Қай кезеңді алып қарасақ та, ән өнері адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын аңғаруға болады. Діни ғұрыптардан бастап, мерекелік шараларда, той-томалақта, тіпті қазада айтылатын жоқтаудың өзін әуенге салып жеткізу халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кеткенін білдіреді.

Сәт сайын телефоныңызда немесе теледидарда орындалып жатқан әрбір әннің артында ұшан-теңіз еңбек барын білесіз бе? Иә, сіз тыңдап жүрген әннің жасалу барысынан хабарыңыз болмауы мүмкін. Тіпті аранжыршының кім екенін барлығы бірдей біле бермейді. Туындының сазгер жазған ең алғашқы нұсқасын және түрлі платформаға жарияланған соңғы нұсқасын тыңдаған адам сол ортадағы шығармашылық процеске қызығушылық таныта бастайды. Аранжировка не? Аранжировщик кім?

Осы тұрғыда аймағымызда ғана емес, Республика көлемінде есімі белгілі, «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иегері Жарылқасын Оразғұловпен сұхбат құрған болатынбыз.

– Аранжировка – шығармашылық жұмыстың бір түрі. Бұл саланы қанша жасыңыздан бастап қолға алдыңыз? Ең алғашқы студияңыз, алғашқы жұмысыңыз жайлы айтып берсеңіз…

– Әкем де, анам да музыкант жандар. Әкем гитарада, анам мандолина аспаптарында ойнап, ансамбльде қызмет еткен. Қызығын айтайын, менің білім алған салам тіпті бөлек. Мектеп жасынан сурет, бейнелеу өнеріне қызығушылығым басым болды. Содан болар осы бағытты таңдап, Қорқыт ата атындағы университетте «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын 2008 жылы үздік тәмамдадым. Жоғары оқу орнында жүріп те іс-шараларда ән айтып, өнер көрсеттім. Ең алғаш филармонияға жұмысқа орналасуыма Индира Елубаева әпкеміз себепкер болды. Ол уақытта комиссия құрылып, тыңдалым арқылы жұмысқа алатын. Жұмысқа қабылдансам да, білім алған салам бөлек, дипломым талаптарға сай болмаған соң бір айға жетер-жетпес өз еркіммен жұмыстан шығып кеттім. Кейін бірталай жерде жұмыс істеп, бәрінен қажыған соң қолымды бір сілтеп, ауылға қайтуға бел будым. Әкем 13 жасымда қайтыс болған, бауырларым мектепті аяқтап, студент болуға талпынып жатқан соң, ауылда анама серік боламын деп шештім. Дегенмен анам менің ауылда қалғанымды қаламады. Көп ұзамай қалаға қайта оралғанда Сәбит Ұлықпанұлы ағамызды жолықтырдым. 1989 жылы құрылған «Мереке» ансамблі кейін тарап, жұмысы тоқтап қалған екен. Сол топты қайта құрып, жандандыруды қолға алған соң бізді де жұмысқа шақырды. Бұл 2008-2009 жылдар болатын. Ансамбльде жұмыс істеудің маған үлкен пайдасы тиді. Командалық жұмыс болған соң мұнда дыбысты жақсы ажыратуды үйренесің. Ал аранжировканың негізі дәл осы дыбыс ажырата білуден басталады. Бұл бірнеше дыбыстан бір әуенді құрау, үйлестіру.

Сәбит ағамыз – мықты аранжировщик. Менің білім алған салам басқа болғандықтан нота танымадым, музыкалық сауатым болмады. Ағама еріп жүріп, нота, аккорд үйрене бастадым. Тасбөгеттегі Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйінде ансамбльдің жұмысы аяқталған соң Сәбит ағаның жеке жұмыстары басталады, сонда қалатынмын. Шағын бөлмеден студия жасаған, сол жерге талай мықтылар арнайы іздеп келетін. Студияда күнде алып қалып, музыканың қыр-сырын жалықпай үйретті. Қандай мықты әнші болсаң да сахнада ән айту мен студияда ән айту екі бөлек болатынын түсіне бастадым. Әншілерге ән жазғанда қасында отырамын, шаруаларына қолғабыс көрсетемін. Келе-келе үйренсін деп студияны тапсырып кететін болды. Мұның барлығы мен үшін қызықты процесс болатын.

