Қазіргі қазақ айтыс өнерінің жас әрі талантты ақындарының бірі, Сыр өңірінің тумасы – Жібек Шахмарданқызы. Ол – бабадан мирас болған асыл өнерді ұстанып, жолын жалғаған жалынды жастардың бірі. Сөз саптауы мен тапқырлығы және ұлттық рухты дәріптеуі арқылы жоғары бағаланып жүрген Жібектің айтыстары қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін қозғай отырып, көркем оймен көмкерілген. Қыз бен жігіт айтысы арқылы кеңінен танылып, белгілі айтыскерлермен сөз сайысына түскен жас ақынмен сұхбат құрудың сәті түсткен болатын…
– Сыр елінің сырлы өнерін ұстанған бір қызысыз. Өзіңіз туралы қысқаша айтып берсеңіз. Қай салада білім алдыңыз? Айтыскер ақын болуды бала күннен армандадыңыз ба?
– 1998 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Келінтөбе ауылында дүниеге келдім. Сыр елі баршаға мәлім, ақындардың, жыраулардың елі. Туған топырағымыз киелі болғандықтан, бізге де осы топырақтан дарыған болар. Жаңақорғанды айтсақ, Манап Көкенов, Әбілқайыр Сыздықов ағаларымыз шыққан. Ал Келінтөбе дегенде, бұл ауылда кіндігі кесілмесе де, осында ес біліп, ержеткен, қалың қазаққа аты мәлім Есенғали Раушанов ойға оралады. «Келінтөбе» деп талай өлеңіне қосқанын поэзия сүйер жұрт тегіс біледі.
Бала күнгі арманым жайлы сұрадыңыз… Өзім өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкемнің кенже інісі, ағам Сәкен Қалдыбаев айтыс сүйер қауымға жақсы таныс. Сондай-ақ өзім оқыған Қыздар педагогикалық университетінде анам да білім алған. Ғажап дауысы бар, әнші болам деген алып арманы болған. Кейін әкеммен шаңырақ көтеріп, барлық арманын ері мен ата-енесінің жолына қиған жан. Дегенмен анам менің өнер жолын жалғастырғанымды шын жүрегімен қалаған адам. Әлі күнге дейін «Шығармашылығыңда не жаңалық бар?» деп сұрап отырады.
Бала күнімде ешқандай үйретусіз-ақ домбыра шерте білген екем. Осы қабілетімді байқаған анам мені домбыра үйірмесіне берді. Музыкада «слух» деген термин бар. Міне осы «слух» менде ерте жастан дамыды. Үйірмеге қабылданарда ешкім үйретпесе де бірнеше әнді «слухпен» орындап беріп, Кенжегүл есімді ұстазымыздың домбыра сыныбына қабылдандым. Мектеп қабырғасында жүргенде биге де үйір едім, спортқа да жақын болдым. Бала болған соң барлығын білгің келіп тұрады, сан түрлі бағытта өзіңді сынап көргің келеді. Бірақ сол жылдары ақындық жайлы түсінбедім, бойымда бар қасиетті аса бір қолға алмадым. Тіпті күйші болсам деп армандағанмын. Тілеуімді тілеп, осы өнер жолына келуімді қатты қалаған марқұм атам мен әжем еді. Үлкен әулет болған соң үйге келім-кетім қонақтар көп болатын. Бір күні атам «қызым, шаңырақтағы әрбірімізге арнап бір-бір шумақтан өлең дайындап қойсаңшы» деді. Содан бастап үйге келген қонаққа, туыс-туғанның шаңырағындағы қызықшылықта өз арнауымды айтып беретінмін. Сыныпта шығарма жазуға тапсырма берілсе, бірінші бетіне шығарма, екінші бетіне міндетті түрде өлеңмен түйіндеп, үздік баға алушы едім. Айтысқа қатыспасам да әлеуметтік желіде ақын достарым көп болатын.
