Халықтың түйіткілді мәселелерінен құлағдар болып, оны шешу жолын қарастыру – депутаттардың мақсаты. Бұл қағида МАҒЖАН ЕРАЛИЕВТЫҢ басты миссиясына айналған. Сайланғанына жылға жуықтаған халық қалаулысы бүгінде «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы. Халықтың аманатын арқалаған депутатқа сан сауал жолдаудың сәті түскен еді.

Жастардың мәселесіне дер кезінде назар аудару керек

– Мағжан Абзалұлы, депутаттық мандатты еншілегеніңізге жылға жуықтады. Тәжірибесі толысқан халық қалаулысы ретінде айтыңызшы, тұрғындар көбіне қандай мәселемен келеді және олар шешім табуда ма?

Қоғамдағы әрбір мәселе депутат үшін маңызды. Мұң-мұқтажымен келген халықтың мәселесін шешіп жатсақ, үлкен мәртебе. Ойын алаңдары, жол мәселесі секілді бірнеше өтініштерді қарадым.  «Ақмешіт-2» мөлтек ауданының жастары мен балалары үшін ойын алаңы маңызды мәселеге айналған екен. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, өз қаражатыммен ойын алаңын салып бердім. Сонымен қатар қала орталығындағы А.Махамбетов тұрғындары жауын-шашын салдарынан көшеде жүру мүмкін еместігін айтып, мәселе көтерді. Көшені тұтастай асфальттамасақ та, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды, тас төселді. Биыл елде қуаңшылық орын алып, мал талғажау қылар шөп таппағанда бейжай отыра алмадым. Несібесін төрт-түліктен айырып отырған аралдық тұрғындарға көмектесуге кірістік. Қосаман ауылына 1000 пресс жоңышқа шөбін жіберіп, қолымнан келген көмекті ұсындым. Үлкеннің жолын кеспей, ардақтауды дәстүрге айналдырған халықпыз. Ардагерлер мәселесін де шет қалдырмаймын. Н.Ілиясов ауылындағы ардагерлер үшін әлеуметтік шаштараз ашылды. Мұнда ауыл ақсақалдарына ақысыз қызмет көрсетіледі.

Жастардың мәселесіне дер кезінде назар аудару керек

Бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа тарту да назарда. Байқап қарасаңыз, бүгінде ауыл жастарының бұқаралық спортқа қызығушылығы артқан. Заманауи «Street workout» жабдықтары, бүлдіршіндер үшін көп деңгейлі балалар сырғанақтары сатып алынды. Бұған қоса жастар үшін футбол және баскетбол алаңдары да салынды. Шама-шарқымыз келгенше игі істерге үлес қосып келеміз. Алдағы мақсат та осы. Ең бастысы, халықтың алғысын естіп, ықыласына бөленсек, біз үшін қуаныштысы сол.

– Жетекші партия жанындағы жастарды қолдау жөнінде аймақтық қоғамдық кеңес төрағасы екеніңізді білеміз. Бүгінде жастардың сан түрлі мәселесі бар. Соның бірі – синтетикалық есірткінің белең алуы. Болашағымызға балта шабатын кеселдің алдын алу үшін қандай жұмыс атқарылуда?

– Оныңыз рас. Бұл қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Қараша айы басталысымен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, жергілікті полиция қызметі өкілдерімен бірлесіп, оқу орындарының студенттеріне түсіндірме шараларын жүргізудеміз. Себебі профилактика, алдын алу қашанда маңызды. Сонымен қатар жастар арасында кең тараған темекі өнімдерінің ашық сатылымнан алынуы күн тәртібінде. Кәсіпкерлік нысандарды аралап, осындай өнімдерді сатумен айналысатын орындарды анықтап, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес  жұмыстар жалғасын табуда.

Жастардың мәселесіне дер кезінде назар аудару керек

– Шаһардағы қоғамдық көлік мәселесіне қатысты пікір қақ жарылған. Тақырып аясында талқы қызу. Бір мәселенің басын шалсаң, тағы бірі қылтиып шыға келеді. Студенттер мен оқушылар үшін тиімді жағдай жасау соның ішінде…

– Иә, қоғамдық көлік мәселесі өзектілігін жойған емес. Сапасын жақсартуға, қызмет көрсететін көліктердің интервалын тұрақтатуға, жүру картасын нақтылауға қатысты арнайы ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдердің қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне мүмкіндікті жан-жақты саралап, қарастырып жатырмыз.

