М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі – жүз жылға жуық тарихы бар, білім сапасы мен тәртібі жөнінен талайды таңғалдырған оқу орны. Педколледждің шәкірттерін қалада бірден байқайсың. Мәдениеті, өзін ұстауы, тіпті жинақы киім үлгісі де болашақ педагог екенін аңғартып тұрады. Демек бұл – колледждегі білім мен еселі еңбектің нәтижесі. Осы орайда оқу орнының директоры Жақсыгүл Тоғановамен сұхбаттасып, жүргізілген жүйелі жұмыстар мен жаңалықтардан хабардар болдық.
– Жақсыгүл Қоханқызы, 21 жасыңызда еңбек жолын осы колледжде оқытушы болып бастаған екенсіз. Содан бері қызметтің барлық сатысынан өтіп, 2021 жылы колледж директоры болып тағайындалдыңыз. Бұл қызмет сізді шыңдай түскен секілді…
– Иә, дұрыс айтасыз, 2000 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тарих және құқық» факультетін «Тарих пәнінің мұғалімі» біліктілігі бойынша бітіріп, еңбек жолымды осы білім ордасында оқытушы болып бастадым. Ол кездегі колледж директоры – ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Әлима Әбдіхалықова еді. Оқу орнына келерде жүрек толқынысы, үлкен жауапкершілік болды. Себебі бұл – мықты ұстаздар, қоғам қайраткерлері оқыған, бір ғасырға жуық тарихы бар білім ордасы. Әрине, директорлыққа дейін барлық сатыдан өттім. Шын ниетпен, бар ынтаммен абыройлы жұмыс істеуге тырыстым. Соның нәтижесі болар, 6 айдан кейін Әлима Жақыпқызы шақырып алып, «Тарих» пәндік циклдік комиссиясы оқытушыларының жетекшісі болыңыз деп ұсыныс айтты. Еңбегімді бағалағаны болар, екі жылдан кейін сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Одан кейін бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын бөлімнің меңгерушісі, оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым.
– Менеджерлік қабілетіңіз осылай шыңдалған екен ғой…
– 9 жылдай оқу ісі жөніндегі орынбасар болдым. Ал директорлық орын босағаннан кейін конкурсқа қатысып, 5 үміткердің ішінен жеңімпаз болып танылдым. Басқа мамандықтар бір бөлек, педагог даярлайтын оқу орны, «ұстаздар ұстаханасында» еңбек ету басқа. Сондықтан өзіме қандай жауапкершілік жүктелгенін сезіндім. Бүкіл нормативтік-құқықтық актілер, оқу процесін жүйелі, перспективалық түрде жүргізу әдістерімен таныс болғаннан кейін маған қатты қиын болмады. Негізі процессті білсең, жұмыс өздігінен жүйелі жүреді. Орынбасарларыма «өзіңізге жүктелген бір саланы шемішкедей шағып, ұршықша үйіруіңіз керек» деймін. Ал өзім бұған дейін оқу ісі, әдістеме, тәрбие саласында жетекшілік еткеннен кейін, бәрімен таныспын. Сондықтан әр қызметкер өзіне жүктелген бір саладан қате жібермеу керек деп ойлаймын. Ал қате жібермеу үшін білім, білік, дағды керек.
Колледждің жетістіктері, әрине, жеткілікті. Кемшіліксіз жұмыс болмайды. Бала жүрген жерде түрлі дүние болады. Дегенмен дамуда динамика бар. Кезінде оқу орнын 28 жыл Ұлмекен Ибраева, 37 жыл Әлима Әбдіхалықова, 2,5 жыл Бақытжан Сайлыбаев басқарған. Сол кісілерден кейін директор болу маған өте үлкен жауапкершілік жүктеді. «Олардың деңгейінен түсіріп алмас па екенмін, сол кісілердің басқарған уақытынан сапаны, кәсіби маман даярлауда құзіреттелікті төмендетіп алмас па екенмін?» деген үнемі менде жауапкершілік пен үрей тұратын. Сол ой мені қамшылады, алға жетеледі. Аллаға шүкір, қазір колледж республикадағы үздік үштіктің ішінде. Оның барлығы ұжымның, оқытушылардың бірлескен жұмысы және сүйікті студенттеріміздің арқасы деп түсінемін.
Халықаралық байланыс нығайып келеді
– Оқу орнының ең негізгі жетістіктеріне тоқталып өтейікші. Басқа елдермен халықаралық байланыс туралы не айтасыз?