Осы жұмыс жайлы отбасыма айта бастадым. Інім Алматыда консерваторияда білім алып жүріп маған музыкалық аппаратура салып жіберіпті. Жеке студиямды ең алғаш үйде құрадым. Екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесінде отбасыммен тұрдық, екінші бөлмесін студия қылдым. Ең алғашқы жасаған жұмысым Үкітай Ерниязовтың «Тойға шашу» әні болды. Үкітай бауырым алғаш болып жасаған жұмысымды елге осылай таныстырды. Одан кейін Күнсұлу Түрікпенге ән жасадым. Жақында ғана Ғазизхан Шекербеков туындысын жасауға өтініш білдірді. Айта берсем көп…

Сол кезеңдерде ұтазым Сәбит ағайымның жанында көп жүрдім, үнемі сол кісінің шаңырағында тамақтанатын едік. Жеңгеміз мүлде қабақ шытпайтын жан. Тіпті мені баласындай көреді. Біреулер «сол үйдің баласысың ба?» десе мәз болатынмын. Себебі «Сәбиттің баласы» деген ат мен үшін мақтаныш болды.

Кейін сол мәдениет үйіндегі шағын студия түбегейлі маған бұйырды. Ал Сәбит аға екінші қабаттан бөлек студия ашып, сол жаққа ауысты. Бір мекемеде жұмыс жасадық. Ол жақтың ұйымшылдығын әлі күнге дейін айтамын.

– Музыканың қай жанрымен жұмыс істеуді ұнатасыз? Қайсысы сіз үшін шабыт көзі болып табылады?

– Жанрдың бірі жақсы, бірі нашар деп бөліп жара алмаймын. Ең бірінші жұмысым Үкітайдың әнімен басталған соң біле беруге болатын шығар. Қаншама мықты ақындармен таныстым. Поэзияға жақын болып, өлеңге құмарта бастадым. Солар мені оятты десем болады.

Жақында аңғардым, осы уақытқа дейін 8 қойылымға музыка жазыппын. Шынымды айтсам, сол жұмыстармен айналысып жүргенде мүлде байқамаппын, афишадан оқып білдім. Айтқым келгені жанр дегенде, театрға да жаза алатыным бар. Жанр талғамаймын қолымнан келгенше.

Эстраданы жақсы көремін, бірақ театрға жазу – мәдениет саласындағы міндетім. Қойылымның шығарма нұсқасын оқып отырғанда құлағыма әуені естіледі. Дәл осы тұста негізгі мамандығымның, яғни сурет саласында алған білімімнің көп көмегі тиді.

Шабытқа келетін болсақ, маған шабыт сыйлайтын – айналамдағы адамдар. Олардың әңгімесі.

– Қоғам дайын әнді тыңдайды. Бірақ оның артында қаншама еңбек жатқанын бірі білсе, бірі білмейді. Әнді әрлеу, өңдеудің өзіндік қиындықтары бары анық. Ең қиын аранжировка жасаған әніңіз туралы айтып берсеңіз…

– Қатты қарным ашатыны да осы тұс. Расымен жасап жатқан еңбегімізді ел білмейді. Үлкен деңгейдегі қаншама шараға, қаншама қойылымға музыка жазып жүргенмен есіміміз ел ішінде еленбейді. Мәселен марапаттау шарасында аты-жөніміз аталғанда жасаған жұмысымыз жайлы азын-аулақ ақпарат та айтылуы керек деп ойлаймын.

Тіпті мынадай жағдайлар да болған. Үлкен бір кештің шаруасын аяқтап, жұмысым барлығының көңілінен шығып, соның нәтижесін көрмекке стадионға бардым. Сонда оператордың жанында тұрсам «артық адам шықсын» дейді… Осылай өз жұмысымды стадионның сыртында тұрып тыңдаған кездерім болды.

Ең қиын аранжировкам қаламыздың 200 жылдық шарасының финалында орындалған ән болды мен үшін. Қаншама ән жазып жүргеніммен мұндай жауапкершілігі жоғары дүниені сол кезде алғаш рет жасадым. Өте қиын, бірақ өтте сәтті шыққан дүние болды.

– Әнге аранжировка жасағанда орындаушының стилін қаншалықты ескересіз?

– Қазір аранжировканы көп жазбаймын. Менің стилімді білетін санаулы адамдар келеді. Лирикаға, оның ішінде еуропалық стильге жақынмын.

– Сізді облысымыздың таланттары ғана емес, республикаға танымал әншілер де, аранжировка саласындағы әріптестеріңіз де жоғары бағалап, мойындайды. Соның сыры неде? Кей орталарда «хитзавод» атанып кеткен аранжировщиктер сізден не көмек сұрайды? Еңбегіңіз өз деңгейінде бағаланып жүр ме?