Жастардың мәселесіне дер кезінде назар аудару керек

– Оқу жылы қарсаңында студенттерді  жатақхана мәселесі қарсы алады. Бұл орайда кей оқу орындарының жатақханасы жанға жайлы емес дегенді естиміз…

– Биыл жатақхана мәселесіне қатысты сараптама жүргіздік. Мәселен, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінде бірқатар қиындық туындаған. 600 студентті бір мезетте сыйдыратын оқу орнында 100 білім алушының ғана жатақханада жатып оқуға мүмкіндігі бар екен. Оқу орны мен жатын орын бір ғимаратта орналасқандықтан кедергі жетерлік. Мұны облыс әкімі Гүлшара Наушақызына жеткіздік. Бүгінде оны шешу мақсатында  99 млн теңгені құрайтын сметалық құжат әзірленді. «Өркениет» медицина колледжі студенттерінің 100 пайыз ақылы негізде оқитынын естіп, оқу орнының жатақхана ақысын 8000 теңгеден 6000 теңгеге түсіруге де ықпал жасадық. Қылмысты азайту мақсатында И.Әбдікәрімов атындағы агро-техникалық жоғары колледжінің жатақханасына бейнекамера көбейтуді қолға алдық. Сонымен қатар «Орда» колледжі жатақханасының материалдық техникалық базасын, соның ішінде есіктер, жұмыс үстелі, орындықтар, жұмсақ матрастарды жаңалауға ұсыныс берілді. Әлі де жатақханаларға рейд жүргіземіз. Жастар мәселесіне дер кезінде назар аударуға тиіспіз.

Жастардың мәселесіне дер кезінде назар аудару керек

– Ауылдық округтерде маман тапшы. Бірақ сол ауылға жұмыс іздеп келген маманға қандай да бір көмек берілуде ме, жеңілдік қарастырылған ба?

– Ел ертеңі – жастардың қоғамда алатын орны ерекше. Алғыр да, парасатты, білімді жастардың ауыл өміріне араласуы құптарлық іс. Оның тыныс-тіршілігіне қан жүргізетін мамандарды тарту маңызды. Бұл ретте жастарды қолдауға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауқымын кеңейтуіміз тиіс деп білемін. 2009 жылы қолға алынған бағдарламаның 10 жылдан бері берген нәтижесіне көпшіліктің көңілі көншімейді. Мамандарға мұқтаж ауылдар бар. Сондықтан бағдарламаға қатысушылардың мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұзарту жоспарда. Елді мекендерге келген мамандарға үй сатып алуға басымдық берілмек. Сонымен қатар бұрын берілген несие бойынша берешегі бар мамандарға тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға жеңілдетілген түрде несие беруге ықпал жасалады.

Маман тапшылығы сезіліп отырған ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға қолдау шараларын көрсету күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі болып қала бермек.

Жастардың мәселесіне дер кезінде назар аудару керек

– Соңғы сауал. Өткен жылы «Сыр үміті» жастар қауымдастығын құрдыңыз. Жыл көлемінде қауымдастық аймақ жастарының дамуына қандай үлес қосты?

–Нарық заманы сөздің емес, істің уақыты. Сондықтан өткен жылы жастардың көшбасшысы Талғат Тілеспен бірге жаңа идеяларды талқылап, жастардың жаңа тынысын ашуға жоспар құрдық. «Сыр үміті» жастар қауымдастығы да сол идея аясында құрылды.

Жастардың мәселесіне дер кезінде назар аудару керек

Басты мақсат – аймақ жастарына қолдау көрсету. Бір жыл ішінде мазмұнды шаралар, жастардың білімін шыңдайтын білім бәсекелерін, байқаулар ұйымдастырдық, жарқын жобаларды қолға алдық. Атап айтсақ, «Арман ағашы», «Q vine», «Сырлы қалам», «Сыр үміті Smart», «Алтын домбыра», «Жігер» секілді жобалар табысты жүзеге асты. Жастар шығармашылығын дамыту да басты назарда, жастар арасындағы танымал қозғалыстардың бірі «Жайдарман» ойындарына да тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеміз.

Жастардың мәселесіне дер кезінде назар аудару керек

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне демеушілік көрсетіп, «Алтын домбыра» айтыс орталығын аштық. Жасөспірімдер және жастар арасында облыстық шахматтан турнир ұйымдастырып, нәтижесінде 4 оқушы III разрядты спортшы атанды. Жастарды интеллектуалды бағытта дамыту мақсатында «Syr umiti Smart», «Кино Эстафета», «Bilim Quest» жобалары да ұйымдастырылды. 25 қарашада «Аqyl – battle» республикалық интеллектуалды сайыс өтеді. Біз тың идеямен келген жастарды әрқашан қолдауға дайынбыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан:

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!