– 5-10 жылға арналған перспективалық жоспар деген болады. Сол жоспарларда Үкіметтен шығатын бүкіл білім беру қызметіне негізделген нормативтік-құқықтық акті, заңнамаларды басшылыққа алып, жұмыс істейміз. Соған сәйкес басым бағыттар құрылады. Соның бірі – халықаралық ынтымақтастық және білім беруді дамыту, ғылымды ілгері жылжыту. Өйткені маман даярлауда осыны басым бағыт етпесек, ілгері жылжи алмаймыз. Қазіргі уақытта Ресей, Германия, Оңтүстік Корея және Түркиямен байланыс орнаттық. Бастауыш сынып мұғалімі, мектепке дейінгі тәрбие тәрбиешілері – әлем бойынша даярланатын мамандықтар. Дүниежүзі бойынша оқытылатындықтан бізде ортақ мүдде бар. Былтыр Германияның педагог кадрлар даярлайтын университетімен ынтымақтастық меморандумға отырып, 97 оқытушымыз білімін жетілдірді. Ол мемлекеттен тренерлеріміз келіп, 72 сағаттық семинар өткізіп, қатысушылар сертификат иеленді. Биыл Жапония, Түркия елдерімен мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш сынып мұғалімі біліктілігі бойынша ынтымақтастықты жолға қойып жатырмыз. Алдағы уақытта да үлкен жұмыстар атқарылады.
Білім беру мазмұнына, сапаға қатты мән беремін. Облыс бойынша үш жыл қатарынан үздік білім беру ұйымы атандық. Республикада рейтинг бойынша төртінші орында тұрмыз. Осының барлығы тынымсыз еңбектің арқасы. Халықаралық конкурстарға қатысқан «Япурай» хор ұжымы, «Нұргүл» халықтық би ансамблі қаншама жетістіктермен келіп жатыр. Педагогикалық мамандықтар арасында республика бойынша World- Skills деген чемпионат бар, сонда «Бастауыш білім беру мұғалімі» мамандығы бойынша қаншама коллдеждің арасында Алтын медаль иелендік. Маман даярлаудағы деңгейімізді осыдан көре беріңіз. «Мектепке дейінгі тәрбие беру» мамандығы бойынша екі рет күміс жүлде алдық. Биыл тағы да чемпионатқа дайындалудамыз.
– Колледжде мамандықтар аясының тарылуына не себеп болды?
– Біріншіден, ол біздің еншіміздегі емес, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің еншісіндегі мәселе. Жіктеуіш (Классификатор) деген құжат бар. Жіктеуіште негізгі орта білім мамандығының физика, математика мұғалімін дайындайтын біліктілік бойынша мамандықтарды алып тастады. Республикадағы педагогикалық колледж директорлары, ұжымы, әкімшілігі министрлікке өтініш айттық.
Бізде даярланған мамандар, шыны керек, еңбек нарығында бағаланады. Осы колледжде білім алған қай физика, математика маманын алсаңыз да мықты. Бұл – еңбек нарығында дәлелденген дүние. Бірақ ҚР Оқу-ағарту министрлігі жаратылыстану бағытындағы біліктілігі бар мамандықтарды жоғары оқу орындары даярлауы керек деп шешті. Біз қарсылық тантықанымызбен жүзеге аспады. 9-11 сыныпты бітіріп келіп, осы колледжге қабылданған бала базалық білімді жақсы меңгереді. Жоғары оқу орындары теория мен ғылымға негізделген. Бізде теория, практика және ғылым ұштасып жатыр. Әдістеме мықты. Теория мен инновациялық әдістеме практикаға негізделген. М.Мәметова атындағы колледжде білім алған мамандардың базалық білімі неге жоғары болады дегенде осыны айтар едім. Жоғары оқу орындарына қатысты ештеңе айта алмаймын, бірақ біздегі базалық білім бәрібір бөлек. Өзім аналитик ретінде жоғары оқу орнында ала алмаған тұстарымды осы жерде практикамен ұштастырдым.
Ешқандай оқу орнында болмаған логопедия мамандығын аштық
– Ал жаңадан қандай мамандықтар ашылды?
– Біздің бейініміз – педагогикалық білім бейіні. Әлима Жақыпқызы директор болған тұста техникалық мамандықтар ашылды. Кейін оңтайландыру процесі жүрді де, бірқатар техникалық мамандықтың лицензиясын Білім министрлігінің Бақылау департаментінен қайтару жөнінде ұсыныс болды. Бірақ республика бойынша ақпараттық-техникалық құзіреттіліктегі мамандықтардың лицензиясын алғашқы болып біз алдық. Тәуелсіздіктен кейін техникалық колледждер бола тұра мұндай мамандықтар бізде ашылды. Қазір информатика мұғалімі мен есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтарын қалдырдық.