Ал білім алған салама келер болсақ, туған ауылымдағы мектепте 11-сыныпты тәмамдаған соң Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық университетіне, «Дәстүрлі ән» факультетіне оқуға түстім. Бір жыл Батыс мектебінде дәріс алдым. Біршама конкурстарға да қатыстым. Дегенмен қанша жерден әнге, өнерге ғашық болсам да, менің жолым бұл емес екенін түсіндім. Өнер жолы қыз баласына жеңіл емес. Таңдауымды жасап, бірінші курсты аяқтаған соң «филология» факультетіне ауыстым. Бірақ оған дейін де, ауысқаннан кейін де дәстүрлі ән мен айтысты қатар алып жүрдім. Осылай төрт жыл демде сырғып, «филолог» мамандығын алып шықтым. Бұл таңдауым үшін ешқашан өкінген емеспін. Алматы қаласында мұғалім болып та жұмыс істедім.
– Айтысқа қалай келдіңіз? Бұл жолды таңдауға кім немесе не түрткі болды?
– Бала күннен Сәкен ағамның айтысын асқан қызығушылықпен тамашалайтынмын. Ағамның өзіне де айтысқа қатысқым келетіні жайлы сөз қозғағанымда, ол маған «Өзіңнің жүрек қалауыңды тыңда. Табиғатыңды жоғалтпа. Ешкімге еліктеме. Жеке көзқарасыңды, айтқың келген ойыңды өлеңмен жеткізсең ғана шын ақын бола аласың» деп ақыл-кеңесін айтқаны есімде. Айтыстың техникасын үйретіп, бағыт-бағдарын түсіндіретін ұстазым болмады. Сәкендей айтыскер ағам болса да, ол кісіге дайындығымды тексертіп, ұйқас сұрауға ұялатынмын. Қазіргі уақытта ұстаз бен шәкірт арасында тығыз байланыс бар ғой. Өмірде мінезім ашық адам болсам да, өнерге келгенде осындай ұяңдығым, ұялшақтығым бар. Бәлкім бұл менің өнерге һәм өзіме деген адалдығым шығар деп білемін.
Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде Сәкен ағам мені белгілі ақын Серік Қалиевпен таныстырды. Пейілі баладай, ақеділ адам. Сол кісіні ұстазым деп санадым. Маған жөн сілтеп, жол көрсетіп, үнемі дүбірлі додалардан қалдырмай, аламан айтыстарға қосып отыратын. Қашан көрсек те ақжарма тілегін айтып, арқамыздан қақты. Осы жақсылығын ешқашан ұмытқан емеспін.

– Алғашқы айтысыңыз есіңізде бар ма, қайда және кіммен өтті?
– Қызылорданың аяулы ақын қызы Мөлдір Айтбай әпкемізбен әлеуметтік желіде танысып, біліскен шағымыз еді. Бір күні ол менен «Жібек, домбыра тарта алсың ба?» деп сұрады. «Бойыңда айтыскерлік қыр бар екен. Өлеңдерінің техникалық құрылымында айтыскерлік қасиет байқалады. Домбыра тарта алатын болсаң әрі қарай алып кетерсің бәлкім. Қызылорда қаласына кел» деп қолдауын білдірді. Осы сөздер қанат бітіріп, айтысқа қатысуға деген талпынысымды оятты. Байқауға қатысуға анам келісімін бергенмен, әкемнің рұқсатын алу біршама қиынға соқты. Қанша еркелетіп өсіргенімен, марқұм әкем болашағыма қатты алаңдайтын. Алғашқы байқауға қатысарда әулетіміз түгелдей әкемді көндіру үшін қолдан келгенін жасады. Атам мен әжемнің «болатын баланың бетінен қақпа, белін бу» деген бір ауыз сөзінен соң әкем батасын беріп, шығарып салды. Осы алғаш қатысқан байқауым Қызылорда қаласында өтті. Серікхан Жүзеев есімді ақынмен қарсылас болдым. Қалжыңмен қағытып отырып, әлдебір сөзіне намыстанып,
«Сен маған олай деме, Серікханым,
Мағынасын сөзімнің дөп ұқпадың.
