Мөлдір ЖАҢБЫРБАЙ:

23 шілдеде Жапонияда жазғы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Байрақты бәсекеде ел спортшылары 96 жолдамаға ие болғаны белгілі. Биылғы ала­ман­ның басты жаңалығы, ка­ратэ спорты дүбірлі дода­ға ен­ді. Бұл жерлесіміз Мөл­дір Жаң­бырбай үшін үлкен олжа­ға ай­нал­ды. Мөлдір мұндай мүмкін­дікті мүлт жібермей, маусымда Париж қа­ласында табысты өнер көрсетіп, Жапония жолдамасын жеңіп ал­ған-ды. Ертең спортшылар байрақты бәсекеде ел намысын қор­ғау үшін арнайы рейспен То­киоға бағыт алады. Сапар ал­дын­да Мөлдірмен жедел сұхбат ұйым­дастырған едік.

Мөлдір, Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Байрақты бәсе­кеде бақ сынайтын саңлақтың бірі – өзің. Жалпы Жапонияға жолдама алу қаншалықты қиын болды?

– Ең алдымен каратэнің Олим­­пиадалық ойындарға ен­ге­нін ес­тіп қуандық. Өйткені ка­ратэге қан­­ша уақытын арнап, құ­рлықтық жарыс­тарға қаты­сумен ғана шек­тел­ген мық­ты спорт­шылар бол­ды. Токио  бұрын-соңды каратэ­шілер­дің ар­ма­­ны болған мүм­кіндікті сый­лады. Бұны осы­ған дейін өт­кен Олим­пиада ойын­да­рынан бір­ден бір ерек­ше­лік де­сек болады. Шұ­ғыл­­данып жат­қан спорт түрі Олим­­пиада ойындарында болса, спортшылар үшін үлкен стимул болатыны анық. Ал каратэ төрт­жылдықтың басты додасына ен­ген­нен кейін жолдама алудың да қиындығы артты. Негізгі 5 сал­мақты 3 салмаққа қысқартты. Яғни бұрын  50 келі салмақта өнер көр­сетсем, соңғы жағдайларға бай­ланысты 55 келіге көштік. Спорт­шыларға әсіресе каратэмен ай­­на­­лысушылар үшін салмақ қосу қиын шаруа. Өйткені бұл спорт түрі қимыл қозғалысты қатты қа­жет етеді. Сондықтан маусым айын­да Парижде өткен халық­ара­­лық додада өзімнен бір саты жо­ға­ры спортшылармен сынға түсіп, жолдамаға иелік еттім. Же­ке бап­ке­рім болып, үлкен спортқа жол ашқан марқұм Рүстем Абжа­миев ағайым Олимпиадаға жол­да­ма ал­ған сәтімді көре алмай кет­кені өкінішті. 

– Токио төріндегі тайталаста сынға түсетін 55 келі салмақ дә­режесінде жүлдеге деген бә­се­келестік қалай?

– Бәсекелестік өте жоғары. Әлем бойынша  10 ғана спортшы Олим­пиада жолдамасына ие бол­ды. Сол ондық жүлде үшін талас жүргі­зетін болады. Атап айтсам, Анже­лика Терлюга (Украина) Се­рап Озчелик (Түркия), Тзу-Юн Вен (Тайван), Сара Бахманъяр (Иран), Михо Мияхара (Жапония), Ив Горанова (Болгария), Анна Чернышева (Ресей), Радва Сайед (Египет) Беттина Планк (Австрия) секілді спортшылар – Токиодағы қар­сыластарым. Барлығы бір-бірін жақ­сы біледі. Бір ғана мүмкіндіктен мүлт кетсең, қателікті кешірмейтін каратэшілер. Сондықтан байыпты қадам жасап, татамиде сауатты болу керек. Елге сүйінші хабармен оралуға барымды саламын.

– Олимпиада ойынына да­йын­дық жұмыстары қалай өту­де?

– Алматыдағы AIBA Олим­пиада­лық орталығында соңғы дайын­дығы­мызды пысықтап жатырмыз. Күндіз екі мезгіл жаттығу жа­сай­мыз. Техникадан бөлек, физи­ка­лық жаттығуларға да көңіл бө­ле­міз. Сонымен қатар мұндай ірі бәсекеде психологиялық дә­ріс­тер аса қажет. Сондықтан  тәжі­рибелі психологтар да жаттығуға қатысып, қол ұшын бе­руде. Ес­кі  жарақаттарды емдеп, 100 па­йыз дайын болуға күш салып жа­тыр­мыз.

– Спортшылар үшін кли­мат ауыстыру басты мәселе. Адап­тация жұмыста­ры қа­лай жүр­гізі­леді?

– Әрине, әр елдің климаты әр­түрлі. Еліміздегі Олимпиадалық ко­митет осы мәселені шешу үшін ертерек қамданғанды құп көрді. Құдай сәтін салса, чартерлік рейс­пен Токиоға аттанамыз. 5 тамызда жарыс алаңына көтерілемін. Сол уақытқа дейін оқу-жаттығу жиынын сол жақта жалғастырамын. Екі апта ішінде Жапонияға бейімделіп ке­те­міз деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет. «Ақме­шіт жастары» басылымы төрт­жылдықтың басты додасында табысты өнер көрсетуіңе тілек­ші.

– Рақмет. Ел мерейін асыру­ға бар күшімді саламын.

Ерасыл Шәрібек

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!