Қожахмет БАЙМАХАНОВ,

қоғам қайраткері:

Баймаханов Қожахмет Мәдібайұлы 1953 жылы 21 қыркүйекте Қызылорда облысы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Томск инженерлі-құрылыс институтын бітірген. Мамандығы: инженер-құрылысшы. Әр жылдары ПТО басшысы, бас инженер, ПМК басшысы, трестердегі ПМК бастығы қызметін атқарған. «Кызылордасель-строй-16», «Риссовхозстрой», ПСО «Кызылордамелиорация» серіктестіктерінде еңбек еткен. 1989 жылы бес жыл М.Калинин атындағы совхоз директоры, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі қаржы және бюджет комитетінің халық шаруашылығы бюджетінің шығыстары жөніндегі кіші комитетінің төрағасы, “Арна” АҚ ПМК бастығы, Қызылорда облыстық құрылыс, тұрғын үй, сәулет және аумақтарда құрылыс салу басқармасының бастығы болған. 1997-1999 жылдары Жалағаш ауданының әкімі. Мұнан соң бес жыл Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқарған. «Асар-Холдинг» серіктестігінің директоры. ҚР Жоғарғы Кеңесінің XIII-інші шақырылымының депутаты, ҚР Парламент Сенатының экс-депутаты. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР «Құрметті құрылысшысы». Жары Әзиза Құстабаевамен бірге ұлағатты ғұмыр кешіп, Тұмар, Раушан, Шолпан, Дархан есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп жеткізді. Отыздан астам немеренің ардақты атасы.

Жаңа буыннан жаңалық күтемін

− Қожахмет Мәдібайұлы, ел Сізді бұ­рынғы қала әкімі, сенатор, қазіргі кәсіп­кер, қоғам қайрат­кері ретінде біледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары шаһар­ды басқардыңыз. Егемендіктің 30 жыл­дығында ел басқару ісінің кешегісі мен бү­гін­гісіне ой жүгіртсек…

− Мен өндірістің адамымын. Әкімдерді жинап, жи­налыс жасауға жоқ едім. Өмірде, халықтың алдында, жиналыстарда қағазға қарап бірнәрсе оқыған адам емеспін. Жұрт­тар баяндама жасап оқиды ғой. Күнде­лікті істеп жүрген жұмысқа баяндаманың керегі не? Мәдениет совхозына директор бол, РайКомға екін­ші хатшы боласың ба деген ұсыныстар түсті. Ме­нің қазақшам шала, ба­ра алмаймын дедім. Мем­лекеттік қыз­мет­те істеген адамдардың қазақша сөй­лей алмай­мын дегені ұят енді. Уақытында Әуел­беков ақсақалға ренжігенім, ол кісі қазақ­ша біл­меді. Тәртіп бойынша аудандарды ара­лап, 1985 жылы наурызда Жалағашқа келді. Сонда «Я по казах­ский плохо говорю, осенью когда прие­ду еще раз, буду говорить на казах­ском» деді. Біртүрлі болып қалдым. Мен де орыс мектебінде оқыдым, Томск қаласында инже­­нерлік-құрылыс институтта білім алдым. Менде қазақша мүлде сөйлей алмаймын деп керілсем болады. Әуелбеков аймаққа жұмыс істеуге бір топ өзге ұлт өкілдерін әкелді. Олар түрлі салаға басшы болып істеді. Бұл әрекеті де маған ұнамады. Халықтың ренішін сезді ме, кейін бұл әрекеті үшін өзі де өкініпті. Мен толе­рантты адаммын, көп нәрсені түсінемін. Әйтсе де, адам қызмет ететін ортасына сай болу керек. Бүгінгі мемлекеттік қызметте де бұл қателіктер бар. Мем­лекеттік қыз­метте лауазымды қызмет атқарған соң ата тілін­де сөйлеп, құрметтеуі керек. Тіл біл­меуі келген жерін, халықты сыйламауы деп түсінемін. Институт бітіргеніне  екі жыл болған жас – эко­номика министрі. Қалай ол экономика ми­нистрі болады? Эко­но­мика министрі деген бүкіл облысқа қажетті қаржыны бөлетін ма­ман. Мемлекет қаржысына жауап беретін қыз­метке салалық саты­лардан өтіп бару керек.