– Біреуге соңынан өкпелемеу үшін әуелі арада келісім болуы керек. Мен осы келісіммен жұмыс жасаймын. Әсіресе әншілермен. Сондықтан жазған әндерім өз деңгейінде бағаланып жүр деп айта аламын.

Ал әріптестерге келетін болсам, оларға көрсеткен көмегім үшін ақы сұраған емеспін. Әннен бөлек оған керекті дыбыстарды жинаумен және студияның құрал-жабдықтарын құрастырумен, компьютерлік бағдарламалаумен айналысамын.

Мәселен Шымкентте Руслан есімді аранжыршы азамат бар. Өнеріне тәнті болғаным сонша, ол көмек сұрай қалса, қажетті заттарды осы жақтан алып барып, жоғын сол қаладан түгендеп, студиясының кем-кетігін жасап беріп, барынша көмектесемін. Неге? Кейін менде де жағдайлар болса оған еш қысылмай айта аламын. Есепті дос айрылмас деген бар. Қазыбек Құрайыштың әндерін жазып жүрген Ізбасармен де қарым-қатынасымыз осылай. Қолымнан келген көмегімді аянып қалған емеспін. Әзір жоспарда жоқ, бірақ болашақта жеке шығармашылық кешімді беріп жатсам, он әнім болса он аранжыршыға тапсыра аламын. Өзім жасай аламын, бірақ «барлығын өзім жасаймын» деу қате. Өзгенің талғамына салып, өзгенің көзқарасымен де санасу керек.

Мен саунд-инженерия оқуын оқыдым. Илья Лукашев есімді дыбыс режиссерынан тәлім алдым, Константин Матафоновтан сабақ алдым. Соның нәтижесінде студияны жасақтауды меңгердім. Қандай колонка керек, қай жағдайда қандай микрофонды қолдану керек деген секілді. Дыбыс стадионда қалай, жабық мекемеде қалай шығуы керек. Дыбысты минус алты децибелден артық қылуға болмайды деген секілді қағидалары бар. Тіпті дыбыс жазатын микрофонды қалай орналастыру керектігіне дейін білу қажет. Ал мұны біздің елде үйретпеуі мүмкін, барлығын осындай детальдардан бастап шетелде үйрендік. Негізі сапа осыдан басталады. Соның бәрін оқып келгеннен кейін таныстар, әріптестер көмегіме жүгіне бастады. Бір-біріне айтып, есімім таралған болуы керек, мүлде танымайтын жандар да хабарласып, жабдықтаудың құнын сұрап жатады. Осылай студия жасақтау кәсібіме айналып кетті.

Сазгерлік қырымыз болған соң тапсырыспен ән жазасың ба деп сұрап жатады. Біреулер компьютерін ашып жіберіп «өзіңе керегін таңдап ал» дегендей жайып салып жатады ғой. Менде мүлде ондай емес. Туындының тарихы болғанын қалаймын. Жоғарыда келісім болуы керек деп атап өттім ғой. Ән жасатуға келгендерге жұмысымның құнын айтып, неге бұл шамада бағаланатынын әуелі түсіндіріп аламын. Мәселен әнге керекті әр дыбыс тегін келмейді, оларды сатып аламыз. Аспаппен сүйемелдейтін тұсында нағыз мамандарға жүгініп, аспаптың даусын жазып аламыз. Әрине олар да тегін жұмыс жасамайды.

– Өзіңіз аранжировкалаған әндердің ішінде ең ыстық, ең сүйікті туындыңыз қайсы? Неліктен?

– Жаңа атап өткенімдей, ең алғаш аранжировка жасаған әнім «Тойға шашу» болған соң, өзіме сондай ыстық. Ал сүйікті ән дегенде «Тілекшің» атты әнді айтқым келеді. Әнін Сакура Елемесова, сөзін Оңталап Базарәлиев жазған. Көп адамға әсер еткен тамаша туынды. Оның аранжировкасын жасау барысында болған жайттар тіпті ерекше.

– Ән әлеуметтік желіге, сайттарға жарияланғанда авторлардың (ақын/сазгер) аты-жөні жазылады. Ал нағыз еңбектің иесі, яки аранжировщик назардан тыс қалып жатады. Бұған көзқарасыңыз…

– Бұл біздің Қазақстанда ғана аранжыршы тыс қалатыны… Ал басқа кез келген елде, көрші жатқан Ресейде болсын, барлығында аранжировщик міндетті түрде жазылады.

– Аранжировка жасау барысында ең маңызды аспектілер қандай? Әннің қандай элементтері сіз үшін бірінші орында тұрады?

– Мен үшін мелодия, яғни әннің әуезділігі бірінші орында. Сосын сөзге баса мән беремін.

