан өттім. Бірақ белгілі бір себептермен барлығы мен ойлағандай болмайтынын білдім. Алайда, шүкір, әуесқойлар арасындағы футболда белгілі бір деңгейге дейін көтерілуге мүмкіндік туды. Жеке команда атынан Испания елінде Қазақстанның намысын қорғадық. Дегенмен сәттілік жетіспеді. Міне, осылай-осылай өзім жақсы көрген спорт түрімен айналысып келемін.

– Сөз арасында «Қасқырлардың» қаралымынан өттім деп қалдыңыз. Сол уақытқа тоқталайықшы. Неліктен үлкен футболды жалғастырмадыңыз?
– Расымен, үлкен футболға аяқ басқанда ауылдағы кішкентай баланың алға қойған мақсаттарының бірі орындалып келе жатқанына қуанасың. Ол кезде тірі шөптің үстінде ойнаған былай тұрсын, жасанды алаңды да көрмей, қара жерде доп теуіп бастадық. Солай жүріп түрлі жарыстарда жеңімпаз атандық. Міне, солай жүріп кәсіпқой футболға келу ерекше әсер қалдыратын.
2015 жылы қаламызда қазақ балалары жиналған бірінші лигаға қатысатын «Байқоңыр» командасы құрылды. Сол уақытта Коля есімді ағайымыз ауданда жүрген Жандосбекті Қызылорда қаласына іріктеу жиынға шақырған болатын. Яғни Шымкент қаласында өтетін 2 кезеңнен тұратын жаттығуға қатысып, екеуінен де сәтті өтіп, келісімшартқа қол қоятын уақыт келді. Бірақ мен сол жерде бас тарттым. Ол уақытта маған берілген ұсыныс тым аз болды және көңілімнен шықпады. Осылайша аяқ аман болса алда тағы мүмкіндіктер кездеседі деген сеніммен кеттім.

– Жақсы, әрі қарай қазбалай бермей-ақ қояйық. Содан бері қарай әуесқойлар арасында доп теуіп, елге белгілі футзалшылармен бір командада ойнадыңыз. Тіпті ірі турнирлерде топ жарып, «Үздік» атанып жүрдіңіз. Яғни Жандосбектің бағы қайта жанды десек болады. Сол аралықта кәсіпқой футзал клубтардан ұсыныстар болды ма?
– Келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазалы ауданына қайтып, өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрдім. Осылай жұмысыммен қатар футбол да қалыс қалмады. Әр қалада түрлі ойыншы мен доп теуіп, талай додада көзге түстік. Сол аралықта ұсыныстар болды. Бірақ тағы да келісе алмай қалдық. Өйткені барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Мен ерте жастан шаңырақ көтергеннен кейін отбасымды асырау үшін қаладан қалаға турнирлерге барып жүрдім. Ал кәсіпқой футзалдан түскен ұсыныстар ол жақтағы табысына жетпейтін. Осылай-осылай уақыт өтіп кетті.

– Уақыт өтсе де, 30 жастан асқаннан кейін кәсіпқой футзалға қайта оралуға мүмкіндік туды. Оған себеп – ұзақ уақыттан кейін Сыр елінде кәсіпқой футзал клубының ашылуы. Оның үстіне тек жергілікті жігіттердің өнер көрсетуі төбемізді көкке жеткізді. Ал сіз сол команданың капитанысыз. Айтыңызшы, команданың қазіргі халі қалай?
– Расында, Қызылорда қаласында кәсіпқой футзал командасының құрылуы үлкен қуаныш болды. Әсіресе жанкүйерлер үшін жағымды жаңалық болды. Оны біз алғашқы өз үйімізде өткен турда көрдік. Шын қолдауды сезіндік. Ал сол команданы құрып, көпшіліктің қуануына себепкер болған Еркін Жантуғанов, Әділбек Жаханов, Дархан Махамбетов ағаларымызға алғыс білдіреміз. Сол уақытта бірден жергілікті жігіттерді іріктеп, бірінші лиганың бәйгесіне бас қойдық. Ал мені барлығы бір ауыздан капитан ретінде бекітті.
Алғашқы турды Сыр елінде қабылдадық. Басы жаман басталмады. Әуесқойлар арасында өнер көрсетіп жүрген жігіттердің бағы жанды. Тамаша голдар соқты, ұтымды пастар берді. Команданың қазіргі жағдайы жаман емес. Енді ғана кәсіпқой футзалға аяқ басқан, оның үстіне жергілікті жігіттердің басы жиналған команда үшін барлығы бірден бола қоймайтыны анық. Бастысы, жоспар бойынша жүріп келеміз. Жуырда екінші тур Тараз қаласында өтті. Алайда бірнеше жігіттің бара алмауынан және жаттығудың аз болуынан ұпай ала алмадық. Алла сәтін салса үшінші турға сақадай сай болып, жанкүйерлерді қуантамыз деген ойдамыз. Жаттығу жұмыстары да қалыпты жүріп жатыр.
– Иә, Тараз қаласында өткен турға куә болдық. 3 ойында да жақсы өнер көрсеттіңіздер. Бірақ сәттілік серік болмады.
– Иә, ең өкініштісі ұпайларды қолдан бергендей болдық. Алаңда жүріп әр жағдайды сезіну мүлдем бөлек. Толық жинала алмай келгеніміз де ауырпашылық тудырды. Бір ойыншының орнын бір ойыншы баса алмай шашылып қалып жаттық. Капитан ретінде алаңда жүріп барлығын ретке келтіргің келеді, бірақ оңай болмайды. Ендігі алдағы болатын турға бар күшімізді саламыз.