Жаңа буыннан жаңалық күтемін

− Қазіргі Бұқарбай Батыр ауылында бес жыл совхоз директоры болдыңыз. Бұл қыз­метке барғыңыз келмеген екен. Себебі неде?

− Арманым тресс басшысы болып құрылыс саласын дамыту еді. Бір күні Б.Каюпов менің совхозға директор болатынымды айтты. «Биеке қойыңызшы, күріш пен бидайды айыра алмаймын. Мал шаруашылығынан да бейха­бармын. Қалай басшы болып барамын»  дедім. «Аудан басқару мамандығыңа байла­нысты емес, үйіңе барып Мәдібай, Бименді ақса­қалдармен ақылдас» деп қайтарды. Бименді ақсақал мән-жайды естіп, сөккені бар. «Партия қызметке жолдама берсе, бар­май­мын дегенің жөн болмас. Оның үстіне Мәдениет совхозындағы қызметтен де бас тар­тыпсың. Партияға қарсы келме, қызмет ұсынған соң бару керек» деді. Үлкендердің ақылын тыңдап, қызметке бардым. Калинин сов­хозы − Жалағаш ауданының жүрегі. Кали­нин кү­ріш­тен озат шықпаса, ауданның көрсеткіші көк тиын. Бес жыл Калининде сов­хоз директоры бол­дым. Қаз-үйрек асы­радық. Беларустан сиыр алып, бақтық. Жылыжай салдық. Совхозға келгенде арыз дегеннің не екенін білдім. Директор болып алғаш бар­ғанымда маған бірінші арызқой төрт адамды таныстырды. «Ештеңе бүлдірмесем, артық жеп қоймасам, неге арызданады?» дедім. «Көресіз ғой, олар ретін табады» деді. Айт­қанындай, әлгі арызқойлар арыз­данбаса оты­ра алмайды екен. Әйтеуір бір ілік тауып отыратын. Совхоз директоры, председатель колхоз болған адам­ды кез келген қызметке қоюға болады. Совхоз директоры – прези­дент. Ауыл советің – пар­ламент, мектеп ди­рек­торың – білім министрі, ауру­хананың бас  дәрігері – денсаулық министрі. Бір сов­хозда бір мемлекеттің бүкіл жүйесі бар. Құдай, әруақ­тарымның қолдауы шығар, осы қыз­меттік саты­дан өтсін, өмірлік наны болады деп бұйыртқаны болуы керек. Совхозда бес жыл істеп, өмірлік сабақ болар тәжірибе жинадым. Кейін аудан әкімі болғанда көп көмегі тиді. Совхоз директорларының біреуі өтірік айта ал­майтын. Себебі мен совхозда тыңайтқыш қайда, гирбициді қайда, неше комбайн жүріп тұр бәрін біліп отырдым. Директорлар «Ол бес жыл сов­хозды басқарған» деп өтірік айта алмайтын.

− Өңірдегі ең өзекті мәселе қандай?

− Дарияға су алып келу мәселесі – ең өзекті. Бұл мәселе төңірегінде де ойымызды ашық айттық. Біздің Сыр бойындағы халықтың тіршілігі Сырдария өзенімен байланысты. Сондықтан өз­бек-қырғыз аға­йын­дардан Сыр­дария өзеніне бізге тиесілі суды жібе­ру жағын мемлекет басшылығы қатты бақылауға алуы керек. Біз айтсақ, халыққа болсын деп айта­мыз. Көзіміз көріп тұрған соң, кезінде басымыздан өткен соң, халыққа жетсін деп айтамыз. «Момын − жақсы адам» деп айтады ғой, сонда әжем айтатын «момын адамның несі жақсы» дейтін. Қызмет істеген соң жан-жақты бақылауда ұстау керек қой.

− Сенаттан соң, саясатта көрінбей кет­тіңіз? Не себеп болды?