Аппақ қызды қара деп мазақ еткен,
Сені көрсем ойнайды нервтарым» – деп жауап бергенім есімде. Келесі кезеңге мүдірмей өттім. Кейін Нартай Бекежанов атындағы театрда үлкен айтыста тұсауым кесілді. Ол жерде өзім құралпы жастар арасында, құрдасымыз Төрехан Совет есімді айтыскер ақынмен сайысқа түстім. Жоғары деңгейде өнер көрсеттік. Арнайы жүлде алғаныммен бірқатар елге белгілі ақындардың жылы лебізін естіп, бас жүлде иеленгендей керемет көңіл-күймен елге оралған болатынмын. Содан бері бақандай 11 жыл өткен екен.
Мені қандай байқау болса да, барлығына анам алып жүретін. Осы айтыстан кейін жастар арасындағы аймақтық, Республикалық деңгейдегі айтыстарға шақырту ала бастадым. Әуелде қарсы болған әкем Алматыдағы айтысқа өзі алып барған күндер болды.
– Білуімізше арқа сүйер азаматыңыз да айтыскер ақын. Қостанай өңірінің тумасы Тоба Өтепбаймен жолыңыз қалай тоғысты? Бір шаңырақтың астында қос ақынның ғұмыр кешуіне көпшілік қызыға қарайтын болар. Бір-біріңізге қаншалықты қолдау көрсетесіздер?
– Иә, бүгінде Оңтүстік пен Солтүстіктің арасын жалғап отырған ақын қызбын. Жалпы ақындар бір-бірін көрмесе де, әлеуметтік желі арқылы өнеріне қанық болып, сырттай жақсы таниды.
Әулетімізде қайғылы жағдайлар бірінен соң бірі орын алып, біршама уақыт айтыстан қол үзіп қалдым. Дәлірек айтсам, әуелі атам дүние салды. Одан кейін ізін суытпай өзімнің асқар тауым әкем дүниеден өтті. Әбден есеңгіреп, меңіреу күй кешіп жүрдім. Араға уақыт салып, енді есімді жиып, өзіме келе бастағанда жоғарыда тілге тиек еткен Сәкен ағам да кенеттен жол апатына ұшырап, бұ дүниеден аттанып кете барды. Сағым сынып, тауым шағылған ең ауыр кезең осы жылдар еді. Ағамның қырық күндік асынан кейін Алматыға қайта оралып, мектепке жұмысқа орналастым. Осы сәтте Алматыда тағы бір ауқымды Республикалық айтысқа қатысуға шақырту алған едім. Бастапқыда келісім бергеніммен, қайғылы жайттан есімді жия алмай, дел-сал күйде жүргенде ішкі дайындығым жоқ екенін түсіндім де қатысудан бас тарттым. «Тым болмаса көруге келсеңші» деген құрбыларымның өтінішін жерге тастай алмадым. Қазақта «Көңіл көрген жерде» деген сөз бар ғой. Айтысқа барғанымда сондағы ақындар көрісіп, көңіл айтып жатты. Қатысушылар арасында Тоба Өтепбай да бар еді. Осы алғашқы кездейсоқ кезігуден кейін әлеуметтік желіде маған достық жіберіп, таныстығымыз сонда жалғасты. Алыста болса да сырласып, жаным жабырқау сәттерде ол маған үлкен демеу бола білді. Бір-бірімізді жақын танып, қарым-қатынасымыз сезімге ұласқанда ол Астанадан Алматыға келіп сөз байласып, уәдемді алған болатын. Бірақ көп ұзамай жол апатына ұшырадым. Өмірімде күтпеген жағдайлар орын алды. Жарты жыл ем қабылдаған соң ғана аяқтан тұрып, күзге салым той күнін белгіледік. Құлағыма сырға салып, Сыр елінен Қостанайға ұзатылдым. Қызығы біздің арамыздағы әңгіме өзгелер секілді сезім мен махаббат тақырыбында емес, философиядан, Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін талдаудан тұратын. Сол жылдардағы әңгімемізді әлі күнге дейін еске алып, бір күліп алатын сәттер болады.