Жаңа мамандыққа келсек, қоғамның сұранысына сәйкес әр білім беру мекемесінде дефектолог пен логопед болу керек деген штаттық кестеде талап қойылды. Біз осы талапты ескеріп, ешқандай оқу орнында болмаған логопедия мамандығын аштық. Қолданбалы бакалаврда 11-сыныптан кейін келетін талапкерлер оқи алады. Өйткені жоғары колледж болғаннан кейін заң аясында қолданбалы бакалавр біліктілігі бойынша маман даярлауға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие бакалавры және логопедия мамандығы бойынша 50 маманды дайындап жатырмыз. Соған сәйкес материалдық- техникалық базаны керемет етіп жабдықтадық. Ең соңғы үлгідегі дидактикалық материалдарды алдық. Кез келген мектепте тілінің мүкістігі бар балалар кездеседі. Олармен логопед, дефектолог маманы жұмыс істеуі керек. Алла қаласа бұл студенттеріміз келесі жылы еңбек нарығына қосылады.
Педагогикалық мамандықты сырттай оқығанын қаламаймын
– Колледждің оқу ғимараттарына 2020 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Байқағанымыздай, алыстан көз тартады, өзіндік эстетикасы бар. Ал жатақханаға жөндеу жүргізілді ме, орын саны жеткілікті ме?
– Бақытжан Әбдқалықұлы директор болған тұста жол картасының аясында колледждің сыртқы бөлігі күрделі жөндеуден өткізілді. Сол кезде жатақханаға да орташа жөндеу жұмыстары жасалды. 2021 жылы өзім директор болып келгесін, жан басына қаржыландырудан үнемделген қаржыға жатақхананың жиһаздары мен төсек-орындарын жаңаладық. Қазір ол жақты көрсеңіз, көз тояды. Жатақхананы аралағанымда кейбір балалардың өзі «апай, үйімізде мұндай кереует пен жиһаз жоқ» деп қуанды. Жатақханада студенттерге 248 орын қарастырылған.
Негізі педагогикалық колледждің жобалық қуаты 1200 балаға арналған. Бірақ бізде студенттер түске дейін де және түстен кейін де оқып жатыр. Қазір 2200-дей бала бар. Оның 1500 астамы бюджет гранты негізінде, ақылы негізде 500-дің үстінде бала білім алады.
Бірақ ақылы негізді кейінгі кезде ашпай қойдым. Неге дейсіз ғой. Себебі соңғы уақытта мектептер нашар оқыған оқушыларын колледжге жіберіп, ақылы бөлімге тапсыра беретін болды. Ал сырттай бөлімді директорболып келгесін жауып тастадым. Педагогикалық мамандықта сырттай оқып, диплом берілгенін онша қаламаймын. Сырттай оқитындар жылына 40 күндік оқуға екі рет келеді. Одан маман қалыптаспайды, базалық білімді алмайды. Қалай болғанда да, педагогикалық және медициналық мамандықты тек күндізгі білім негізінде алуы керек деп ойлаймын.
Жатақханада жайлы ортаны қалыптастыру үшін барлық жағдайды жасадық. Жуынатын орынды жөндеуден өткізіп, киім жуатын машиналарды жаңадан алдырдық. Білім алушыларға қызмет көрсету орындары жатақхананың бірінші қабатында қарастырылған. Балалар үй тапсырмасына дайындалсын деген ниетпен оқу залын кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтіндей еттік. Асхана да, душ та, медпункт бірінші қабатта.
– Ыстық су ағып тұр ма? Бұрын жоқ еді…
– Жатақхана ыстық сумен 100 процент қамтылды. Барлық қабатқа «аристон» орнатылды. Жан басына қаржыландыру ол кезде жоқ-тұғын. Қазір осы қаржыдан үнемделген қаржыға барлық жағдайды жасаудамын. Балалар аулаға шыққанда әдемілікті сезінсін, жайлы орта қалыптастырайықшы деп ауланың жалпы эскизі мен дизайнын өзім жасадым. Мемлекеттік тапсырыс бойынша, мекемеден арнайы маман шақырып, көгалдандыру жұмыстарының басы-қасында болдым. Каворкинг, шахмат орталығын ашып қойдық. Білім аламын деген балаға барлық жағдайды жасадық. Басқа оқу орындарының жатқханасымен салыстырып көрсеңіз болады…
– Екі мыңнан астам балаға жатақханадағы қазіргі орын саны аз секілді…
– Иә, орын саны аз. Колледждің ауласында екі спорттық алаң бар. Осы орайда атап өту керек, екі қабатты Студенттер сарайының құрылысын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжатты білім басқармасына өткізіп қойдым. Оның ішінде 200 орындық асхана, 250 орындық концерт залы, заманауи үлгідегі жаттығу залы болады, барлық үйірмелер сонда орналасады. Алла қаласа 2025 жылы қаралып, қаржы бөлінеді. Сол кезде жатақханада біраз орын босауы мүмкін.