− Мемлекеттік қызметтен кетіп, құрылыс­пен айналыс­қым келді. 2004 жылы Икрам Адырбеков келді. Ол кісі де маған біраз жұмыс ұсынды, бірақ мен мем­лекеттік қызметке барғым келмеді. Осы жылы «Асар Холдинг» компаниясын құрдым. Бизнестің жақсы жері – бәрі сенікі. Қолымдағы  қаламнан бастап, ғимарат, бәрі менікі. Мұндай бұрын менде бол­маған. Совхоз − мемлекеттікі, аудан – мем­лекеттікі, ПМК  − мемлекеттік. Депу­тат­тыққа түстім мені халық қол­дады, жоғары басшылар да келісімін берді. Бірақ депутат болып келген соң маған жұмыс бермеді. Негізі заңда бар еді, депутат өзінің бұрынғы жұмы­сына орналассын деген. Бала-шағаны асырау керек. Тіршілік етейік дедім. Сауда жасамақ болып Алматыдан Түркияға ұштым. Бортта Керекудың екі кәсіпкерімен қатар отырдым.  Сапар арамызды жақындатты. Анадолы еліне дейін әңгімеміз жараса кетті. Оның біреуі – Наташа. Әңгіме кәсіп жайлы өрбіген соң Наташаның сұрағы туындай бастады. “Кәсіпті игеруге бара жатыр екенсіз, қанша қаражатпен бағыт алдыңыз”, деп сауалын жолдады.  «3 мың доллар» дедім. Сонда әлгі Наташа әзілдеп: «Сіздің түріңізге қарасам 30 мың доллармен келген сияқтысыз» деді. Не керек, жақсылап таныстым. Түркия мен Қазақстан ара­сын жалғап, саудамен айналысып жүр­ген кәсіпкерлер екен. Сауда сатықтан тәжірибесі  көп болғандықтан базарға бірге ілесе кеттім.  Көтерме бағамен балалар киімін алып бер­ді. Өздерімен бірге жүріп таң­дап алдық. Зат­тарды үйге алып келдім. Әзиза заттарды ашып көрді де таң қалды. Ең сапалы, ең әдемі балалар киімін таңдап әкелгеніме. «Мұның бәрін қалай алып жүрсің» деді Әзиза. Жолда екі орыс келіншекпен танысып, солар арқылы алғанымды қайдан білсін, сен мені білмейді екенсің деп шіреніп қоямын. Осылай Түркиядан балалар киімін әкеліп сата бастадық. Кейін Әзизаның бір топ әйелдері болды. Түркиядан әкеліп, сол әйелдерге кө­терме бағаға беретін. Бұл кәсібіміз қиын, әрі қызық болды. Әжептәуір табыс тауып, ба­ла­ларды оқыттық.

− Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шаһар­ды басқардыңыз. Қызмет жолында қандай қиындықтар болды?

− Ең қызық жұмыс − қала әкімі болу. Қала­лық дема­лыс паркінде балалар ой­най­тын «чертово колесо» бар ғой, тура сонда отырғандайсың. Бір іс бітсе жоғары кө­те­ріліп, марқайып отырға­ныңда, бір кө­ше­де канализация жарылады, зыр­ғып тө­мен түсе­сің. Біреуден алғыс алып, қайта көтерілгенде, бір мөлтек ауданда жарық өшті немесе арыз түсті деп қайта төмен түсесің. Осылай жоғары-төмен қанша рет айналдым десеңізші? «Қаланың әкімі болғанда өзі түк те бітірмеген еді, қазіргі әкімді сынап отыр» деп маған жазғандарын оқыдым. Мен Қызылорда қаласын қабылдап алғанда бюджеті – 1 млрд 658 млн еді. Қазір бұл қаржыға бір мектеп те салмайды. Жаңақорған ауданында 600 орын­дықты мектепті 3 млрд теңгеге салуда. Мен қаланың әкімі болғанда жұмысымның 18 сағаты салық жинаумен өтетін. әуежай, жағалау, ста­дион құрылысына қаржы қайдан табамын деп жүретінмін. Қазір салыққа басын қатырған бас­шы­ны көрмейміз.

− Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

− Мен сендерге айтайын, қазір айтуға бола­ды ғой. Қатты айтқан кезім де болды. Қанша қатты болсамда, жұртқа зиянымды тигізбеуді ойлаймын. Жалағаштықтар біледі, «Қожахмет айтады-айтады да, ар жағында ештеңесі жоқ» деп. Басшы кімге ұрсады? Әрине жұмыс істейтін адамға сөйлейсің. Біреулер жақсы қасиетімен көрінсе, соларды үлгі етіп, алға ұмтылсын дей­міз. Жұмыс істей алмайтын адамға айт, айтпа сөзің әсер етпейді. Қызмет жолымда ешкімді жұмыстан шығармауға тырыстым. Менің ұстанымым − біреуге бірнәрсе айту үшін өзіңнен бастау керек. Өзің лайық болуың қажет.