– Ұзын құлақтан естуімізше, жақында еліміздегі бірнеше кәсіпқой футзал клубынан ұсыныс түскен екен. Нақтылап кете аласыз ба?
– Иә, ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ әзірге ауызша ғана. Қағаз жүзінде ештеңе іске аспады. Сондықтан асығыс айту әбестік болар. Қазіргі менің бірінші мақсатым – Қызылорда футзалын жоғарыға көтеру және кейінгі жас буынға жол көрсету. Ал жақсы жаңалықтармен алдағы уақытта бөлісе жатармын.
– Уақытты кері шегерсек 15 жасар бала Жандосбектің арманы қандай еді? Орындалды ма?
– Мендегі армандардың бәрі демеймін, бірақ Алланың қалауымен ең негізгі арманым орындалды. Ол – отбасым. Олар да менің әр жеткен жеңісіме қуанып, тақымын қысып отырады. Уақыт кері шегерілмейді. Расымен, артқа көз тастасам, ештеңені өзгерткім келмейді екен.
Ал 15 жасар Жандосбекке айтарым:
Әрқашан күліп жүр. Өзіңе сен. Өзіңді жақсы көр. Ешқашан өзіңді аяма. Аяушылыққа бой берме. Көңіл-күйің үнемі көтеріңкі болсын. Ешқашан ешкімге ренжіме, ренжітпе. Өзіңді сүй және бағала. Өзің істеп отырған жұмысыңды жақсы көр. Осылай аянбай еңбек ете алатының үшін Жаратқанға алғыс айтуды да ұмытпа. Еңбектен. Ешқашан берілме. Барлығы сенің бірдей досың емес. Адамдармен дұрыс аралас. Жауларыңа, қарсыластарыңа сенбе. Бастаған ісіңді соңына жейін жеткіз. Барыңды бағала және барлық жағдайда әрекет ет. Жұмысқа жан-тәніңмен кірісіп кетпей, бір сәтке үзіліс ал. Демалуды үйрен. Бәрінен шаршап, жалықпау үшін дұрыс демалуды қолға ал.
Арманыңа берік бол. Жүз рет құласаң, жүз бірінші рет тұрып, алға ұмтылуды жалғастыр. Бәріне жауапкершілікпен, салмақты қарап, таңдауыңнан, жолыңнан күмәнданба. Еңбегіңді бағалап, өзіңе сенуді тоқтатпа. Бәрі жақсы болады. Үйде кішкентай Жандосбектер өсіп келеді. Бастысы солардың арманы орындалуына күш сал.

– 4 ұлдың әкесісіз. Барлығының да болашағын футболдан көресіз бе? Әлде басқа спорт түріне баулисыз ба?
– Аллаға шүкір, құдайдың берген 4 қарам бар. Тұңғышым Әли қазіргі таңда футболға қатысып жүр. Нәтижесі жаман емес. Үлкен футболда «Қайсардың» U15 сапында доп тебеді. Бірнеше қалаға шығып, бағын сынап келеді. Шынымен баланың арманы аяқдопшы болу болса, мен оған тұсау салмаймын. Бүгінде күні доп ойнаған тозбайды, керісінше бағы жанса өседі.
Ал екінші ұлым – Мүслім. Ол қазір күреспен айналысып жатыр. Болашағынан зор үміт күтемін. Одан кейінгі Төренұр мен Мұхаммед әлі кішкентай. Өсе келе ептілігіне қарай өзіне ұнаған спорт түрімен айналыса береді.
– Қазір шәкірттер тәрбиелеп келесіз. Шәкірт тәрбиелеу жолындағы мақсатыңыз қандай?
– Әр баланың арманы болады. Ал менің оқушыларым үздік болғысы келеді. Мен солардың арманы орындалуына сәл де болса септігімді тигізсем деймін. Өзім жасаған қателіктерді қайталатпай, дұрыс бағыт-бағдар берсем деп бас қатырамын. Елдің атын шығарып, шет елдерде өнер көрсетуіне дұрыс баспалдақ болсам, соның өзі мен үшін үлкен жетістік.

– Футбол сүйер көрермен сізді Моңғол лақап атыңызбен таниды. Есіміңіз неліктен олай аталып кетті?
– Моңғол деп танитыны рас. Бұл бала күнгі көршілерімнен қалған жақсы сыйлық деп есептеймін. Бірақ уақыт өте келе айналам Жандос деп үйреніп келе жатыр.
– Футболдың төңірегінде жүрген жастарға не айтасыз?
– Адам баласы өзі айналысатын іске, жұмысына өте салмақты, жауапкершілікпен қарауы керек. Футбол маған өте көп дүниені үйретті, әлі де үйретіп келе жатыр.
Спортшыға ең әуелі тәрбие қажет. Бәрінен бұрын өзгені емес, өзіңді тәрбиелеуің керек. Қайсар мінез қалыптастырып, дисциплинаға бойыңды үйретуің тиіс. Табандылық пен өліспей беріспетін қайсарлық бойыңнан табылуы абзал. Жеңілгенде ғана тыраштанбай, жаттығудың өзін соңғысы секілді аямай жасау керек. Күнделікті жаттығуға немқұрайлы қарамай, әр әрекетті саналы түрде істеген жөн.
Өзімді асып-тасыған спортшымын деп айта алмаймын. Бірақ менің де белгілі бір деңгейде өскенім, түйгенім жеткен жетістігім бар. Футболдың ауқымы кең ғой. Бастысы әрбір алаңға шыққан сайын ақылды іске қосу қажет. Ал ол тәжірибемен келеді. Ең бірінші – аяққа абай болу маңызды. Әйтпесе, қанша жақсы ойыншылар жарақаттың кесірінен футболға орала алмай кетті. Ал одан кейін сен ешкімге керек емессің.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!