Бір-біріміздің өнерімізге қашан да қолдауымызды аямаймыз. Қолымыздан келгенше қамқорлық танытамыз. Шаңырақ көтерген алғашқы жылдары бірден айтысқа шығып кеткенім дұрыс болмас деп, әйелдік міндетімді бірінші орынға қойдым. Ерім қандай сапарға шықса да оған тілеулес болып, күліп шығарып салып, күліп қарсы алуды жөн санадым. Кейін біртіндеп аймақтық айтыстарға бірге қатыса бастадық. Отбасылық айтыстарға шықтық. Өмірге перзент алып келген соң араға біршама жыл салып, үлкен үзілістен кейін қайтадан айтысқа оралу оңай емес. Күйеуім түсіністік танытып, қолдауын үнемі білдіріп отырады. Сол үшін мен де оған ризашылығымды білдіремін. Қандай қызық, қуаныш болсын, жалғыз бармауға тырысамыз. Жұбымыз жазылмай бірге жүреміз. Соның өзі бір-бірімізге көрсеткен құрметіміз деп білемін. Төркін жұртым қалай қолдау білдірсе, ерімнің әулеті де дәл солай қолдан келген қолдауын аямады.
– Қарсыластың сөзіне іштей ренжіген сәттер болды ма? Айтыстағы ерекше қарсыластарыңыз жайлы немесе есте қалған жағдаймен бөліссеңіз.
– Әрине, қатты айтып көңілге тиетін қарсыластар болады. Ізденген ақпараттары, жалған мәліметтері, білмей жатып сөйлеп қоятын сәттері болады. Оған сол сәтте сөз тауып, барынша жауап беруге тырысамыз. Бірақ оған аса қатты «көңіліме тиді, өкпелеп қалдым» деген тұстарым жоқ.
Ал есте қалған қарсыласқа келер болсақ, айтыскер ақын Дәурен Ысқақпен өткен айтыстарымыз сәтті шығады. Екеуміз оқушы кезімізде де, студенттік шағымызда да айтысқанбыз. Жақын дос, замандастарымның бірі. Одан кейін қазір YouTube желісінде бар, оралдық ақын Орынбек Меңдіқұлмен айтысым сәтті шыққан деп санаймын. Себебі көзі қарақты көрермен әлі күнге дейін аузынан тастамайды.

– Айтыс – өнер ғана емес, азаматтық позиция білдіру құралы деп санайсыз ба?
– Иә, өзінің көрген-білгенін, қоғамда болып жатқан жағдайды айтуға әр ақын құқылы. Дегенмен қазақта «жақсы сөз – жарым ырыс» деген бар. Жаман нәрсені ғана емес, жақсы жағын да көріп, жақсылыққа шақырып жүргені дұрыс деп санаймын. Әрине, қоғамдағы жағдайларды айту борышым деп санайтын ақындар да бар. Соның бірі өзімнің жан жарым Тоба. Әрбір айтысында бос сөйлемеуге тырысады. Қоғамдағы қордаланған мәселелерді, халықтың көкейінде жүрген дүниелерді айту үшін тынымсыз ізденеді. Бұл әрине менің жарым ғана дегенді білдірмейді. Айтпағым, нағыз ақын осындай болуы керек секілді менің ойымша.
– Өзіңізге үлгі тұтатын ақындар кімдер?
– Әрбір ақынның бойында үлгі боларлық бір жақсы қасиет табылады. Мен көзімді ашқалы Сәкен ағамның айтысын тамашаладым. Ал, қыздар қауымынан Қарлығаш Әубәкірованы айтар едім. Дауысының сыңғыры, өзін ұстау мәдениеті, нәзіктігіне қарап, өзім сол кісідей болғым келетін. Әрине ол кісіге еліктеген жоқпын. Бірақ оның өмір жолы, отбасына, еріне деген адалдығы, ғылым саласына да үлесін қосқан ардақты жар, аяулы ана болған соң осы кісіні үлгі тұтамын. Одан кейін өзіммен аттас Жібек Болтанова апайымызды айтқым келеді. Ол кісінің айтыс мақамын алып шыққаныма 7-8 жыл болыпты. Батыс Қазақстанға жол түсіп, кезекті байқауда бақ сынағанымызда «өзімді көргендей болдым» деп жүлдемнің үстіне жүлде қосып, сахналық киім тіктіріп берген болатын. Әлі күнге дейін ара-тұра сахнаға жарқыратып киіп те жүрмін.