− Әжеңіз туралы көптеген естеліктер жазасыз. Үлкендерден нені үйрендіңіз?

− Біздің атамыз Баймахан Маслов уезінің болысы Бекбауов Құлшықтың баласы болған­дықтан 1937 жылға дейін Өзбекстанда Бек­абад қаласында қашып жүрген. Туған інісі Құлмақанды Қарақұмда қашып жүрген жері­нен ұстап, Ақмешітте түрмеде қайтыс болған. Біз­дің жақын әкелеріміз үйге келе­ді, әжемізбен 2-3 сағат әнгімесіп, шай ішіп, кеткесін әжем «Бая­ғыда біздің шал Өзбек­станда қашып жүріп, анда-санда ауылға тығы­лып келетін, сонда мына «бәле» (бірге шай ішкен қайнысын айтып отыр) есегіне мініп алып, Жалағашқа милицияға шабатын хабарлауға. Мен шалды шеңгелдің арасына тығып қоямын. 3-4сағаттан кейін милиция сау ете қалады. «Баймахан қайда?»  деп «Бай­маханды көрмегелі қай заман, өзіме де керек болып тұр» деп оларға бой бермеймін. Содан қараңғы түскенде, қайтадан Бекабадқа кететін. Күн көрсетпегесін Ақмешітке бір қожаның сарайында отырдым, кейін Темір станциясына көшіп тынышталған болдық», − дейтін әжем. «Әжеу, екі сағат отырдың ғой шай ішіп», десем, «қайтейін енді, қайным ғой» дейтін. Мен әжемнің баласы болдым, есейгенше қасында еркелеп жататынмын. Әжем нәзік жанды болса да, өжет, бастаған ісін тындырмай қоймайтын. Менің бойымдағы талапшылдық әжемнен келсе керек. Үлкен­деріміздің бірі – Бименді ақсақал. Еңбекқор, адал кісі болатын. Алдына белгілі бір қызметті сұрап барғанымда, сені шақырды ма деді. Жоқ деп едім, ұсыныс өздерінен түспесе, онда нең бар, деп нүкте қойған еді. Бименді тәтемнен өмірлік сабақ болар көп нәрсені үйрендім.

− Әзиза апаймен қалай таныстыңыз? Отбасы бақыты неде?

− 1975 жылы әскерде жүргенімде коман­дир шақырып алып, «сіздің мамаңыз ауы­рып жатыр екен» деді. Мен әжем екенін бірден түсініп елге келдім. Әжем «Келдің бе, ертең ертерек кел, мен өлемін» деді. Сол күні жігіттерге айтып, жұмыстан ерте кеттім. Үйге келіп ем, анам, «әжең сені күтіп жатыр» деді. Бөлмесіне кірсем жатыр екен. Менің қолымнан ұстап, «келдің бе» деді де, жүріп кетті. Мені күтіп жатқан екен. Әжем қайтқан соң сыныптасым Әзизаны келін етіп түсірдім. Өмірлік жарым Әзиза болғанына Құдайға мың шүкір. Әйел ақылды болса, ер адам ешқайда кетпейді. Отбасының бақыты әйелдің қолында. Балалардың тәрбиесі, аға­йын-туыстың ауызбіршілігі бәрін Әзиза үйіріп отырды.

− «Әкеге қарап ұл өсер» деген. Бала тәр­­бие­­сіндегі ұстанымыңыз?

