Соңғы кезде жастардың жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан жақсы мүмкіндіктер жасалуда. Дегенмен жастарға қатысты туындайтын сұрақтар жоқ емес. Соның ішінде Neet санатындағы жастардың болашағы кез келгенді алаңдататыны анық.

Қармақшы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нұржұман Пірназаров осы бағытта қармақшылық жастармен қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

– Аталған санатқа енгендердің артуы жастар мен қоғамның, аға буынның арасында байланыс жоқтығын білдіреді. Қазіргі уақытта ауданда 53 781 халық, оның ішінде 14-29 жас аралығында 12 121 жас бар. Ауданда NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыс ұйымдастырылып келеді. Бұл топқа енетіндерді анықтау мақсатында адрестік жұмыстар жүргізіліп, 5126 жастан сауалнама алынды. Нәтижесінде ауданда бұл топқа жатқызуға болатын 324 жас анықталған. 324 жастың 170-ін уақытша, тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс істедік.

Ал жалпы анықталған NEET санатындағы жастарды мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Жастар тәжірибесі» мен қоғамдық және маусымдық жұмыстарға тарту, шағын гранттарға, кәсіпкерлік бағыты бойынша да қайтарымсыз гранттарға қатыстыру тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Ауылдық жердегі жастардың маусымдық немесе тұрақты жұмыстарға орналасуына да жағдай жасаудамыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!