Бірақ қазір 248 орын болғанымен, жатақханаға қоныстанған бала саны 200-дей ғана. 48 орын бос тұр. Балалар тәртіптен қаша ма, пәтерде тұрғысы келеді. Бірінші, екінші курстың балалары ғана орналасқан. Үшінші, төртінші курстың білім алушыларына айтып көрсеңдерші десем, «апай, бәріне айтып шықтық. Туыстарының үйіне орналасқан, көбі бірігіп пәтер жалдап тұрады» дейді.
Педагогикалық этиканы 1-курстан бастап қалыптастырамыз
– Педколледждің студенттерін қалада бірден тануға болады. Киімдерінен, өздерін ұстауларынан болашақ педагог екенін бірден байқайсың. Ата аналардың бірдей формаға қарсылық білдірген кезі болды ма?
– Ондай да арасында болып тұрады. Әсіресе бірінші курсқа келген кезде. Одан кейін бала, ата-анамен бірлесіп үштік одақты қалыптастырып аламыз. «Неге ондай форма? Біз онсыз да мектептен келдік. Студент емес пе? Емін-еркін киінсін» деп келетін ата-аналар да бар. Бірақ әр отбасының әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Түрлі киім кигесін, бірі-біріне қарап қызығады, бәсекелеседі. Олар ең алдымен болашақ педагог қой. Педагогикалық этиканы бірінші курстан бастап қалыптастырамыз. Ата-аналармен онлайн емес, оффлайн кездесу өткіземіз. Кездесеміз, келісеміз. «Көнсеңіздер осы. Көнбесеңіздер, емін-еркін киінетін оқу орнына барыңыздар. Баланың заңды өкілі ретінде ол сіздің тікелей құқығыңыз» деп алдымызды ашып аламыз. Бәрі келіседі. Басқаға барғысы келгенімен, бұл жақтың білімі ұнайды. Білімі ұнағасын ортақ тәртіпке де бағынады.
– Бірнеше ай бұрын облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл болып тағайындалдыңыз. Қызылордада бала құқығының бұзылуына байланысты түйткілді мәселелер көп пе?
– Әрине, түйткілді мәселелер өте көп. От басы, ошақ қасындағы ата-ананың білімді болуы, дұрыс бағыт беруі – бала тәрбиесіндегі темірқазық. Білім беру мекемелері, яғни, мектеп, колледж – қосымша тәрбиелейтін орта. Ең бірінші ата-ана бала тәрбиесінде кемшілік жіберіп алмауы керек. Қазіргі ата-аналардың ойы – мен оқытып жатырмын, киімі көк, тамағы тоқ, осымен тәрбие тәмам. Ата-аналар жиналысына да туысқанын жібере салады. Өткенде «баланың заңды өкілі – ата-анасы. Өзі келсін» деп аға-жеңге, қайынсіңілдерін жиналысқа қатыстырмадым. Туысқан деген балаға өзінің баласындай жаны ашымайды ғой. Ата-анасына жиналыста айтылған мәселенің бірін айтып, бірін айтпауы мүмкін. Дәл сол секілді отбасындағы тәрбиеде үлкен ақаулар кетіп жатыр. Тәрбие болмай, қоғамға пайдалы тұлға қалыптасады деп айта алмаймын.
Бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде түрлі оқиғаны көріп жатырмын. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты оқиға болса, бірінші маған хабарлама келеді. Терезеден құлап кетті, зорлады дегендей… Тамыздан бері бұл жағдайларға аналитикалық талдау жасап отырсам, балаға толық емес отбасында өсу, ажырасу, тұрмыс, тәрбие қатты әсер етеді екен. Түзу жолдан тайып жатқан жағдайлар көбіне осыған байланысты.
– Директор ретінде көп шаруа мен мәселенің түйінін тарқатып, тоқетерін өзіңіз айтуыңыз керек. Оның арасында ақпараттың көптігі де бар. Не дегенмен нәзік жансыз ғой. Неден күш-қуат аласыз, рухани тұрғыда қалай демаласыз?
– Байқап қарасам, менде бос уақыт бола бермейді екен. Колледждің жұмысы, оның үстіне қоғамдық жұмысым бар. Қолым қалт етсе, кітап оқуға, театрға барып, рухани демалуға тырысамын. Кейінгі кезде жұмыстың көптігінен, шақырған жерге де бара алмай жатырмын.
– Директордың бір күні қалай өтеді?
– Шынымды айтсам, түскі үзіліссіз жұмыс істеймін. Бұрын арасында түскі үзілісте үйге баратын едім, қазір мүлде бармаймын. Ол уақытта бала құқығы жөніндегі уәкіл ретінде жұмыстарымды атқарамын. Таңертеңгі 8-де келгеннен, кешкі 8-де қайтам деп айта алмаймын. Кейде кешкі 10-да, кейде 11-де қайтамын.
– Сұхбат үшін көп рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!