Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Археология және этнография ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Жетесби Сұлтанжанов Германияның Тюбинген университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, елге оралды.
Осы орайда шетелде біліктілігін шыңдаған ғалыммен тағылымдаманың маңызы, археологияның даму барысы жөнінде әңгімелестік.

– «500 ғалым» бағдарламасы аясында Германияда ғылыми тағылымдамадан өттіңіз. Бұл елдегі білім беру жүйесінің ерекшелігі неде? Германияны таңдауыңызға не себеп болды?

– Германияның жоғары оқу орындары әлемдегі ең үздік, яғни ТОП – 200 университеттің қатарында. Бұл елді таңдауымның себебі білім берумен қатар, ғылым саласы, оның ішінде археологиясы жақсы дамыған. Эберхард Карл атындағы Тюбинген университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірнеше жылдан бері әріптестік байланыс орнатып, археологиялық бағытта бірлескен жұмыстар атқаруда. Екі елдің ғалымдарын біріктірген жобаларға өзім де қатыстым. Сонымен қатар, бұл білім ордасынан бөлек Неміс археология институтындағы Еуразия департаментінің материалдарымен таныстым.

Тағылымдама алты айға созылды. Оқу орындарының кітапхана қорымен қатар Еуразия департаментінде Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сияқты бізге жақын орналасқан мемлекеттер туралы мәліметтер базасы бар. Бұл тақырыпты тереңірек тануыма жол ашты. Тюбинген университетінде негізінен ғылыми жұмыс жүргізудегі еуропалық әдістерді меңгердім. Еуропалық зерттеушілердің монография, диссертацияларының өзіндік ерекшелігі болатыны рас.

– Бұл сапардың маңызы, жинақтаған тәжірибеңіз туралы айтып берсеңіз…

– Осы кезде Сырдың төменгі ағысындағы ортағасырлық қалалар, соның ішінде Жанкент қалашығының инфрақұрылымы, қаланың жоспарлануы, ғимараттардың орналасу реттілігі, дамуын зерделеп, сол уақыттағы өзге шаһарлармен салыстырудамын. PhD докторантурадағы бұл зерттеу жұмысымды Тюбинген университетінде жалғастырдым. Шешімін таппаған сұрақтардың жауабын іздеу барысында еуропалық ғалымдардың зерттеулеріне назар аударып, өзіміздікімен салыстырдым. Ғылым үшін әрбір жаңалық құнды. Сондықтан алдағы жұмыстарымызға серпін беретін мол материал жинақтадым. Берлиндегі музей аралы, Штутгард қаласындағы және Тюбинген университетінің археологиялық, палеонтологиялық музейлеріндегі жәдігер мен құнды деректер тағылымдаманың табысты өтуіне ықпал етті.

– Оқу процесі қай тілде жүргізілді?

– Оқу процесі өз таңдауыңызға қарай неміс немесе ағылшын тілінде жүргізіледі. Мен ағылшын тіліндегі деректермен танысып, ғалымдармен осы тілде байланыс орнаттым.

– Университет ғалымдары ұзақ уақыттан бері Жанкент қалашығында, Жетіасар ескерткіштерінде зерттеу жүргізуде. Тың жаңалық бар ма?

– Оқу орны зерттеу жұмыстарын көптен бері жүргізіп келеді. Кейінірек шетелдік ғылыми орталықтармен байланыс орнату, ғалымдарды тарту арқылы экспедиция халықаралық деңгейге жетті. Оның құрамында Қазақстаннан бөлек, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінің зерттеушілері бар. Әрине, көпшілікке айтар жақсы жаңалықтарымыз жетерлік. Кеңес үкіметінің тұсында Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы біздің территорияда 80 жылға жуық жұмыс істеген. Көптеген ескерткіштерді анықтап, тек археологиялық әдістермен зерттеген. Бүгінде кешенді түрде жаңа технологиялармен, айталық радиокөміртектік талдау жүргізудеміз. Жанкент қалашығында 200-ге жуық радиокөміртектік талдау жасап, нәтижесінде төменгі қабаттарынан VІІ ғасырдың, жоғарғы қабаттарынан Х ғасырдың белгілерін көріп отырмыз. Көне шаһар әлі де зерттелуде. Соның арқасында Жанкент қалашығының VІІ – Х ғасырда өмір сүргені анықталды.

Жетіасар және Жанкент ескерткіштерінде қазба және қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Қазір Жанкент қалашығында тұрғындардың бет әлпеті қалпына келтіріліп, сол замандағы үш үйдің орны, суфалар, ошақтар мен ыдыстардың көшірмелері қойылды. Бұл – Жанкентті аспан астындағы ашық музейге айналдыру мақсатындағы жұмыстар.

Жетіасар бойынша айтар болсақ, Алтынасар қалашығының үлкен-кіші үйін, керуен сарайының қабырғалары қайта қалпына келтірілді. Бұл ескерткіштерді сақтау мақсатындағы негізгі шаралардың бірі десек болады.

– Жуырда Мәжілісте депутаты Еркін Әбіл жыл санап тарихи-мәдени мұралар жойылып бара жатқанын атап өтті. Археология саласының маманы ретінде бұл пікірмен келісесіз бе?

– Депутаттың айтқан сөзі орынды. Егемендік алғалы ғылымымыз жаңару процесінен өтіп, қайта басталды десек болады. Жыл өте келе ғылымда жіберген қателіктерді байқап, оның орнын толтырып, жүйелендіруге тырысудамыз. Археология саласында ескерткіштерді қорғау, экспертиза жүргізуге байланысты жаңартылған заңдар жарық көрді. Қоғамда осындай мәселелерді жиі қозғауымыз керек. Бүгінде елімізде көптеген ескерткіш жойылу үстінде. Оған табиғи факторлармен қатар антропогендік факторлар да әсер етуде. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қолдану мен сақтау шараларын заңмен жүйелендіру арқылы мұндай жағдайдың алдын алуға болады.

– Қазір бұл салада қандай өзекті мәселелер бар? Археолог болуға қызығатын жастар көп пе?

– Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану мен сақтау туралы заңның өзгеруі саланың дамуына оң ықпал етуде. 2019 жыл ескерткіштерді қорғау мен пайдалану туралы заң жаңартылды. Сонымен қатар 2020 жылы ескерткіштерге ғылыми экспертиза жүргізудің әдістері жаңартылып, бекітілді. Бұл ғылымды дамыту бағытындағы ізденістердің нәтижесі деуге болады. Ел ғалымдары бас қосқан конференция, жиындар барысында өз ұсныстарымызды жеткіземіз. Саланы дамытуға қатысты ойымыз көбіне қолдау тауып жатады.

Археологияға қызығатын жастар жеткілікті деп ойлаймын. Елімізде ондаған ғылыми мекеме археологтарды дайындайды. Өзім де Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2012 жылғы түлегімін. Магистратурада білім алып, докторантураны Еуропада жалғастырудамын.

Әлемдік практика бойынша, қазір археология саласына тек кәсіби археолог мамандар емес, сонымен қатар биология, остелогия, антропология т.б. сала мамандары қажет екені белгілі. Қазір ұшқышсыз басқарылатын аппаратты археологияда пайдалану IT мамандардың да қажеттілігін көрсетуде.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!