Neet қатарындағы жастар саны артса, қоғамның сапасы төмендемек. Оны азайту бүгінгі күннің басты талабына айналды.
Осы орайда Қазалы аудандық ”Жастар ресурстық орталығының” кеңесшісі Азамат Алпамыспен сұқбаттасқан едік.
– Түрлі жобаларды ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде қазалылықтардың белсенділігі басым. Аудан жастарымен ашық диалог орнатудың артықшылығы неде?
– Статистикаға сәйкес, ауданда қазіргі таңда 23907 жас бар. Ол аудан халқының 29,9% құрап отыр. Жастармен түрлі бағытта түрлі тақырыпта жиі бас қосып тұрамыз. Мәселен, жыл басынан бері 96 мәдени шара (акустикалық кеш, караоке кеші, қылқалам шеберлерінің сайысы, поэзия кеші, интеллектуалды сайыс, танымдық кеш, жастар фестивалі, мобилография сайысы) ұйымдастырылса, 35 спорттық сайыс, 50 кеңес беру акциясы, жастар арасында ұсақ құқықбұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша 60-тан астам қоғамдық рейдтік шаралар өткізілді. 700 жасқа кеңес берілсе, заңгерлік тұрғыдан 50 жас көмек алды. Ресурстық орталықтың бастамасымен «Жастарға жаңа мүмкіндік» ақпараттық керуені аясында түсіндірме жұмыстары өтті. Нәтижесінде алғашқы жұмыс орны бағдарламасы бойынша – 7, жастар практикасы арқылы – 17, қоғамдық негізде -1 жас жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Жастарға арналған 2,5 проценттік несие алуға 28 жас өтініш білдірсе, оның 21-і құжаттар тізімін алған. Ал қоныс аудару бағдарламасы бойынша Жезқазған және Абай облысына көшуге 3 жас отбасы қызығушылық танытып, қажетті сұрақтарына жауап алды. Кездесу барысында мемлекеттік бағдарламалар насихатталып, мағлұмат беріледі. Жастардың сұрағы жауапсыз қалмайды. Жұмыс іздеп жүрген жастарға мамандығына сәйкес «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» бағдарламалары арқылы жұмыс ұсынылады.
Сонымен қатар аудан жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың ойлау қабілетімен қоса, еркін сөйлеу, сөз-саптау қабілетін шыңдау мақсатында жыл сайын дәстүрге айналған «Жаңа Дәуір-Жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар фестивалі өткізіледі. Өткен жылы оған барлығы 157 жас қатыстырылып, 4 бағыт бойынша бақ сынады. Ғылыми жобалар бағыты бойынша үздік деп танылған жеңімпаздарға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранты және оқу ақысына 50, 25% жеңілдікпен оқитын сертификаттары, табысталған болатын. Басқа жеңімпаздарға бағытына байланысты барлығы 300 мың теңгенің көлемінде қаржылай сыйақылар табысталды. Аталған шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында жастарды қолдау басты мақсатқа айналу керектігін айтқан еді. Міне, соның аясында жұмыс істеп жатырмыз. Жастар мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін насихат шараларын кең ұйымдастырудамыз. Осы сынды және өзге де жүзеге асырылып жатқан жобалар барын жастарға түсіндіре алсақ, олар кәсіпкерлікке бет бұрса, түрлі гранттарды қолдана алса, біздің миссиямыздың орындалғаны деп білемін. Аудан жастарымен ашық диалог орнату арқылы ел болашағы – бүгінгі буынның сұранысы қандай екенін, не қалайтынын түсінеміз, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға тырысамыз. Ал жастар арқылы ауданның болашағы жарқын болмақ.
– Аталған санат бойынша ауданның ахуалы қандай? Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынуда?
– Ауданда NEET санатында 829 жас бар. Жастардың дерекқорын анықтау мақсатында сәуір айының 7-14 күндері ауданарлық аурухананың арнайы РПН (бекітілген халықтық тізбегі) базасы, жұмыспен қамту орталығының базасы, Қазалы ауданының полиция бөліміндегі көші қонның базасы бойынша учаскелік полиция қызметкерлерінің қызметтік планшеттен жеке сәйкестендіру нөмерлері арқылы нақты байланыс құралдары мен мекен-жайлары анықталды.Осы бойынша адрестік, базалық анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бала күтімінде, үй шаруасындағы – 79, жұмыссыз ретінде тіркелген – 3, тіркелмеген жұмыссыздар – 149, жұмысқа тұрған – 81 жас анықталып отыр. Ал бейресми жалдамалы жұмысшылар – 317, студент – 26, мектепте оқып жатқаны -1, оқуды жалғастырғысы келмейтін, білімі жоқ жастар – 2, ҚР сыртында білім алатын – 1, өзге қалаға қоныс аударған – 17, 35 жасқа толған жастар – 194 жас. Қазіргі таңда 688 жас өзектендіріліп, базаға ақпараттары енгізіліп отыр. Қалған 141 жастың 57-сінің сайттан дерекқоры табылмады. Алдағы уақытта да барлық елді мекендерде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және NEET санатындағы жастарды мемлекеттік бағдарламға кеңінен тарту, ауданның шығармашыл жастарымен байланыс орнату, ауыл жастарының еркін ұсыныс-пікірін тыңдау шаралары жүзеге асатын болады.
– Аталған санатқа кімдер кіреді? Оны қандай критерий бойынша анықтайсыздар?
– NEET санатындағы жастардың санын азайту үшін бірінші кезекте олардың аражігін ажыратып, анықтап алудың маңызы зор. Әрине, бұл үшін арнайы заң керек. Осы жайтты басшылыққа алған Үкімет «Жастар туралы» заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуге әрекеттеніп жатқанын білеміз. Заңға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін «NEET санатындағы жастарға кімдерді жатқызуға болады?» деген сұраққа нақты жауап алатын боламыз. Сарапшылар NEET санатындағы жастарға негізінен, кәсіби білімі жоқ, жұмыс істегісі келмейтін жастарды жатқызатынын айтуда. Үкімет еліміздегі аталған санаттағы жастардың санын қысқартуды көздесе, бірінші кезекте жастардың кәсіби білім алуына жағдай жасауы керек. Ол үшін еліміздің әр аймағында кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарын құрып, олардың жастар арасында тартымдылығын арттыруға күш салу керек. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров заңдағы бірқатар ұғымды бекіту қажеттігіне тоқталған болатын. “Қазіргі таңда жұмыспен қамтылмаған, ешқандай жерде оқымайтын, бос уақыты көп, өзінің біліктілігін көтермейтін жастар бар. Оларға NEET санатындағы жастар ұғымы енгізіліп отыр. Қазақстандық әдіснамада топтардың әрқайсында атаулы тәсілді қамтамасыз ету үшін NEET санатына жатқызуға болатын жастар тобын нақтылау көзделген” деді ол өз сөзінде. NEET санатындағы жастардың 4 бағыты бар. Біріншісі, жұмыссыз жастар. Екіншісі, қызметке қабілетті, алайда мүмкіндігі шектеулі жастар. Үшіншіден, белсенді емес жастар. Төртіншіден, үй шаруасымен айналысатын жастар.
– Жұмысыңызға сәттілік!
Әңгімелескен
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!