Мен өмірімде алғаш рет сотталушылармен бетпе-бет кездестім. Олардың көзқарасынан өмірге деген ұмтылысты аңғару қиын емес екен. “Қылмыскер” деген сөздің өзі олардың жанын жегідей жейді ғой. Ал мекеме қызметкерлерінің “абайлаңыз, жақындамаңыз” деген сөздері олардың қабағына кірбін түсіреді. Жанарларынан мұңды, ата-анасына, отбасына деген сағынышты көру мүлде қиындық тудырмайды. Хош делік, түрмеге не үшін барды деген ойда шығарсыз. Тарқатып айтайық, Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЗК-169/5 мекемесіндегі жазасын өтеушілер бүгінде жұмыспен қамтылған. Олардың қолынан шыққан өнім үлкен сұранысқа ие. Ою-өрнекпен тіккен көрпешелердің өзі үлкен еңбекті қажет етеді. Ал ағаштан жасалған кеме, нарды және шахмат өрнектелініп, сапалы жасалғаны көрініп тұр.
Ақтөбелік Мырза есімді жігіт – жазасын өтеп жүргендердің бірі. Бүігінде ол қыш жасайтын цехта жұмыс істейді.
Мырза Мәженов, жазасын өтеуші:
– 13 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Бүгінде жазамды өтеп жатқаныма 9 жыл. Алла амандығын берсе, 3 жылдан кейін ата-анаммен қауышамын. Өндіріс аймағында жұмыс жасағаныма екі жарым жыл болды. Айлығымды ай сайын алып отырмын. Жартысын ата-анама салып жіберемін.
Бұл цех 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде 11 адамды жұмыспен қамтуда. Айтуларынша, жалақы уақытылы беріледі. Тапсырыс әр қаладан, жарнама арқылы жүргізіледі.
Қолөнерге бейімделген сотталушыларда бар. Олар уақыттың көп бөлігін тігін шеберханасында өткізеді.
Бибайша Юсупова, кәсіпкер:
– Кәсібімді 2016 жылдан бастадым. ЗК-169/5 мекемесіне сәуір айында келдім. Бүгінде үш сотталушы жұмыс істеп жатыр. Бұл жаққа келгендегі мақсатым – өмірде аяғын шалыс басқан адамға қолғабыс ету, оларды өмірге бейімдеуге көмегімді тигізу, жақсы нәрсеге, алға ұмтылуға мотивация беру. Уақытылы тапсырысты орындап отыр. Үш жігіт те жұмысты жақсы істейді. Бар ынтасымен беріліп, тиянақтылық танытады. Қызылорда, Ақтау, Атырау қалаларынан тапсырыс көп түсуде.
Сотталушылар жыл сайын диплом алып, алған дипломына байланысты жеке кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатыр. Бүгінде 13 кәсіпкермен түзеу мекемесінде келісім-шарт, сотталғандарды жұмыспен қамтып отырмыз. Газоблок, ағаш өндеу, темірмен дәнекерлеу цехтарында, пластик терезе, тігін тігу жұмыстарын жасауда. Келісім-шартта көрсетілген жалақысын алады. Ең төменгі жалақы 42500 теңге.
Бұдан кейін ағаш өнімдерін жасайтын цехтың жұмысымен таныстық. Жазасын өтеушілер көптеген бұйымдарды жасап үлгерген. Айтуларынша, бұл жақта да тапсырыс көп. Тіпті нардының ішіне тапсырыс берушінің сұранысына қарай суреттер салынады. Сапалы өнімнің сұранысы жоғары екенін сол сәтте-ақ ұқтық.
Хәкімбай Базарбаев, жазасын өтеуші:
– Бұл кеме кішкентай, арасында үлкендері болады: 1 метр 80 сантиметр. Қандай тапсырыс болады, соған сай өндірісте жасаймыз. Нарды да сондай. Ішіне сурет салып болмаса шахматты қылып жасап береміз.
Мекемеге оқу орындарының арнайы мамандары келіп, мамандықтар бойынша теория және практика жүзінде оқытады. Олар бір жылдың ішінде мамандықты игеріп шығады. Әр оқу орнында 25 адамнан, қазіргі таңда 70-75 сотталушы білім алуда. Биыл екі мамандық бойынша 50 сотталушы білім алады деп күтілуде.
Шаймерден Есенкелдиев, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы:
– Сотталған азаматтардың 70 пайызы жұмыспен қамтылған. ЗК-169/5 мекемесінде жаза мерзімін өтеушілер жылда кәсіптік колледждердің димпомын алуда. Қазіргі таңда үш мамандық бойынша оқып жатыр. Сотты болғандар 1 жыл оқып, тігінші, дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, автокөлік жөндеуші сияқты өзі қалаған мамандықты меңгеріп шығады. Аталмыш мекемеде 400 азамат жұмыспен қамтылған. Жазасын өтеушілер бостандыққа шыққан соң қылмыс жасамау, қоғамнан орнын табу үшін біраз шара атқарылуда. Негізгі міндетіміз – сотталған азаматтардың келешекте қоғамға қайта оралуы. Қолынан келетін іс бойынша отбасын асырап, ата-анасына, елге пайдасын тигізеді деген ойдамыз.
Айта кетейік, Қызылордада жазасын өтеушілердің 70 пайызы жұмыспен қамтылған. Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәлімдеуінше 37 кәсіпкер абақтыдан өз цехын ашып, сотталушыларды еңбекке тартуда.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!