– Техникалық қабілет пен шығармашылық шабыт арасында қайсысы маңызды деп ойлайсыз?

– Бәрінен бұрын жауапкершілік маңызды. Мысалы, музыкадан мүлде хабары жоқ, бірақ жауапкершілігі мықты бір адамға істі тапсырсаң ол міндетті түрде нәтиже шығарады. Себебі онда жауапкершілік болған соң тырмысып үйренеді, әйтеуір жолын табады. Техникалық тұрғыда сауатты, шығармашылық тұрғыда мықты боп, бірақ жауапкершілік болмаса бәрі бекер…

– Аранжировка жасауда қандай бағдарламаларды қолданасыз?

– Pro Tools, Reaper, Cubase деген бағдарламаларды пайдаланамын. Қазір ең кеңінен тараған, жалпы әлем бойынша үздігі Pro Tools бағдарламасы. Ал аранжировка мен дыбыс жазу бойынша Cubase мықты. Дауысты түзейтіні Melodyne деген секілді, тағы басқалары да бар…

– Жас музыканттарға қандай кеңес берер едіңіз? Музыкалық аранжировка жасау үшін арнайы білім қажет пе, әлде өз бетімен үйренуге бола ма?

– Ең біріншіден оқу керек дер едім. Музыка деген таңқалдыра береді, оның жаңалығы ешқашан таусылмайды. Музыкалық білім міндетті түрде керек. Әуелі классикалық шығармалардан бастаған дұрыс. Ал эстрада ешқайда қашпайды.

– Қазақстандық музыка индустриясына көңіліңіз тола ма? Сізді осы салада не алаңдатады?

– Ән поэзияға құрылса деймін. Сөзге мән берсе екен. Ал жалпы қазір эфирде жүріп жатқан музыкалық бағдарламаларға көңілім толады. Жақсы дамып келеді. Мықты музыканттар көп. Батырхан Шөкенов ағамыздың бір арманы музыканттарға арнап ауқымды студия салдыру болған екен. Біздің Қазақстанда жоқтың қасы. Сол салынуы тиіс деп ойлаймын. Жас музыканттарды білікті, әлемдік деңгейдегі тәжірибелі мамандардың курсында оқыту керек.

– Әлемдік немесе отандық аранжыршылардан кімдерді үлгі тұтасыз?

– Ең бірінші Рамазан Тайманов ағайымыз бен Сәбит Ұлықпанұлы ағамыз, осы қос ұстазымның айтқаны мен үшін заң. Осы кісілердің айтқанын орындадым, орындай беремін. Жаман болған жоқпын, шүкір! Одан кейін Серік Сыздықов жерлесіміз, Ренат Гайсин, Еділжан Габбасов секілді мықтыларды үлгі тұтамын.

– Аранжировщик, әнші, композитор және ақын арасында тығыз байланыс болуы керек деп ойлайсыз ба?

– Әрине! Жалпы лейбл деген термин бар. Лейбл деген осының барлығын біріктіретін адам. Ол көмегіне жүгінген әншінің оң жамбасына келетін, орындау стиліне сай сазгер, ақын, аранжировщикті таңдап береді. Біздің елде олармен жұмыс жасайтын әншілер аз. Бізде әнші өзі хабарласып сазгерден әнді алады да ақынға жіберіп сөзін жаздырады. Сосын аранжировщикке жіберіп әнді жасатып жатады… Мұнда түк байланыс жоқ. Сосын бірін-бірі толықтырып тұратын сапалы дүние қайдан болсын… Сондықтан барлық тарап тығыз байланыста болуы керек.

– Осы уақытқа дейін кімдермен, яғни қандай әншілермен жұмыс жасадыңыз? Болашақта кіммен жұмыс істегіңіз келеді?

– Жоғарыда атап өткен әншілермен жұмыс істедім, әлі де жасай береміз. Жалпы одан бөлек жұмысым қалалық мәдениет үйінде, облыстық халық шығармашылық орталығы мен оқушылар үйірмесі де бар. Соның барлығына ән жазумен айналысамын.

Ал соңғы сұраққа тоқталсақ, атақты адамдармен жұмыс жасауға қызықпаймын. Жұлдыздар келсе, басқаларын ысырып қою немесе келесі жұлдызды күтіп отыру деген атымен жоқ. Бәлкім бұрындары күткен шығармын, ал қазір күтпеймін. Маған кез келген іс-шара қызық, тапсырылған шаруаны асқан қызығушылықпен орындаймын. Атақ-даңқ – тұрақсыз нәрсе, күнделікті жасайтын жұмысыңа қызыққан дұрыс деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!