– Сонымен қатар ән жазумен және әнге сөз жазумен де шұғылданасыз. Әншілердің орындауындағы авторлық туындыларыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Айтысты қалай жақсы көрсем, әнді де солай жақсы көремін. Алматыда жүргенде әрі әнші, композитор, әрі театр әртісі Ақбота Рахатпен танысып, ең алғаш «Өмірім – өнерім» атты ән жазған болатынбыз. Одан кейін Абу Кай есімімен танылған жас әншіге «Жаңалығымсың» деп аталатын ән жазып бердім. Иса Әлимұсаның үш әніне мәтін жаздым. Сонан соң Альбина Шардарованың «Солай ма?» атты әніне сөз жаздым. Осы нұсқасына бейнеклип түсірген болатын. Алмасхан Насыровтың да әніне сөз жаздым.
Жуырда шығармашылығымды қайта қолға алдым. Бұйырса әнші Жігер Ауыпбаевтың орындауында бірнеше авторлық туындымыз жарыққа шыққалы отыр. Тағы да басқа әншілермен жұмыс істеп жатырмыз. Әлі жарыққа шықпаған біршама дүниелер бар. Сәтін салса елмен бөлісеміз деп сенемін.
– Әйел айтыскер ретінде көбіне қандай қиындықтарға тап боласыз?
– Әуелі әйел, сосын ана атанған ғұмырым енді басталып жатқан соң аса бір қиындық көрмедім, шүкір. Сәбилі болғанда енем мен анам барынша көмектесіп, шақалаққа жасалатын күтімді үйретті. Жұдырықтай сәбидің бабын табу оңай шаруа емес. Қазір отбасымызбен Астана қаласында тұрамыз. Қиындықтардың бәрі артта қалды, Аллаға шүкір. Қандай да бір айтысқа қатысатын болсам қызыма туыс-туғандарым қарасып, көмегін аянып қалмайды.
Кейде «бойдақ күнімде неге көп ізденбедім, неге көп кітап оқымадым екен» деген ойлар болады. Себебі отбасында баланың бабы бөлек, еріңнің бабы бөлек. Әйелдің тіршілігі көзге көрінбегенімен қайталана беретін іс энергияңды алатыны жасырын емес. Осындай сәттерде ара-тұра әлгі ойлардың мазалайтыны бар. Сөйтсем мұным тұрмыс құрған ақын қыздардың көбінің көкейінде жүретін ой екен.
Бүгінде Аманжол Әлтаев ағамыз жас буынға, оның ішінде қыздар қауымын да назардан тыс қалдырмай, айтыстарға қосып жүр. Қатарында өзім де бармын. Көрсетіп жатқан қолдауы үшін алғысымды білдіргім келеді.
– Айтысқа қызығатын және осы өнерге енді қадам басқан жас буынға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Ең әуелі тәуекелшіл болу керек. Осы өнерді сүйіп келуі тиіс. Айтыс – синкреттік өнер. Оның берер құндылығы ешқашан таусылмайды. Әлі күнге дейін әр айтыс сайын шыңдалып, сабақ алып қайтамыз. Қазір ақындар бір-бірін жиі қайталайды. Қазақта не көп, терме көп, дәстүрлі ән көп, мақам көп. Ендігі жас буын ешкімді қайталамай, талмай ізденіп, жүрегіне қонып тұрған, өз табиғатын аша алатын түрлі мақамдарды айтысқа алып келсе екен. Қалың қазақ әрбір айтыскерді мақамынан танып, ажырата алатын деңгейге жетсе қандай ғажап.
– Сәтті сұхбат болғанына сенімдімін. Уақыт бөлгеніңізге алғыс білдіремін!
Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!