Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Түркістан мен Қызылорда облысындағы құрғақшылық қаупі туралы айтылды. Иә, расымен бұл аймақтар қуаңшылық мәселесіне келгенде алдыңғы қатарға тізіледі. Аралдың өзі бөлек дүние. Экологиялық апатқа ұшыраған теңіз әлем жұртшылығының назарында.
Бүгінде қазақстандық ғалымдар әлемдік практикада жиі қолданылатын жасанды жолмен жауын жаудыру технологиясын Аралға орнатуды қолға алды. Қазір мамандар «Арал да сенің жерің» ұранымен жұмыстарын бастады. Осы орайда International Center of Climate change Technologies компаниясының директоры, климаттық технологиялар саласының сарапшысы Алтай Айнабекпен хабарласып, жасанды жаңбыр жөнінде сұрауды жөн көрдік.
− Алтай мырза, сұхбаттасуға келіскеніңіз үшін рақмет! Аралды қалпына келтіруде нақты қандай технологияларды ұсындыңыздар? Жасанды жаңбыр арқылы қандай нәтижеге қол жеткіземіз?
− Кеңес үкіметі кезінде, шамамен 70-жылдардың өзінде Аралдың тартылатыны болжанған. КСРО Ғылым академиясы бұл мәселенің шешімін климаттық технологиямен байланыстырып, бұлт егу, детонация секілді технологияларды сынап көрген. Бірақ мұхит акваториясынан ылғал тарту мүмкіндігі болмағандықтан, жауын деңгейін тек 15%-ға дейін көтерген. Бұл – өте аз көрсеткіш. Сол үшін бірінші кезекте «атмосфераның төменгі қабаттарын иондау» тәсілін жасаймыз, ол сол ылғалды тартады. Мұның мүмкін екенін көрсеткеннен кейін 100-ге жуық қосымша дрон жасақтаймыз. Қазір 3 министірлік пен 2 институттың мамандарынан жұмыс тобы құрылып жатыр. Аралға ылғал тартып, конденсациялау жүзеге асса, Орталық Азия болашақтағы су қауіпсіздігіне алаңдамаса болады. Жауын мөлшерін кем дегенде 100%-ға көтеруді жоспарлаудамыз. Өткен жылы тамызда Түркістан облысында жаңбыр деңгейі 650%-ға жоғарылады. Кейінгі жылдары Аралға мүлде су келіп жатқан жоқ. Біз бір жыл ішінде 8-15 шаршы шақырым су құюды жоспарлап отырмыз. Ол 4 Шардара су қоймасымен тең.
− Бұл бастама барысында облыс басшылығымен байланыса алдыңыз ба? 4 метеостанция қажет деп едіңіз…
− Әзірге мәселе шешілмеді. Облыс басшылығына ұсынысымызды айтып, байланысқа шықтық. Басшылық тарапынан алдағы уақытта көмек көрсетілетініне сенеміз. Біз үмітімізді өшірмейміз. Себебі Арал қазақ үшін, ел мен жер үшін маңызды аймақ.
− Жасанды жаңбыр жобасы тек Арал теңізінің аумағына орналастырылады ма? Жалпы Қызылорда құрғақшылыққа бейім аймақ. Облыс көлеміне орнатуға болады ма?
− Маңғыстау (Бейнеу), Қызылорда, Арал аудандарында климатқа әсер ету жағдайын жасаймыз. Атмосфера статикалық емес, сол себепті технология әсері Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе, Жезқазған, Түркістан облыстарында және Қарақалпақстанда байқалады. Бұл аймақтың барлығында температура деңгейі жоғарылап, құрғақшылық пен дала өрттері туралы ТЖМ дабыл қағып отыр. Біз мұны болдырмаймыз. Перифириялық облыстарда жауын 30-50%-ға дейін көтеріліп, температура мен өрт қауіпінің деңгейі түседі.
− Аралдың дәл бүгінгідей жағдайға жетуіне не себеп? Әлемдік экологияға Аралдың тартылуы қалай әсер етуде?
− Бұл жөнінде мағлұмат өте коп. Бірақ бір нәрсені түсінуіміз қажет. Қазір Аралдың табанын сумен баспасақ, геометриялық прогрессияда регрессия болады. Неміс ғалымдары Аралдан тұзданған құмды шығару кейінгі жылдары 7%-ға артқанын айтты. Бұл қорқынышты сан, бұл − сигнал.
− Президент 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбіне 1,1 млн гектар сексеуіл отырғызу міндетін қойған болатын. Бұл бастама қаншалықты тиімді?
− Сексеуіл 9-10 жыл тамыр арқылы сусындайды. Ал Аралда су жоқ. Одан кейін атмосферадан… Әрі қарай түсінікті деп ойлаймын.
− Жоғарыда басшылықтың көмегі туралы айттық. Қаржы мәселесі қалай шешілуде? Бұл технологияларды жүзеге асыру үшін кім қаржыландырады?
− Жалпы бұл жоба туралы әртүрлі есіктерді қағып жүргенімізге бірнеше жыл болды. Оң нәтиже болмаған соң осылай жария етуді жөн көрдік. Өйткені үкімет оның тиімділігіне қарамастан өткізе бермейді. Әзірге сыртқы қаржылық қолдаусыз бастап жатырмыз. Әрі қарай үкімет пен бизнес қолға алады деп ойлаймыз. Себебі бұл елдің су қауіпсіздігін шешетін жалғыз жол.
− Климаттық технологиялар туралы айтып беріңізші.
− Климаттық технологияның 2 түрі болады. Азаматтық мақсатта және «харп, лазер» секілді гибриттік соғыстарға пайдаланылады. Біздің бастама азаматтық мақсатқа арналған ең тиімді технология. Әлем бойынша бұл бағытта климатты басқару технологияларымен айналысатын компаниялардың көпшілігін білеміз. Ешқайсысы аридті аймақтарда, жазықтықтарда жұмыс істей алмайды.
− International Center of Climate change Technologies компаниясы климаттық өзгерістермен қалай күреседі?
− Компания 2 басты бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірі жаһандық жылыну мен қазіргі экологиялық ахуал, елдер мен аудандардағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қалалар мен индустриялық аймақтардағы ауаның сапасын жақсарту. Ал екінші бағыт − жасыл экономика мен елдердің азық-түлік қауіпсіздігі саласы. Жалпы климаттық технологиялар әлемдегі жаңа сала, біз осы саланың пионеріміз.
− Биыл еліміз үшін қиын жылдардың бірі болды. Су тасқыны ешкімді аямады. Қазір жағдай бірқалыпқа келгенімен экологияға теріс әсері болатыны анық. Сондай-ақ эколог мамандар болашақта Қазақстанда жаңа катаклизмдер болады, оның негізгі себебі жаһандық жылыну деп топшылауда. Сіздің ойыңызша Қазақстанның экологиясында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
− Әлемдік банк пен Азия Даму банкі әзірлеген «Қазақстанның климаттық тәуекелдерін бағалау» құжатына сай, су тасқыны, сел, қуаңшылық, ыстық толқынды күндер саны арту секілді құбылыстар күшейе бермек. Орта Азия мемлекеттерінде әртүрлі есеп траекториялары бойынша температура 2,7-4 градусқа жоғарылайды. Өте қиын болады. Бұл туралы әңгімелер көп. Барлық болжам бойынша жағдай нашар. 2040 жылы Орталық Азия мемлекеттері Африканың су жетіспейтін кедей елдері сияқты «высокий стресс водного дефицита» мемлекеттерінің қатарына қосылады.
− Жауабыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия Тәжібай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!