− Қай әке балам жаман болсын дер, өмір­лік азығы болсын деп оқыттым. Менен қандай тәлім алды, не түйді білмеймін, тіршілігін істеп жүр. Бронский Анна Каренинаға тәрбие­ленушілерді өз туған қызыңнан артық жақсы көресің депті, сонда Анна «Просто одну любят одной любовью, а другую другой!» деп жауап берген екен. Өз балаларым өзіммен қатар өскесін біраз қылықтарын байқамай қалдым. Ал немерелердің әрбір қылығын ерекше қабылдаймын. Құдай берген немерелер бар, солардың қимылда­рынан өзіме ұқсастық көрсем, соған кәдімгідей мәз болып қаламын. Бала кезімде біздің үйде 30-дан астам ба­ла оқыды. Көбісі қыздардың балалары, бар­лығымыз бір үйдің балдарындай өстік. Соның барлығы әжеміздің арқасында, барлығы әжемізді «әже», әкемізді «папа», шешемізді «мама» деп есейдік. Арасында жақсы оқы­ғандары, мектептегі «Құрмет тақтасына» біздің шешеміздің суреттерін ілгізіп қоятын. «Ана «қодрендерді» тамаққа шақыр!» − дейтін әжем, кейін білдім «қодрен» деген арам шөп екен ғой. «Қыздың баласы десе жаныңды бересің»,  деймін, әжемді қызғанып. Сонда әжем айтатын – «Басыңа келсін, ертең мен сияқты әже, ата болғанда көресіңдер» деп. Сол айтқандай, басымызға келді. Ұлдікі, қыздікі демей барлығын мейірімге бөлеп отырмыз. Қайтыс болған Шолпан қызымның төрт баласы бар. Менің ендігі арманым − соларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жеткізу. Бүгінгі жас буынның заманы да, алдынан шығар адамы да басқа. Адам болып қал дейміз тек.

− Азғантай қиындыққа шыдамай, салы суға кететін азаматтарға айтар ақылыңыз?

− Бізге хабарласып көмек сұрайтындар көп. Шын мұқтаждар бар. Көмек беру керек. Ал күйеуі үйінде жұмыс істемей жатыр. Саясат туралы айтқанда, аузы жабылмайды. Диванда жатып алып, анау жаман, мынау жаман дегенді қою керек. Шықсын. Еңбек етіп, отбасын асыра­сын. Соңғы екі жылда Әзизаға тапсырдым осы істі. Әлеуметтік жағ­дайын зерттейді. Шын мұқтаждарға қажетті азық-түлігін алып бе­реді. Бұл өмірде 99 пайыз адамның өзіне бай­ланысты. Өмірге тыр жалаңаш келдік. Тыр жалаңаш кетеміз. Әйтседе, кеудеңде жаның бар­да тіршілік ету керек.

− Өзіңіз бір сәттік күйзелістер мен қиындық­тарды қалай жеңдіңіз?

− Үйде Әзизаның қасында боламын. Шайын ішіп, қабырғаммен кеңе­семін. Саралаймын. Ой елегінен өткіземін. «Құдайсыз қурай да сынбайды» дейді, өзімді сабырға шақырамын. Күнде жұмысқа келіп, жұмыс үстелімдегі Құран кітапты оқып, Құдай деймін. Бұқарбай бабамның портіретіне қарап Құран оқимын. «Әруағы желеп, жебеп жүрсін» деп. Ақыл мен сабыр үйлессе, барлық қиын­дықты еңсеруге болады.

−  Неден қорқасыз?

− Немқұрайлықтан қорқамын. Жақ ашпау. Жылы жауып қою. Білмеген сыңай таныту. Жаны ашып, білек сыбана кіріспеу. Осының бәрін көріп отырып, халық үшін қасіреті тие ме деп уайымдаймын.

− «Әттеген-ай» дейтін сәттеріңіз бар ма?

− Пендеміз ғой… Құдай басыңа не жазады, сол болады. Жазмыштан оза алмадым…

− Жаңа буыннан, ертеңгі күннен не күтесіз?

− Облыста басшы болған шалдармен әлі араласамын. Көбісінің балаларынан ерекше ештеңе шықпады. Ата бар тәрбиесін берер, әрі қарай баланың өз қолында болашағы. Дәуір де сүйкімді ғой қазір. Жас буыннан жаңа­лық күтемін. Ізденімпаз, жаңашыл. Үлкен өзгерісті де солар алып келуі керек. Өте келбетті жастар өсіп келеді. Киім киістері, жүрістері, шаш үлгілері ерекше. Темекі шек­пейтін, арақ ішпейтін саналы жастар өсіп келеді. Ташкентке көп барамын. Жастардың стильді киінгенін байқамадым. Жаңа әлемнің өкілдеріне қызыға қараймыз. Сенім зор, үміт мол.

−  Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан: Гүлбану МАҚАЖАН,

Суреттер Н.Нұржаубайдікі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!