Елімізде ғылым дамуы үшін жас ғалымдарға қолдау көрсету өте маңызды. Зеректік пен төзімділікті талап ететін бұл салада жастар нәтиже шығарып, жаңалық ашса, елең ететініміз рас. Себебі академиялық білім алу бір бөлек, оқумен қатар уақытыңды ғылымға арнап, зерттеу жүргізу басқа.
Студент болса да, маңызды ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысып, жаңа өнімдердің алынуына үлес қосқан жас ғалымның бірі – Мағжан Бекқожаев. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті.
Білім үш адамға қонбайды екен: бірі – ұялшақ, екіншісі – тәкаппар, үшіншісі – жалқау адамға. Бұл үш қасиет те ғалым боламын деген адамнан байқалмайтын секілді. Мағжанның жас та болса білім биігін бағындыруына елгезектігі мен ізденімпаздығы әрі сабақтан тыс уақытты ұстаздарының жанында, зертханада өткізуі ықпал етті.
Осы кезге дейін ол университеттегі «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты, зерттеуші-профессор Нұрбол Аппазов және осы зертхананың жетекшісі, «Инжинирингтік технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Нұрғали Ақылбековпен бірлесіп, бірнеше зерттеуге қатысты.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде күріш қауызынан целлюлоза алу әдісі анықталғанын атап өту қажет. Ғылыми жұмыс нәтижесі көңіл қуантады. Бүгінде бұл жоба патенттеліп, халықаралық басылымға мақала жарияланған. Целлюлоза негізінен кеңсе қағаздарын жасауда қолданылады.
Сонымен қатар суды тазартуға арналған белсендірілген көмір алу жұмыстары да жүргізілді.
Университет ғалымдары күріш сабанынан Терра Претабио тыңайтқышын алудың инновациялық технологиясын да әзірледі. Оны ауыл шаруашылығында қолданудың тиімділігін дәлеледеді. Зерттеушілердің айтуынша, жаңа биотыңайтқыштың артықшылығы оның құрамындағы гумустың мөлшері жоғары, топырақтың бірқатар көрсеткішін арттыратын қасиеті бар. Атап айтсақ, топырақ тұздылығын төмендетеді. Ылғалдылықты сақтайды, топырақ құрамындағы гумусты жоғарылатады. Соның нәтижесінде дақылдың өнімділігі 40%-ға дейін артады. Басқа тыңайтқыштарды егіс аумағына артық мөлшерде қолдансаң, кері әсерін тигізеді. Ал Терра Претаны көп мөлшерде қолдану егінге еш залалын тигізбейді. Сондай-ақ күріш қауызынан алынған биочарды мал бордақылау, бетонның мықтылығын арттыру мақсатында қолдануға болады.
Мағжан Ғаниұлының осындай іргелі зерттеу жұмыстарына атсалысқанын білгеннен кейін жас ғалымды оқырманға кеңінен таныстыруды жөн санадық. Ғылымға деген қызығушылық неден туындағанын, алғашқы эксперименті, ұстазы туралы да сұрадық.

– Химия саласын таңдауыма реакцияларға деген қызығушылығым әсер етті. Алғаш рет теледидардан «вулкан» тәжірибесін көріп қатты таңырқадым. Кішкентай кезімде «жарылып, атылатын» химиялық реакцияларға қызығатын едім. Балалық қызыушылығым ғылым саласына жол ашты.
Оқуға түскен кезде жасаған алғашқы экспериментім нақты есімде жоқ. Бірақ мұнайдың құрамындағы механикалық қоспаларды анықтау мақсатындағы эксперимент ерекше есте қалды. Бұл көбіне мұнайдың сапасын бақылау үшін жасалады.
ЖОО-ға қабылданғаннан бастап сабақтан тыс уақытта университеттің №5 оқу ғимаратында орналасқан «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханада ғылыми жұмыстармен айналыстым. Мұндай ізденіс менің шыңдала түсуіме ықпал етті.
Ал ұстаздарға келсек, елімізге белгілі ғалым Нұрбол Аппазовты үлгі тұтамын. Себебі оқытушым ғылымда ғана емес, өмірде де білгенін үйретіп жүретін, білімімен қатар, ізетті мінезімен жан-жағына сыйлы, парасатты адам, – деді ол.
Көпке белгілі ғалымдардан білім алған Мағжан Бекхожаев бірнеше байқауда жүлдегер атанды. 2023 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ұйымдастырған пәндік олимпиадада 3-орын, Open space байқауының жоғарғы технологиялардың инновациялық жобасы бағыты бойынша 1-орын, 2023 жылы республикалық студенттердің ғылыми зерттеу жұмысы бойынша 3-орын, ал 2024 жылы 2-орын иеленді.
Өзі елгезек әрі мәдениетті Мағжанды қоғамдық іс- шаралардан, әсіресе Жайдарман ойындарынан да жиі байқаймыз. Сондықтан «Болашақта ғылым саласында еңбек етесің бе, әлде мәдениет саласына ауысқың келе ме?» деген сұрақты да қойдық.
– Ғылым – менің болашағым, ал «Жайдарман» жастығымның қызықты сәттері болып қала бермек. Болашақта ғылым саласында жақсы жетістіктерге жетіп, ел игілігі үшін қызмет етсем деймін. Жетістік, даңқ, абырой барлығы уақытша, бастысы елге пайдасы тиетін азамат болуды ойлаймын. Ең бірінші миссиям – осы, – деді жас ғалым.
Қазіргідей түрлі ақпарат «қаржы табудың сан түрін» ұсынған уақытта жастардың бір салаға ден қоюының өзі оңай емес. «Даму үшін күн сайын өзімнің жақсы көретін жұмысыммен айналысамын. Кітап оқу, барлық зейініңді мамандығың бойынша жұмыстарға қою жақсы жетістікке жетуге көмектеседі» деген Мағжаннан замандастары үлгі алса дейсің.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!